«Ол тектен-тек тиіспейді»: Майра Ілиясова Төреғали Төреәлінің әрекетіне пікір білдірді

0
7 974

«Осындайда танымалдылық кесірін тигізеді»


«Ол тектен-тек тиіспейді»: Майра Ілиясова Төреғали Төреәлінің әрекетіне пікір білдірді

Төреғали Төреәлінің теріс қылығына өнердегі әріптестері де үн қосты. Әнші Майра Ілиясова «1001 түн» бағдарламасында әріптес інісін жамандыққа қимайтынын, оның тектен-тек жас жігітке тиіспейтінін, бір түсінбеушіліктің орын алғанын айтты.


– Ол шынында нағыз жұлдыз, нағыз талант, тума талант. Бірақ, оның бойында баяғы біздің батырларымыз сияқты қайсарлық бар. Анау-мынауға намыстанып кететіні бар. Ана баланың сөзіне аздап таңғалып қалдым. Ол екеуі сөйлесіп қалған кезде бұл бала болмаған. Сосын артынан келдік деп айтты. «Сөйтті, бүйтті» деп әңгіме айтып тұр да. Мен осы жеріне тергеушілер назар аударуы керек деп есептеймін. Өйткені, ол екеуі бір-біріне қарап тұрған кезде ол бала болмаған. Ал бұл бала қасында тұрғандай айтып тұр. Біріншіден. Екіншіден, ол адам қалай қарады? Мәселе сонда. Қазір, жасыратыны жоқ, әйел тектес ер адамдар көбейіп кетті. Ол сұғынып, не ішіп-жеп қарауы мүмкін. Бәлкім, Төреғали жәй еркін спорттық киіммен келіп қалуы мүмкін. Соны сынаған көзбен қарауы мүмкін. Төреғали тектен-тек тиіспейді.


– Қанша айтқанмен, өнер адамы қашанда биік жүруі, тәрбиесі, мәдениетіне соған сай болуы керек емес пе?!


– Мен айттым ғой, Төреғали өте эмоционалды жігіт. «Сағындырған әндер-ай» концертіне 60-қа жуық әнші қатысады. Оның арасында Төреғали да бар. Менің риза болғаным, гастрольдік сапарда жүрсе де, әкесі Төреәлі екеуі бір күндік кестесін бұзып, «Сағындырған әндер-айдың» жөні бөлек қой!» деп осы концертке қатысуға келе жатыр. Сондай бірнеше әнші бар.

Елімізде бұдан басқа да түрлі келеңсіздіктер болып жатыр. Осындайда танымалдылық кесірін тигізеді. Түймедей нәрсені түйедей қылып адамның жүрегін ауыртады. Бұл мәселені дұрыс шешіледі деп ойлаймын. Кешірім сұрау керек болса айтар. Бір отбасы екі жаққа айырылысайын деп жатқанда да кінә екі жақтан да болады ғой. Сол сияқты бір нәрсе Төреғалидың шамына тиген. Өйткені, біз жақын жүрміз. Жиі концертке шығамыз. Қасымызда жүреді. Тойда кезігеміз. Ешқашан дөрекілігін көрген жоқпыз. Өте мәдениетті. Мен өзім солай танимын. Мен әрбір бауырыма өнердегі алдыңғы буын апайы ретінде жүрегім ауырады, - деп ағынан жарылды Майра ханым.


Ал желідегілердің бірі әншілердің сөзін сөйлесе, екінші тобы жәбірленуші тараптың жағына шығып, пікір қалдырып жатыр.

«Төрелік сұрайтын адамды қалай жаңылмай тапқансыңдар?!», «Қарапайым халықтан артық емес, жазалау керек», «Әрине, қарға қарғаның көзін шұқымайды», «Мүмкін емес, тек қарағаны үшін ұрмаған болар. Мына жігіт шындықты айтпай тұрған сияқты», «Әншілер бір-бірін жақтап шыға келеді екен» деп жазуда.