"Шаншардың "директоры: Мені Қайрат Нұртас баспен "қадап" кетті

0
8 415

Ол Қайраттың анасы Гүлзира Айдарбекованың базарда «Шаншардың» билеттерін сатқанын айтты.


коллаж үшін суреттер ашық дереккөзден алынды

«Шаншар» әзіл-сықақ театрының басшысы Уәлибек Әбдірайымов белгілі әнші Қайрат Нұртас және отандық біршама шоу-бизнес өкілдері туралы өз ойын «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында ашық айтты.

Қайрат Нұртастың үлкен сахналардан көрініп, шоу-бизнес ортасына келуі анасының арқасында екенін көпшілік өте жақсы біледі.

"Шаншар" театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов та кезінде ата-анасы Қайратты сахнаға шығару үшін базарда жұмыс жасап, кей кездері «Шаншардың» билеттерін сатқанын да тілге тиек етті. Бұл әншінің өз репертуары жоқ оқушы кезінде болған көрінеді. Кейін Қайраттың анасына Уәлибек Әбдірайымов жеке репертуар жазуға кеңес берген. Осыдан кейін Қайрат Нұртастың шығармашылық шарықтауы басталып кеткен көрінеді.

Алайда "Шаншар" театрының директоры кезінде өзі кеңесін де, көмегін де аямаған қазіргі Қазақстанның жұлдызы болған Қайрат Нұртасқа да, оның ата-анасына да реніші бар екенін жасырмады.

«Мен "Шаншар" театрының 25 жылдық күміс тойын өткізуді жоспарладым. Сондықтан "Шаншар" театрының ең алғашқы сахнасында болған кәсіби әншілерді шақырмақшы болдым. Жұбаныш Жексен, Өмірқұл Айниязов, Сәкен Майғазиев, Заттыбек Көпбосынұлы тағы да басқалары. Солардың ішінде Қайрат Нұртас та бар. Содан алдын-ала алты ай бұрын Қайраттың әкесі Нұртасқа звондап айттым. "Желтоқсан айының 16 мен 22 Алматы Астана қалаларында Шаншар театрының 25 жылдығына арналған концерт өтеді, соған Қайрат қатысса деген ой" деп. Әкесі жарайды деп келісімін берді. Содан жарнама жасаушыларға айтып, афишаға Қайратты қосыңыздар, ол келеді деп айтып қойдым. Алайда арада біраз уақыт өткеннен кейін Қайраттың администраторы звондап, оның келе алмайтынын, ол күндерге өзге жоспарлары барын айтты. Шыны керек, қатты ашуландым. Әкесі Нұртасқа барып жолыққым келген, алайда қасымдағылар сабырға шақырды», — дейді Уәлибек Әбдірайымов.

Театр директоры Қайратпен арадағы жағдай бірінші рет осылай болмағанын, алдында да келем деп келмей қалған кездердің болғанын айтып ренжіді.

Сондай-ақ Уәлибек Әбдірайымов еліміздегі комедиялық жанрда кино түсіріп жүрген Нұртас Адамбай мен Нұрлан Қоянбаевты да біраз сынға алды. Бұдан өзге хабарда өнер иесінің отбасы, балалары туралы да айтылды.