​«Бай әйелдердің көзінен жас кетпейді»: Гүлзира Айдарбекова қыз-келіншектерді күйеуін сыйлауға шақырды

0
7 779

«Бақыттымын» деген адамның өзінде не денсаулық, не бала жоқ, не ақша жоқ»


​«Бай әйелдердің көзінен жас кетпейді»: Гүлзира Айдарбекова қыз-келіншектерді күйеуін сыйлауға шақырды

Елге белгілі продюсер, Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова енді тұрмысқа шыққалы отырған қыздарға, жас келіндерге ақыл айтты. Әншілік қырынан да танылып, қыз ұзатып жүрген өнер иесі қыздардың алдағы өміріне алаңдайтынын да жасырмады.


«Сіздің жолыңызды берсін» деп тұрмысқа шығып жатқан қыздар немесе ата-аналары ұсыныс тастап, тойға шақыртулар алып жатамын. Шіркін, сол ниеттеріне сай, ұзатқан қыздарым ибалы, адал келін болып, үлкен әулетті отбасына айналсыншы деп тілеумен жүремін.


Соңғы кезде ажырасу көп. «Өзіңді ғана жақсы көр» деп ақыл айтқыштар көбейіп кетті. Соларды тыңдап, тек «ажырасамынға» бел байлап, «мен сол сияқты әдемі, бақытты, бай боп кетемін» деген ұғыммен өмір сүреді. Әйел адам өзін ғана ойласа, өмірге алып келген жазықсыз ұл-қызының бақытын кім ойлайды? Ер-азаматты нағыз ер қылатын бірінші Алла болса, одан кейін тікелей сүйген жары екенін қыз-келіншектер ұғынса деймін.


Мақтанғанның бәрі бақытты емес. Ал бақытты болған жағдайда оның қандай жолмен келгенін білмейсің. Бес саусақ бірдей емес. «Бақыттымын» деген адамның өзінде не денсаулық, не бала жоқ, не ақша жоқ. Ақша болса бақыт жоқ, әйтеуір, бірі кем дүние. Небір бай әйелдердің көз жасын көрдім, күйеуінің ойнасы бар. Жоқ адамды да көрдім, ұрысы, табыстары жоқ. Бақытты біреу жасап бермейді, өзің конструкторды ақылмен, мимен құрағандай құрайсың», - деп ақыл айтты Қайрат Нұртастың анасы.


Ол сондай-ақ, нағыз ер мінезді азаматтардың азайып бара жатқанына уайымдайтынын білдірді.


«Біздің аналарымыз қандай болды десеңші. Сол аналарымыздың арқасында бақытты балалық шағымыз мәңгілік сағынышболып жүрегімізде қалды. Әйелдің бақытты болуы ата-енеден, күйеуінен деген сылтау, мүмкін сол әйелдің өзінен, «дегенімді жасатамын» деген тәкаппарлық. Соның салдарынан нағыз азаматтар жоғалып барады.


Кішіпейіл бол, іздегенің өсек болмасын. Барыңды бағала, шүкіршілік ет, ешкімнің ала жібін аттама. Сабыр сақта, үлкеннің батасын ал. Өзің жақсы болсаң, бәрі жақсы. Өзің жаман болсаң, айналаңдағының бәрі жаман. Жаман екеніне көзің жетті ме, бойыңды аулақ ұста. Жақсы деген адамдармен жақсылығыңды жасап, аралас. Сонда өсектейтін адамыңнан да арыласың», - деді Гүлзира Айдарбекова.