«Өзім үшін ешқандай лауазым сұрамадым»
ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай қазақтың атпал азаматы, кәсіпкер және меценат Болат Назарбаев ағасына арнап ән жазып, орындады. Бұл туралы әйгілі әнші Мақпал Жүнісова өз парақшасында бөлісті.
"Ағасына інісі арнайы ән жаздыртып айтқаны өте жарасымды, бүгін мереке екенін ұмытып кетіппіз, жолда жүргесін, тұңғыштың аты тұңғыш әрине, бұл да тарих, ел іргесі бүтін болып,ешқашан соғыс болмасыншы деп тілеймін", - деп жазды Мақпал Жүнісова.
«Аға, сенсің Алатауым!» деп аталатын әнде мынадай өлең жолдары кездеседі:
«Қазағымда кең көсілген далам бар,
Жебеп жүрген әкем және анам бар.
Бәрінен де Тәңір өзі сыйлаған,
Алатаудай арқа сүйер ағам бар.
Қайырмасы:
Бауырым аға, тағдырың бар биіктерде сыналған,
Тәңір өзі сол биікке, сол биікке шығарған.
Алдымызда аға бола білдің сен,
Саған лайық іні болу бір арман!
Саған тілек тілеп жүрем жол жүрсем,
Алатаудай арқа сүйер қазақтың,
Елін сүйер ел ағасы болдың сен.
Сәулесін сен ерте көрдің таңның да,
Ұлтың үшін жүз өртеніп, жандың да.
Достарың көп, дұшпаның да аз емес.
Алатаудай аға болдың алдымда.
Өзің салған дәмдің көрдің жемісін.
Алатауым арқа сүйер аман бол,
Қазақ үшін, ұлтың үшін, ел үшін».
Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған осынау ән желі қолданушыларына да әсер етіпті.
«Жылап қалдым ғой», «Ел іргесі аман - тыныштық заман бола берсін!» деп жазды оқырмандар.
Айта кету керек, Болат Назарбаев бұған дейін берген сұхбаттарының бірінде "Өмірде қиын сәттер болды. Барлығы маған ағам көмектеседі деп ойлайды. Бірақ мен бір нәрсені айтайын және менің сөздерім оқылады деп үміттенемін. Мен ешқашан одан (Нұрсұлтан Назарбаевтан) жұмыс сұраған емеспін. Ешқашан өзім үшін ешқандай лауазым сұрамадым. Ақылды адам үшін фамилияның болуы жеткілікті», - деп айтқан болатын.
Сонымен бірге "Ол мен үшін туған әкем сияқты. Ағам маған қоңырау шалғанда, мен орнымнан тік тұрып сөйлесемін. Әрине, қорыққандығымнан емес, бұл – ағама деген құрметім. Сағынсам жетіп барамын. Ол да мені өзіне жиі шақырады", - дейді Болат Назарбаев.