«Қатты депрессияға түстім»: Әнші Нұржан Қалжан сахнадан көрінбей кетуінің себебін айтты

0
2 175

«Жүрегім жылады»


«Қатты депрессияға түстім»: Әнші Нұржан Қалжан сахнадан көрінбей кетуінің себебін айтты

Эстрада әншісі Нұржан Қалжанды көрермені сахнадан жоғалтып алды. Әнші 10 жылдай өнерден алшақтап кетті. Әп-әдемі даусы, қазақи қоңыр үні бар өнер иесінің сахнадан алыстап кетуінің сыры неде болды екен? Осы сұрақты «1001 түн» бағдарламасының жүргізушілері Нұржан Қалжанға тікелей эфир барысында қойды.


– 10 жылдай көп ән жазбапсыз, белсенді болмапсыз. Қызыңыздың бір ауыз сөзі сахнаға оралуыңызға түрткі болыпты. Қызыңыз не деді?

– Қызым бір күні көк жәшіктен менің ән айтқанымды көріп, «Әке, неге жаңа ән жазбайсыз? Сіздің жаңа әндеріңізді сағындым мен» деді. Сол бір ауыз сөз жүрегіме қатты батты. Содан ойға қалдым. Қызым сағынып жатқанда, тыңдармандарымның іздейтіні түсінікті дедім де, бірден студияға тарттым. «Өмір сыры» деген жаңа ән жаздым.



– «Шығармашылық адамымен күресудің қажеті жоқ. Оған назар салуды доғарсаң, өзі жүнжіп кетеді» деген сөз бар. Мақтау, құрмет-қошамет, әлеуметтік желідегі пікірлер, қалай десек те, өнер адамына бәрі әсер етеді. Сіз соның бәрінен 10 жыл қалай бас тарттыңыз? Сағыныш болмады ма? Ұмытыла бастағаныңыз жасырын емес қой.

– Сағыныш болды. Өте қатты депрессияға ұшырадым. Кейде жеке өзім қалғанда көзге жас келген сәттер болды.


– Неге кеттіңіз? Әлде сізді кетірді ме? Сұраныс болмады ма?

– Сұраныс болды. Сахнаға шықпай, ән жазбай кетсем де, 10 жыл тойға баруымды тоқтатқан жоқпын. Мені шақырып жүрді. Сұраныс болмаса шақырмас еді. Менде басқа күнкөріс көзі болмады. Сондықтан тоймен күн көрдім.


– Көзіңізге жас келгенде өнерден алшақтап кеткеніңізді өзіңізге қалай түсіндірдіңіз?

– Мынадан түсіндім. Өмірде қолда барда алтынның қадірі жоқ. Кезінде Нұржан Қалжан болып астыма «Джипп» мініп, кафеге барсам, ақшаны төлей салып немесе қарызға ақша сұраса, «Мә, бермей-ақ қой, болмаса кейін бересің» деп жүрген заманымда дос, бауырлар, құрметтегіш, сыйлағыштар көбейді. Ал 10 жыл үзілісте бұрын кеп құшақтап амандасатындар жәй ғана амандасатын жағдайға жетті. Сұрыпталды. Сондай жағдайлар жүрегіме қатты тиді. «Бұл дүниеде адамгершілік, сыйластығың емес, атақ, абырой, дүние, ақша, көлік керек пе?» деп ойладым. Жүрегім жылады. Содан соң түйген ойым, сендерге керегі атақ, абырой, ақша болса, онда мен қайтадан жұмыс істеймін деп шештім, - деді әнші.


Желідегілер «Нұржан Қалжанның дауысына жететін әнші аз. Қайта шық сахнаға, сен тамаша әншісін», «Асқар Жүнісбек екеуі нағыз дауысы бар талантты әншілер ғой. Тэмбрлары да ерекше», «Ия Нұржан өте тамаша әнші, сахнаға қайта оралып жатқанына қуаныштымын», «Бұлбұл құс әдемі ән», «Ия, әр әншінің орны бөлек, Нұржан өзі бір бөлек әлем. Даусы, орындауы ұнайды. Қайта шығып жатса тек куанамыз» деп Нұржан Қалжанның өнерін сағынғандықтарын білдіріп жатыр.