Аман Тасыған: "Мен "Жұлдыз FM" деген радионы мойындамаймын!"

0
6 054

Танымал тележүргізуші бұл ойын аталмыш радио ұжымына да ашық айтқан.


Аман Тасыған:

"Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ" екенін айтқан, танымал журналист Аман Тасыған өзінің "Жұлдыз ФМ" радиосын мүлде мойындамайтынын ашық айтты. "Өйткені, ол радиода құнды хабарлар жоқ" деген Аман Тасыған бұл ойын әріптестерінің беттеріне де айтқан көрінеді. Бұл туралы өзінің жеке парақшасында жариялады.

Аман Тасыған: "Мен "Жұлдыз ФМ" деген радионы мойындамаймын.Себебі, саяси сараптама, рухани-танымдық,әлеуметтік, қоғамдық, алтын қордан алынатын тарихи, жұртқа азық, ұлтқа қазық болатын құнды хабарлар жоқ.Сонымен қатар қоғам қайраткерінің,жақсы жазушының,мықты ұстаздың,адал дәрігердің,есті экономисттің,сауатты қаржыгердің,тынымсыз тарихшының,әлді әлеуметтанушының, өрелі өнертапқыштың еңбектерінің осы радиодан насихатталғанын естімеген екенмін.Біздің қоғам тек әншілер мен әзілкештерден тұрмайтынын ескеру керек.ҰСЫНЫС:Сауатты әрі салмақтты хабарлар жасаңыздар.Әуезді әндерді сәл талғаммен ұсынсаңыздар.Өлуге айналған радио жанрларды жаңаша формада жандандырсаңыздар.Тыңдарман құлағының құнын құлдыратпасаңыздар. Бірақ, Жасұлан Қали деген жігітті жақсы адам және мықты маман ретінде жақсы көремін әрі құрметтеймін.Бұл сырттан айтылған сөз емес, Жасұлан Фмнің беттіне айттым.Бірнеше азаматтар куә. Айтпақшы,аздап көреалмаушылығым да бар, өйткені мен қазақпын! Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ".


Ал журналистің бұл ойын құптайтындар көп болып шықты. Оған дәлел желідегі "Аман Тасыған, сөзіңіздің жаны бар! Күнделікті қайталанып тұрған дуние, өзгеріс жоқтың қасы, сол бір әншілер айналып келе береді, қайталап келе беруден жалықпайды өздері. Жүргізушілер келген қонаққа дұрыс сұрақ қоя алмайды, өз сұрақтарын, өз ойларын толық жеткізе алмайды. Кәсібилік жетіспейді, тыңдармандардың сұрақтарын оқып, уақыт өткізеді" деген ауандағы пікірлер. Бірақ арасында әрине, аталмыш радионы сүйіп тыңдайтындар мен қолдайтындар да өз пікірлерін ортаға салуда.

ERNUR.KZ