«Өле қаласыңдар ма?!»: Желі белсенділері отандастарын пәтерден қуғандарға үндеу жасады

0
1 952

«Ашыққаннан құныққан жаман»


«Өле қаласыңдар ма?!»: Желі белсенділері отандастарын пәтерден қуғандарға үндеу жасады

Өз елінен үдере көшкен орыстар біздің елімізге келіп пәтер жағалауда. Олардың пәтерақысын 2-3 есе көп төлейтініне сеніп қалған кейбір пәтер иелері қазақтарды қуып шығарып жатыр. Еш ескертпестен. Айтатын сылтауы біреу ғана, «осы сәтті пайдаланып кредитімізді жауып алуымыз керек». Қанша қазақ далада тентіреп қалды. Осы жайт желі белсенділері, блогерлердің де шамына тиді. Ашынғаннан ащы даусын шығарып, үндеу жасады.


Хитмен әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова «Орыс келді деп, қазағыңды қуып, тапқан 5-10 теңгең қай жыртығыңды жамайды дерсің?!» деп шырыл қақты.



Белгілі журналист, продюсер, блогер Асхат Садырбай: «Ел басына күн туғанда тіпті бір нанды бөліп жеген. Алайда қазір біз бейбіт елде, тыныш жерде өмір сүріп отырып өз халқымызды өзектен тебе бастағанымыз қалай?!» деп ашынды.



31 арнаның белді журналисі Ирина Советжанқызы да өзіндік үнін қоспай отыра алмады. Айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде ұлын Талдықорғаннан 30 мың теңгеге такси жалдап, әрең алғызыпты. «Ел қырылып жатқанда да пайда ойлағандарды қазіргі жағдай тіпті, есіртіп жатқан шығар» дейді ол.



Желідегілер де жоғарыдағы пікірлермен келісіп, «Өте орынды айтылған. Біздің адамдарда ынсап қалмады....», «Дұрыс айтып жатыр.Ойланса болар еді», «Ашыққаннан құныққан жаман», «Өле қаласыңдар ма?», «Дұрыс айтасыз.Адамда қанағат болуы керек қой.Енеміз марқұм айтып отыратын еді, соғыс жылдары келген мородва, түрік,болгар халықтарына бір үзім нанды бөліп жеп,бір бөлмелі үйімізге сыйғыздық дейтін. Жүрегімізде иман болсыншы.Мейірімді болайық» деп жарыса жазып жатыр.