«Кек алумен өмір сүрсем, менің құрығаным болар еді» : Бауыржан Сатов отбасындағы қиын кезең туралы айтты

0
1 955

«Екінші оқ әкемнің жүрек тұсына тиді»


«Кек алумен өмір сүрсем, менің құрығаным болар еді» : Бауыржан Сатов отбасындағы қиын кезең туралы айтты

«Жұлдыздың жары» бағдарламасында – әнші Альбина Шардарованың жары, актер, тележүргізуші Бауыржан Сатов сұхбат берді. Ол Жұлдыз Абдукаримоваға берген сұхбатында отбасындағы қиын кезең, студенттік шағы, әкесінің қалай қайтыс болғаны, гендер патидегі оқиға туралы әңгімеледі.

Ол әңгімесін үш жасында әкесіз қалып, ерте есейгенін, қиындық көріп өскенінен бастады.

«Үш жасымда әкемнен айрылыппын. Інім 8 айлық. Думан жақта жер алып, әкем үй салып жатқан. Әжем майда-шүйде заттар сататын. Бір күні көршілердің бірі түн ішінде арақ-шарап сұрап келді. Әжем түн екенін, сатылмайды десе, ана кісілер ата-әжемді ренжітеді. Оны көрген менің әкем шыдамай, араларында жанжал туады.Ал аналар түнде мылтық алып келген. Бірінші үрген итті атқан. Ұйықтап жатқан үйдегілер түкті түсінбей, әуелі әкем жүгіріп шығады. Екінші оқ әкемнің жүрек тұсына тиеді. Қазір мені бір ғана сұрақ мазалайды. Қарулы келген адамдарға неге құралақан шықты деп ойлаймын. Бәрі ауруханаға кетеді. Әкем үзілген. Анам 24 жастағы жас келіншек. Дәрігерлер «Құтқара алмаймыз!» деп айтқан кезде ғана анам бізді үйге қалдырып кеткені есіне түсіп, үйге қарай жүгіреді. Сонда анам: «Үйге кірсем, есіктің бәрі ашық. Қыстың ортасы. Үйде жылу жоқ. Інің жылап жатыр екен. Өзің үштен енді асқан баласың. Қолыма алып жұбату керек деп, қолыңа алып тербеліп отыр екенсің. «Қазір мама келеді» деген сөзді қайталап отыр екенсің» деп айтып берді. Ары қарай қазбаламадым. Бейне бір кино дерсің. Кек алу деген ой мақсатқа айналып кетсе. Менің құрығаным болар еді», - дейді актер.


Бауыржан өмірде анасын бірінші орынға қоятанын, үйдің үлкен ұлы болса да, анасы өзінің қасында тұратынын, әлі анасына арнап зәулім үй салғысы келетінін де айтты.


Ал «Балалықпен шалалық жасаған кездер болды ма?» деген сауалға:

–Болды ғой. Машина кетіп бара жатады, тас лақтырып, әйнегін сындырып қоясың. Одан соң есейген кезде мектепті бітіріп, ЖОО-на түскен кезде басталды. Бірінші курста оқып жүргенде үлкен курстың жігіттері қоқан-лоққы көрсететін. Мен сөзбен шығып кететінмін көп жағдайдан. Сосын олар мені өздеріне тартады. Аналар мені түртпесін деп солардың қатарына кірем ғой. Күндердің күнінде мені сотқа шақырған кезде түсіндім. Негізі мен оның бәрінің дұрыс емес екенін білетінмін. Әттең, менің әкем болған кезде менімен ерекше сөйлесетін бе еді? – деп ойға шомды.


Сонымен қатар жұлдызды жары әнші Альбина Шардаровамен таныстығы концертте басталыпты. «Қуандық екеуі дуэт айтып, Тәуекел екеуміз жүргіземіз. Бір бөлмеде продюсер бар, бәріміз отырып шәй іштік. Альбина шәй құйып отырды. Нәп-нәзік. Сол сәттегі көріністен мен ерекше жылулық сезіндім. Шәйдан соң: «Бауыржан аға, Тәуекел аға, кешіріңіздер, сіздермен суретке түссем бола ма?» дейді. Мен сол кезде әп-әдемі, кішіпейіл қыздың болашақ жарым болатынын түсіндім», - деді.


Ал жұбайы Альбина гастрольдік сапарға қайынілерімен яғни, көмекшілерімен бірге шығады екен. Алайда, үлкен қызы туылғанда Бауыржанның өзі бірге шығып, сәбиін сахнаның сыртында көтеріп, қарасып жүріпті. Сондай күндердің біріндегі концертте Роза Қуанышқызы Бауыржанның қолындағы қызға қарап: «Міне, мынау біздің бала. Менің Әлиім де сөйтіп өскен» деп айтқан дейді.


«Түсірілімдерге барады. Мен көтеріп жүретінмін. 20 минутта қарны ашып жылайды. Мен еш намыстанбаймын. Өйткені, көптен күткен сәбиім», - деді Бауыржан.


Ал көпшіліктің көкейіндегі қызғаныш сезімі жайлы сұраққа Бауыржан: «Біз бір-біріміздің ұялы телефонымызды ақтармаймыз. Егер тексермеймін деп алып, іште бәрін көріп, тексергің келіп күмән тұрса, ол мүлде дұрыс емес. Онда ана адаммен ұзақ өмір сүре алмайсың. Тоқал алу мәселесін ойлаған да жоқпын, ойламаймын да.


Жасыратын ешнәрсесі жоқ. Біріншіден, мен Альбинамен қарым-қатынас құрған кезде барлығы шынайы болғанын қаладым, ә дегеннен өткен өміріммен бөлістім. Әркімнің басында болуы мүмкін жағдай», - деп бар шындығын жайып салды.