«Арзанға қол жеткізу үшін қымбат жанын құрбан еткен қазағым-ай!» : Аза тұту күнінде өнер адамдары көңіл айтты

0
986

«Қазағымның аңқаулығын «қой терісін жамылған надандар» пайдаланып кетті ау…»


«Арзанға қол жеткізу үшін қымбат жанын құрбан еткен қазағым-ай!» : Аза тұту күнінде өнер адамдары көңіл айтты

Еліміздің Жаңаөзен қаласында басталған бейбіт митингтің соңы өзге өңірлердегі жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Тәртіпсіздік басталған алғашқы күні-ақ бір топ өнер адамдары Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының алдына жиналып, өнер адамдары да халықпен бірге екенін жеткізген болатын. «Елдегі қымбатшылыққа байланысты Үкімет нақты шаралар қабылдап, халықтың пайдасына шешіп беруі тиіс!» деген ұран көтерген-ді. Бұл бастаманы шоу-бизнестің өзге өкілдері де қолдап, өз парақшаларында бөлісті.

Бүгін – Қазақстан Республикасында аза тұту күні. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Майра Ілиясова қазақ елі үшін қаралы күнде жүрегі қан жылап тұрғанын жеткізді.

«Қазақ елінің қазақ халқының тыныштығын сақтағысы келіп, бейбіт ниетпен қолдарында қарулары да жоқ, бейбітшілік ниетпен азаматтық борыштарын атқарған қайран боздақтарым-ай, қайран бауырларым-ай!
Жүрегім қан жылап тұр!
Қазақ еліне қайғырып көңіл айтамын!
Президентіміз Тоқаев Қасымжомарт Кемелұлына алғысымыз зор!
Қазақ халқы әрқашан да осы бір тура жолда біргеміз!
Керей, Жәнібек хандарымыз бастаған, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай, Райымбек батырларымыздың жанымен, қанымен аман қалған ұлан байтақ жерімізге ие болып, бір жағадан бас шығарып, бер жеңнен қол шығарып тас түйін отыруымыз керек!», - деді Майра ханым.

Белгілі әнші Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков те зұлымдардың қолынан қаза болған бауыр қарындастарымыздың ата-анасына, бауырларына көңіл айтты.

– Алла ол кісілерді өз панасына алсын. Ал мен сондай кереметтей бір саясаткер емеспін, бірақ мені таңқалдыратын бір жәйт бар. Сонда біздің елімізге 2 мың жауыз автоматпен кіріп келіп, көшеде жүрген жәй халықты атып, тракторды тартып алып, банктарды қиратқанда, сол 2 мың жауызға қарсы тұратын әскер және техника болмағаны ма? Сонда біз кімге сеніп өмір сүріп жүрміз? Жооқ, мұның арғы жағында тазалық жоқ. Ал енді қалғанын Аллаға және президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырдық және осы кісі аяғына дейін ақ-қарасына жететін шығар деген сенімдемін, - деді.


Танымал әнші Жігер Аупбаев та аза тұту күні азалы ойын төмендегі жолдармен жеткізді.

«Алматының аспаны бұлттан арылмағанына аптадан асты.
Бейбіт шерудің арты аза тұту күнімен аяқталады деп кім ойлаған…?!
Елімнің ертеңі үшін ентелеген қазағымның аңқаулығын “қой терісін жамылған надандар” пайдаланып кетті ау…
Сол бір аты өшкір “содырлар” болмағанда бәлкім бұлай болмас еді…

Қаншама жан бар жазықсыз өлген,
Қаншама мал бар қазықсыз өрген.
Бәйтеректерді балта құлатып
Арам шөптер бар қауіпсіз өнген…

Сол арамызда өскен арам шөптердің арам пиғылы ниеті түзу бәйтеректерімді балталап кетті ау…Қайтейін….

Арзанға қол жеткізу үшін қымбат жанын құрбан еткен қайран Қазағым ай…

Қайғыдан қара жамылып, қан жұтқан қазақ даласына қайғыра көңіл айтамын…
Алла елімді сырттан келетін жаудан,іштен шығатын жаудан сақтасын…»
- деп көңіл түкпіріндегі құлазыған сөз тіркестерін тізді.


Осындай қиын-қыстау кезеңде «Жігіттер» тобы мен продюсері Ерғали Әбдірайымов бірлігімізді көрсетіп, елдің тыныштығын қорғап жүрген, біреуге аға, біреуге іні бауырларымызға ыстық ас таратқанын жазды.


Әнші Беркут те Алматыдағы қанды оқиға салдарын күлі көкке ұшқан жерлерге барып, халқына көңіл айтты. Жан қиналысын жеткізді.