​«Безіп кеткің келеді...»: Ақбота Керімбекова су тасқынына салғырт қараған билікті сынға алды

0
11 413

«Қазақты құрту өмірлік миссиялары сияқты...»


​«Безіп кеткің келеді...»: Ақбота Керімбекова су тасқынына салғырт қараған билікті сынға алды

Әнші Ақбота Керімбекова «Инстаграм» парақшасында су басқан өңірлер туралы жазба жариялады. Өнер иесі су тасқынына билікті кінәлады.


«От пен судың ортасында өтіп жатқан қайран қазақтың өмірі-ай… Су астында қалған өңірлердің бәрін гастрольдермен жүріп өткем, өнерге, қазақ әніне сонша іңкәр тұрғындарымен дидарласқам… Сондай қарапайым, сондай тәубешіл, ешкімге зардап-зияны жоқ жұртыма төне беретін бұл не қатер?! Айналып келіп жапа шегіп жатқан ауылдағы, елдегі өз күнін өзі көріп отырған бейнеткеш халық. Қирап жатқан, шаңырағы ортасына түсіп жатқан бай-манаптардың тас қамалдары емес, ырқыл-жырқылдан жырақта, қоңырқай тіршілік етіп жатқан, бит терісін биялай қылып, қабырғасын қалап, сонысына шүкір етіп жүрген жаны жабырқау жұрттың жалғыз баспаналары…


Ол үйлер қарашаңырақ еді, бабадан қалған, әкеден қалған көз еді, құттыхана мешіт еді, елдегі ағайынның жалғыз жұбанышы еді. Қазақ даласында бұл үйлерден асқан жомарт, кең шаңырақ болмаған шығар, сірә. Мынау салғырттық соның бәрін аяусыз қиратқандай. Әлі қамсыз, әлі ойсыз, бірақ. Соңғы сенімнің жібін үзсе де жүздері жарқын», - деп алаңдаушылық білдірді Ақбота Керімбекова.


Әнші сондай-ақ, су тасқыныны болатынын білсе де, салғырттық танытқан билік өкілдеріне өкпе-назын білдірді.


«Әлі алдап келеді. «Қауіп жоқ» деген сайын өршеленген су жан-жақты жайпап барады. Сонда да мына біреулер өтірік алдарқатуын доғарар емес!.. Қашан ел боламыз?! Қазақтың өзегін зардан, көзін жастан құрғатпау ғұмырлық миссиялары ма?! «Ескі - жаңа» деп есі кеткен есерлердің құлқынын тескен қазақ қашан қамсыз күн кешеді?! Қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді кейде, біздің қолдан келер қайран не? Қалың ел, қайран жұртым-ау, сіздерді қалай жұбатарымызды білмейміз», - деп жазды ол.