«Құралай неге еленбейді?!»: Танымал композитор 70-ке келсе де атақ берілмеген

0
1 062

«Өнердегі мафия өз ойынын жасауда»


«Құралай неге еленбейді?!»: Танымал композитор 70-ке келсе де атақ берілмеген

Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Түркістан облысы Композиторлар қауымдастығының төрайымы, Қазақстан Авторлар Қоғамының басқарма мүшесі, композитор, әнші, Құралай Сәтмұхамбетованы егжей-тегжейлі таныстырып жату артық қой деп ойлаймыз. Себебі, ол 150-ге тарта музыкалық шығармалардың авторы. Солардың ішінде халық арасында кеңінен таралған, 25 жылға таяу сахнадан түспей орындалып жүрген «Алтынай», «Аппақ гүлдер», «О, Гитара!» және «Сені көргім келеді», «Елім аман» , «Ару Ана», қазіргі таңда хит болып жүрген «Елге сапар», яғни, «Ауылға барам» әндерін байтағымызда білмейтін жан кемде-кем шығар.

Ал осындай ғажап әндерімен бар қазақты баурап алған белгілі композитор Құралайдың таланты қалай бағаланып жүр?

– Атаққұмар емеспін. Жиырма шақты медалім қобдишамда сақтаулы. Тағып жүре алмаймын. Ал, өмірін өнерге арнаған өнерлі жандарға тиесілі «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағын бір кездердегі мәдениетті басқарған басшылар бір-бірден бөлісіп алған сияқты. Сондай атақ алмаған басшы жоқтың қасы. Шынтуайтында оның басшыларға түкке де қажеті жоқ. Ол сахнаға шығып жүрген өнерпазға тиесілі атақ. Лауреаттық атақтарым баршылық.

Әйтсе де мен бұл атақты өзім үшін емес, өнердегі өзім тұғырлас таланттардың тасада қалған еңбектерінің обалы үшін айтып отырмын, - дейді сазгер.

Ал ешкімге жарамсақтанбайтын, өмірінің өлшемін «өнерім» деп қана бағалайтын отырған кермарал композитор Сәтмұхамбетованың «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағына әлдеқашан лайық екенін белгілі драматург, жазушы Сая Қасымбек те айтты.

– Бейбіт Қорған баламыз «Мәдениет саласының үздігі» атты мемлекеттік награда алыпты. Құтты болсын. Ал, қазақ эстрадасына өшпестей ән сыйлаған Құралай Сәтмұхамбетова 70-ке толса да атақ алмай жүр. Жастар алға түсіп жатқанда, қазақ ән қорына Құралай ханым қосқан үлестің еш еленбеуінің сыры неде, миым жетпейді? - деп жазды фэйсбук парақшасында Сая Қасымбек.

«Алып жатқандар қазан басында отырғандар ғой. Құралай алыста...», «Атақ алуда тазалық та, әділдік те жоқ боп кетті ғой. Кейбірі сатып алады дегенді де естігенбіз», «Өнер ішіндегі мафия өз ойынын жасауда...» деп желідегілер де өз ойын білдірді.