Асаба: Айыппұл төлеп, той жасай беріңіздер

0
1 034

"Тоқтатса базардағы, автобустағы адамдарды тоқтатсын"


Асаба: Айыппұл төлеп, той жасай беріңіздер

ERNUR.KZ. Мейрамханаларды жауып, той-жиынға тыйым салу тойшыл қауымға тұсау болмай тұр. Қызылордаға жақын маңдағы Қызылжарма елді мекенінің тұрғыны дүбірлеген той өткзген. Қуанышы қойнына сыймаған той иесі ел-жұртын жинаған. Асаба мен әншілерді де ат терлетіп Алматыдан алдырған. Арасында әзіл-ысқақ саңлақтары да, эстрада жұлдыздары да бар. Бұл туралы Астана телеарнасындағы Astana Times бағдарламасында айтылды.


Тойдан шыққан әуен бүкіл Қызылжармаға естілген. Жергілікті атқамінерлер де білген. Тойдың басынан келіп хаттама толтырып кеткен. Хаттама толтырып, айыппұл төлегендердің қатарында Қорқыт құрамасының ойыншысы Асылхан Дүкенбаевтың да жүргенін байқауға болады. Ол тойға асаба ретінде шықырылған секілді.


"Бұл әлемде болып жатқан індет, бірақ қазақты тойынан тоқтатпасын. Тоқтатса базардағы адамдарды тоқтатсын, автобустағы адамдарды тоқтатсын. Бірінші солардан карантин режимін сақтап алсын. Сосын тойға келсін. Штраф төлеп, той жасай беріңіздер", - дейді Қорқыт құрамасының ойыншысы Асылхан Дүкенбаев.


Көңілді кештен кейін той иесі алматылық жұлдыздарды шығарып салған. Сонымен бірге, әлеуметтік желіге видео жүктеп, достарына сәлем де жолдаған.

Бұл Қызылорда өңірінде дүркіретіп той жасаған бірінші адам емес. Карантин басталғалы бері аймақта ереже сақтамағандарға 160 хаттама толтырыпты. Ел айыппұлдан жасқанып отырған жоқ.


Оқырмандар асабаның "Тойды тоқтатпаңдар " деген сөзін құптамайды. Олар әлеуметтік желіде адамдардың бәрі заңға бығынып, тойды тоқтату керектігін жазуда.


"Тәртіпке бағыну керек", "Базарды тоқтатқаны несі, халық базармен күн көріп жатыр ғой. Қаншама жесір әйел саудамен күн көріп, бала-шағасын асырап жүр", "Бұларға той болса болды, өтірік күліп, сайқымазақ болып ақша табады", "Той болсын деп әдейі айтады, себебі өзінің қалтасына түсетін ақшаны ойлайды", "Базарда адамдар еріккеннен жүр деп ойлай ма? Автобуста адамдар еріккеннен жүр ме? Той тоқтасын, жақсылықтың ерте-кеші жоқ, бәріміз заңға бағынуымыз керек", "Тойды емес, базарды тоқтатсын дегені не? Той болмаса ештеңе болмайды, ал базарға адамдар бала-шағасын асырау үшін барады", "Жаз бойы той тойлап, қыс бойы несиесін төлеп, ай қазағым-ай...", - деп жазған желі қолданушылары.


Асылхан Дүкенбаев өзінің инстаграмдағы парақшасында Stories-ке видео жүктеген. Жанындағы досының "Сізде не жаңалық бар?" деген сұрағына "Штрафқой" деп жауап берген. Ол сонымен бірге, "Болды енді той жүргізбеймін, тойдан кетемін. Басқа жұмыс істесін деді, енді асабалықты қоямын", - деп айтады.





Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет