Алтынбек Қоразбаев Арыстық ағайынға АҚ БАТАСЫН берді

0
2 588

Өнер жұлдыздары шошынған Арыстық тұрғындарды сабырға шақырды.


Алтынбек Қоразбаев Арыстық ағайынға АҚ БАТАСЫН берді

Бейбіт күнде басына күн туған арыстық ағайынға Алтынбек Қоразбаев бастаған бір топ өнер жұлдыздары да өз қолдауын білдірді. Материалдық көмектен бөлек, жүректері шайылған халыққа рухани демеу болып, жоқ-жітігін көзбен көруді мақсат еткен. Жағдайды билікке жеткіземіз деген Алтынбек Қоразбаев, елді сабырға шақырып, ақ батасын берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жолға шыққан өнер жұлдыздарының керуені, алдымен мешітке бас сұқты. Ары қарай арыстық халық уақытша тұрақтаған ОҚМУ-дың №3 жаттақханасына, сондай-ақ №87 мектепке кіріп, елді өз көздерімен көріп кетті. Арыстықтармен біргеміз деп ұрандатқан сахна жұлдыздарының ішінде Алтынбек Қоразбаев, Майра Мұхамедқызы, Мөлдір Әуелбекова, Нұрлан Албан, Сәкен Майғазиев, Бағлан Әбдірайымов және тағы да басқа әншілер бар.

"Қазақ халқы бүгінге шейін не көрмедік. Енді міне, соңғы елу жыл жаман емес. Соғыстан кейін жағдайымыз жақсарды. Елдің барлығының өзінің тірлігі бар. Істеп жатқан жүмыстар бар. Енді жаманшылыққа жорымаңыздар. Президентіміз уәде бергеннен кейін орындалатына бір кәміл сенеміз. Ақсақал басымызбен алдарыңызға басымызды иіп тұрмыз. Аман есен болыңыздар. Сіздермен әлі талай жолығамыз, талай концерт көресіздер", - деп халықты сабырға шақырып, қол жайып бата берді.

"Қырдан бер Құдай, ойдан бер,

Қора толған қойдан бер.

Өріс толған жылқы қыл,

Әзіл-сауық, күлкі қыл.

Қора толған сиыр қыл,

Жақсылыққа үйір қыл.

Көштің басын түйе қыл

Ен дәулетке ие қыл.

Ошақтың басын бүкіл осы қаракөз қыздар мен ұлдарын ұл қыл, солардың дүниесін бүкіл қазаққа пұл қыл! Аумин!",- деп бата берді.

Айта кетейік, басу айтуға келген өнер жұлдыздарының керуені мұнымен аяқталмақ емес. Арыстық тұрғындар қорқынышын басып, үрейлерін жеңгенше қасында боламыз деп сендірді. Керуеннің көшін сахнада ән салып жүрген өзге де өнер жұлдыздары жалғастырады.