"Кішкентай Мейрамбек": Мейрамбек Беспаевтың батасын алған бала желіні шулатып жатыр

0
2 160

31 жылдан кейін Мейрамбек ағасының алдында "Бозторғай"-латып шырқағаны талайды таңғалдырды.


1989 жыл. Республика сарайы. Қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков осы сарайда республикалық термешілер байқауын ұйымдастырыпты. 3 күнге созылған байқауға бала Мейрамбек Беспаев та қатысып, "Бозторғай" әнін қара домбырасымен әуелеткенде жас таланттың дарынына бас имеген жан қалмапты деседі. Бүгінде қазақ эстрадасының королі деп айдар тағылып жүрген атақты әншінің визиттік карточкасына айналған осы бір "Бозторғай" әні қалай туып еді? Ән авторы Алтынбек Қоразбаев ең алғаш 1989 жылы "Қара бала" деген атпен қағазға түсіріп, кейіннен "Бозторғай" деп атын өзгерткен екен.

Бала Мейрамбектің орындауындағы "Бозторғай" әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені соншалық, әнші Республика сарайын 3 күн қатарынан "Бозторғаймен" жаңғыртқан екен.

Міне, енді атақты әншінің ізін басар, "Бозторғайын" боздатып тағы бір бүлдіршін өнер есігін қағып тұр. 31 жылдан кейін Мейрамбек ағасының алдында "Бозторғай"-латып шырқағаны талайды таңғалдырды. Қарағандының тумасы Мағжан Минбаев бүгінде әлеуметтік желіде ерекше ықыласқа бөленген.

Мағжан Нүркенұлы осынау әнді айтарда аздап қобалжығанын жасырмайды. "Мейрамбек Беспаевтан кейін "Бозторғайды" өз деңгейінде айта аламын ба, жоқ па?!" деген қорқынышын әрең жеңіпті.



"Ол кісі ақ батасын беріп, бетімнен сүйіп, "Кішкентай Мейрамбек" деді", - дейді бала Мағжан.



Мағжан Сәкен Майғазиевтің "Смарт" мектебінде домбырадан сабақ алып жүр. Жалпы домбыраны серік еткеніне 4-5 жыл болыпты. Әкесі де, анасы да өнерге біртабан жақын екен. Репертуарында "Бозторғайдан" бөлек "Сайра бұлбұлым", "Бала махаббаты" әндері бар.


Әнші бала болашақта домбырасын жанынан тастамайтынын айтты. Дәстүрлі әнші және дәрігер болуды армандайды екен.