«Мені сомдаған жерін қырқып тастасын!» : Мақпал Жүнісова «Отыздан асып барамын» фильмінің режиссерін сотқа бермек

0
3 564

«Апам әлі тірі ғой, өзі неге айтпайды?» деп алдымнан өтпей ме?!


«Мені сомдаған жерін қырқып тастасын!» : Мақпал Жүнісова «Отыздан асып барамын» фильмінің режиссерін сотқа бермек

Жақын күндері «Ирина Қайратқызы» тобының «Отыздан асып барамын» атты жаңа фильмі жарыққа шықты. Бұл фильм ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай түсірілген. Аталған фильмде Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованың ән айтатын эпизоды бар. Алайда, оны халық әртісінің өзі де білмейтін болып шықты. Бұл кадр туралы оған семейлік жанкүйерлері хабарласып айтыпты. ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі әнші Мақпал Жүнісова «Менің көзім тірі бола тұра, басқа актрисаны ойнатқаны дұрыс болмады» деп шығармашылық топқа ашуланып отыр.

Құрметті ағайын, мен сіздердің алдыңызға бір ауыз сөзбен шығып отырмын. Менікі дұрыс па, олардыкі дұрыс па? Өздеріңіз сарапқа салыңыздар. «Отыздан асып барамын» деген кино шыққан екен. Ол туралы мен кеше ғана естідім. Маған бір кісілер Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай осындай кино шығыпты, ішінде сіздің рөліңізді ойнап жүрген актриса сізге ұқсамайды, бірақ, сіз деп береді. Мақпал Жүнісова ойнап тұр дегендей. Біріншіден, мені ешкім киноға шақырған жоқ. Екіншіден, алдымнан ешкім өткен жоқ. Үшіншіден, мен әлі тірімін, жер басып жүрген адаммын. «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды» деген әнді менің даусыммен басқа біреуге айтқызыпты. Мен жанды дауыста айтсам, ана қыз фонограммамен айтып тұр. Ол да ұятсыз қыз екен. «Апам әлі тірі ғой, өзі неге айтпайды?» деп алдымнан өтпей ме?! Соттасып жүруге уақытым жоқ. Ол кинода ойнап тұрған мен емеспін. Семейден бір жігіттер хабарласып: «Сізді жақсы білеміз ғой, мынау сізге ұқсамайды, көзіндегі бояуы несі?! Көзіндегі көзәйнегі несі?! Домбыраны жерге сүйреп жүр», - деп сынап тастады. Мен домбыраны ылғи да жоғары ұстаймын. Мынау не деген сұмдық?! Не де болса, бұл менің жауларым деп ойлаймын. Мені осылай жаман қып көрсеткісі келген ғой. Бір Аллаға тапсырдым. Бірақ, кім түсірсе де, бұл дұрыс емес. Мен әлі жер бетінде бармын. Құрметті ағайын, сенбеңіздер, ол кинода ойнаған мен емес! Мен олай боянбаймын, - деді ашығын айтқан әнші.


Өз сөзін қорытындылай келе Мақпал ханым шығармашылық топқа "Кинодағы мені сомдаған жерін алып тастасын, алмаса сотта кездесеміз!" деген талабын қойды.