"Бұл сериалға түсуді қаламаған едім": Аян Өтепберген "Ақ жауын" сериалы туралы өз шындығын айтты

0
2 565

"Қазір жасырғаннан пайда жоқ" - дейді актер.


Аян Өтепберген мен Жұлдыз Өмірғалидің тамаша тандемі болған "Ақ жауын" сериалының 3 маусымы түсірілмейді. Бұл туралы басты кейіпкер Аян Өтепберген өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

Сондай-ақ актер алғашында бұл сериалға түскісі келмегенін мойындады, десе де көп көрерменнің көңілінен шыққанына қуанатынын жеткізген.

Аян Өтепберген: "Расын айту керек қазір жасырғаннан пайда жоқ басында бұл сериалға түсуді онша қаламаған едім. Келіссем де “кезектегі сериалдар қатарына кіріп кетеді сосын ұмытылады да қалад” деген оймен түсе салдым. Алғашқы маусымының түсірілімі бітіп, ә дегеннен-ақ көрермен көзайымына айнала бастады. Көшеде адамдар Таймас не Бұрындық емес Аңсар деп тани бастаған. Әлеуметтік желіде оқырман саны көбейіп, фан-парақшалар жарыса 2-ші маусымы туралы әңгімелер жібере бастады. Екінші маусымға түспейтініме сенімді болған мен жайлап ойлана бастағам. Себебі көп фильм, сериалдардың екіншісі сәтті болмайтын. Дегенмен @aikerimsamalbekkyzy келістіріп алды да, Аңсар түсірілім алаңынан бірақ шықты.

Содан екінші маусым түсірілімі бітті, сериал шықты біреуге ұнады, ұнамады дей тұра ұнағандар саны көп болып кешегі өткен “Наурыз” фестивалінде “ең үздік драмалық сериал” номинациясында жеңіске жеткен. Ал мен осы күнге дейін қанша фильмге түссем ешбір жерде “үздік актер” қатарында үміткер болғаным есімде емес. Тіпті адуынды Дулыға Ақмолда, беделді Берік Айтжанов, комедия жілігінің майын ішкен Әбунасыр Серіковтердің қатарында тұрып қайттым. Бұл жеңіс емей немене? Ризамын.
Бұл әрине команданың және сериалды сүйіп көрген көрерменнің жеңісі деп білемін. Сіздерге мың алғыс!

Осы күнге дейін қанша айтсамда әлі күнге дейін сұрақтар келіп жатыр. Дегенмен сұрақтарыңызға жауап:

Ақжауынның 3 маусымы бол-май-ды.

Басқа да керемет жобаларда кездескенше күн жақсы!"



Мұны оқыған желі оқырмандарының көңілі түсіп қалған сыңайлы, себебі олар келесі маусымды күтетіндерін жарыса жазып жатыр. Сондай-ақ "3 маусым болмаса да, кино етіп 1 серия түсіру керек сияқты, аяқсыз сериял болып қалды соңғы жағын жалғап нүктесін қою керек деп ойлаймын, солай көргім келеді" деп авторларға идея тастаған.