Тазабеков: "Туған баласын қорлап жүрген елді көргенде, Елбасын неге ғайбаттайсың деудің өзі артық!"

0
2 339


Тазабеков:

Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков әлеуметтік желіге Елбасының туған күнінде жүрек тебірентер жазба жариялады. Ол "Ата-анасын жек көретін адамдарды көргенде Елбасыны жамандайтындарға сөз таппайсый" дейді.

Мұхамеджан Тазабеков: "Миллиондаған адаммен байланыс орнатып отырғасын күн сайын мыңдаған адамнан хат кеп жатады. Кейбірін оқып, төбе шашың тік тұрады. Шешесін жек көретін қыз, әкесін өлтіргісі келетін ұл, байынан бақыт таппаған жар, ұлынан таяқ жеген шеше...

Кейбіріне түсіндіресің, қайсыбірімен кездесіп, жүрегін жібітесің, енді біріне ұрсыңқырап айтып, ашуын тарқатасың... Әлем жақындағанмен адам бір-бірінен алыстады, технология дамығанмен табиғилық дефицитке айналды, комфорт көбейгенмен жүрек мазасыздыққа толы, білім қол жетімді болғанмен әдеп көзге түспей бара жатыр... Негатив көп, пиғыл бұзылып, пейіл тарылды.
Ақпаратқа буаз боп, кімнен қандай ой көтеріп жүргенін аңғармайтын адам көп... Туған анасына кек сақтап, туған баласын қорлап жүрген елді көргенде Елбасын неге ғайбаттайсың, ақсақалға қалай аузың барады деп айтудың өзі артық шығар...

Фейкпен оянып, өсекпен ұйықтап жүрген жұртпыз... Елге пайдасы тисін деп, пост саласың. Астына пікір жазу үшін қылышын сүйреткен қиянатшылдар келеді. Жеті атаңды боқтап, жекен суыңа жетеді. Ренжісең жүрегің қараяды.
Жауап қайтарсаң жауласасың... Қазір ешкімге кейімейтін болдық. Өмір бірақ беріледі, денсаулық қайта қалпына келмейді.
Жұрттың бәрі прокурор, елдің көбі тергеуші. Демократия желеу болды. Ойыншық дүкеніне кірген сәби не аларын білмей әрнәрсеге қол созып, әбігер болады. Сол секілді, сөз бостандығын боқтауға, пікір білдіруді кіжінуге ғана пайдаланатын пенде көп... Көш бастаған ұлдар мен ел бастаған ерлерге Алла сабыр, таупих, ынтымақ берсін! Төңірегін сатқындар мен елге жаны ашымайтын жылпостардан Алла тазартқай! Ел де, Елбасы да аман болсын! Өз ағасын ағаламаған кісі ағасын паналар... Кейбір тұлғаның бағасын замандасы білмейді, тарих таразылайтын тірлік көп. Сталин өлгенде жылаған, Колбин келгенде қуанған қазақтың өз-өзін жау санап, бір-бірін шұқылап, беттен ап, төске шауып ғұмыр кешіп жатқаны - елдігімізге сын.
Коментте бата беріп, батуалы сөз жазатын достарға Алланың нұры жаусын! Алла елдігімізден, тәуелсіздігімізден ажыратпасын!"



Бұл жазбаны оқыған желі оқырмандары оның сөзін қуаттап, "Бір отбасын басқара алмайтындар, бір елді басқарып отырған ел ағаларына мін тағатынына таң қалам", "Бұл кісінің алдында қарыздар шығармыз қазақтың басына бір күн бұлт үйіртпей, оқ жаудырмай, бейбіт заман кешудің өзі осы кісінің еңбегі ғой. Туған күніңіз құтты болсын, Елбасы! Қазақ деген дархан халықтың тек жақсылығын ғана көріп, ұзақ өмір сүріңіз" деген сынды пікірлер жазуда.