«Эстрада быт-шыт болып жатыр»: «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба» әнінің орындаушысы шоу бизнестің былығын жайып салды

0
2 866

«Ақшадан басқа түк ойламайды»


«Эстрада быт-шыт болып жатыр»: «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба» әнінің орындаушысы шоу бизнестің былығын жайып салды

«Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Күз келген жоқ», «Кімсіз?» хит әндерінің орындаушысы, әнші Кеңес Әлімжан бүгінгі қазақ эстрадасындағы бар былықты жайып салды. Жас әнші өнердегі аға буыннан әбден көңілі қалыпты. Өнер жолында алаяқтықтың белең алып, үлкендердің жастарды қолдамайтынын, үлкен концерттер мен түсірілімдерге қатыстырмайтынын, бәрі тек қара басының қамын күйттеп кеткенін «Менің өмірім» бағдарламасында алға тартты.


«Өнер жолында алаяқтық көп. Бір-бірінің бетіне өтірік күліп, сыртынан әңгіме айтатындар көбейді.


Одан соң әнші өзі бір деңгейге жетіп алған соң ақын мен композиторды лақтырып кетеді.


Біздің, Әділет Жауғашар, Жандос Қаржаубай, Мәлік Жамбылұлы және менің шыққанымызға 3-4 жыл болды. Төртеуміз де не жаңажылдық түсірілімдерге, үлкен концерттерге қатыса алмай жүрміз. Оның себебі, біздің алдымыздағы аға буынның бізге жарнама жасамайтынынан. Мәселен, Алтынбек Қоразбаев заманында ағамыз қаншама әншіге көмектесті. Саят Медеуов, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Жұбаныш Жексенұлы, Медеу Арынбаев, Төреғали Төреәлі, Ернар Айдар, Нұрболат Абдуллин, барлығы бізге қолдау көрсетуі керек.


«Бізді шақыра бергенше соларды неге шақырмайсыңдар? Біз келеміз де баяғы әнімізді айтамыз. Одан не шығады?!» деген сияқты айтуы қажет. Мысалы, соңғы шыққан толқынның бір бағдарламаның рейтінгін көтеретіндей деңгейі, көрермені бар. Тың нәрсе болуы керек қой.


Мен «Құлан сазы» сияқты көптеген ансамбльдерде жұмыс істедім. Сол жерде жаңалық ашамын деп басшылыққа жақпай жұмыстан шығып кеттім. Ешкім бізге нанын бөліп беріп жатқан жоқ қой. Қолдау күтесің. Сол нәрсе мүлдем жетіспейді.


Ағалардың қасында жүріп, ақыл-кеңесін тыңдағың келеді. Өнер деген сонысымен құнды деп ойлаймын. Қазір баяғы Саят, Мейрамбек ағаларымыздың кезіндегі эстрада жоқ. Көрсеңіз күлкіңіз келеді. Әркім тойға келеді, әнін айтады, ақшасын алады да, кетеді. Концертте де дәл солай. Ақшадан басқа түк ойламайды. Шығармашылық байланыс жоқ. Бәрінің ойы мына әнді ұрлап алып, тойға жарап кетсе. Тек той әндерін жазса. Махаббатпен ән жазылып жатқан жоқ. Бәрі бизнес болып кетті. Халықтың жүрегін емес, қалтасын ойлап ән жазады. Ал менің «Саусағым жүзіксіз» әніммен ешкім тойға шақырмайды. «Күз келген жоқ» деген әнімді өзім жақсы көріп айттым. Өзім күз мезгілін қатты жақсы көремін. Осы төңіректегі әндерді неге жазбасқа?! Мағыналы әндер жоқтың қасы. Әркім өзінің қара басының қамын күйттеп кетті. Қазір әншілер телеарналар шақырса баруға ерінеді, ал тойларға бірінші болып барып алады», - деді әнші.



Сонымен қатар хит әндердің орындаушысы мағыналы әндердің азайып бара жатқанына алдыңғы буын ағаларын кінәлайды.


Қазір ән табу қиын болып кетті. Өйткен себебі, әншілер өздері жеңіл әндер орындауымен қоймай, композиторларды да жеңіл ән шығаруға тартып бара жатыр. Жеңіл ән шығарған соң көп нәрсеге жеңіл қарайды. Ән шығарудың да мәні қалмай барады. Жақсы әндер шығару үшін үлкен ағаларымыз көмектесу керек. Олар біздің әнімізге таласпай, керісінше «Осы әнді шығар. Әлімжан, сен қандай ән шығарайын деп жатырсың? Келші біздің ортаға. Біз ағалар болып мына жерде отырмыз. Келші, ақылдасайық. Мына әннің сөзін ақын ағамызға дұрыстатып берейік. Болмаса мынаны былай қылайық» деп айтса жарасады. Ағаға іні, ініге аға бола алатындар аз. Адамды сол нәрсе шаршатып қояды.


– Әсіресе сіздің әніңізге талас көп болған. Қай әніңізге көбірек таласты?


– «Кімсіз?», «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Қыздың көз жасы», «Бозторғай ана» сияқты лирикалық әндеріме көп талас болды. Эстрада быт-шыт болып жатыр.


– Оны кім түзеу керек?


Оны ең бірінші әншінің өзі түзеуі керек. Әнші ешкімнің асханасына түспеуі керек. Жүрегі не айтады, соған құлақ түру керек. Одан кейін ақын мен композитор дұрыс ән мен сөз ұсынуы керек. Бұған халықтың кінәсі жоқ. Халық болған соң неше түрлі пікір, топ, тобыр бар. Олардың құлағын жақсы әнге үйрету, жүрегіне жақсы әнді жеткізу біздің қолымызда, - деді ағынан жарылған әнші.