Гауһар Әлімбекова туған жерінде шығармашылық концертін өткізді

0
323

Өнер иесі аудан әкімі Б.Асановтың алғыс хатымен марапатталды.


Гауһар Әлімбекова туған жерінде шығармашылық концертін өткізді

Қазақстан Республикасының белгілі әншісі Гауһар Әлімбекова өзінің туған жері Мақтаарал ауданының "Достық" мәдениет үйінде шығармашылық концертін өткізді.

Мәдени іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қатысып, әншіге деген жылы лебізін жеткізді.

"Гауһар лириканы жақсы көреді. Оның сырға толы, мұңға толы ғажайып әндері тыңдаған жанды елітпей қоймайды. Сезімге толы сыршыл әндер Гауһардың қазақ сахнасындағы өзіндік орнын, ән әлеміндегі өзіндік мәнерін қалыптастырды. Сондықтан, біз жерлестері, әнші қарындасымызбен қашанда мақтанамыз!" - деді Бейсенбай Тасболатұлы.
Өзінің ізгі тілегінен соң Б.Төребеков әншіні аудан әкімі Б.Асановтың алғыс хатымен марапаттап, сый-сияпатын табыстады.


Әнші-сазгер Гауһар Әлімбекова 1971 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Ол гитарада ойнауды 9-сыныпта оқып жүргенде үйренген. Ең алғаш шығарған әні "Сағыныш сазы" деп аталады. Алғаш рет Гауһар жас сазгерлердің "Үкілі үміт" байқауында көзге түсіп, Исраил Сапарбай, Секен Тұрысбеков, Мұрат Құсайынов ағаларының батасын алды.Әншінің репертуарындағы әндердің барлығы дерлік – өз туындылары. Ел арасында Гауһардың "Ақ босаға", "Келінге өсиет", "Оралшы, махаббат", "Көктемге хат", "Перзент сыры", "Көктемгі жаңбыр", "Қыз сезімі" сияқты әндері ерекше танымал. Әсіресе, "Ақ босаға" мен "Келінге өсиет" кез келген тойда шырқалар хит әнге айналды. Сондай-ақ, "Оралшы, махаббат" – басқалардан кейінірек жарыққа шықса да, халыққа бірден танылған ерекше ән.

Дереккөз: Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет