​«Үйімде 200 жылдық қазан бар»: Тамара Асар қайын жұртынан қалған құнды жәдігер жайлы айтты

0
1 162

«Бір аптада күйеуге тиіп кеттім»


​«Үйімде 200 жылдық қазан бар»: Тамара Асар қайын жұртынан қалған құнды жәдігер жайлы айтты

Әнші Тамара Асар араға біраз жыл салып екінші рет тұрмыс құрған болатын. Қазір оның екінші некесінен Ажар есімді тәп-тәтті қызы бар. Тамара Асар «Ұйқым келмейді» бағдарламасында екінші күйеуімен бір аптаның ішінде танысып, асығыс шаңырақ көтергенін ашық айтты.


«Екі түрлі адам ғана опай-топай тұрмысқа шығады. Біріншісі – басы істемейтін, екіншісі – ессіз ғашық адам. Мен сол екіншісі боп тұрмын ғой. Мен Қазақстанды айналып жүрген адаммын, балам бар, Тамара Асар деген атым бар. Бірақ маған біреу қасыма келіп сенімді түрде нық сезіммен бірінші кездесуде «Саған үйленем» деп айтпапты. Танысқанымыз сол ғана, арада 2 минут өткен жоқ, «осы кісіге үйленем» деді. Елең ете қалдым. Сол сөздің артынан еріп жүре бердім.


Видеоқоңыраумен хабарласып, әкеме көрсеттім. «Осы жігіт сенікі» деді бірден. Шүкір, қазір бақытты отбасы боп отырмын. Жолдасым солтүстіктің адамы, мен маңғаз Маңғыстауданмын. Оның тілі орысша болса да, жаны қазақ. Кім төрге шығуы керек, кімге жілік ұсынамыз, бәрін біліп отырады. Алдына бас тартсаң жік-жігімен бөліп беріп, миын әдемілеп алып бере алады. Ондайды қазір жігіттердің біразы істей алмайды» дейді Тамара Асар.


Әнші сондай-ақ марқұм боп кеткен ата-енесінен қалған көне заттарды алдырып, кішігірім мұражай ашқанын айтты.


«Тамара Асардың лабораториясы» деп аталатын кеңсем бар. Сол жерде көптеген нәрселерді сақтап қойғам. Өзім тіккен көйлектерді, жасаған бұйымдарды ешкімге бермеймін. Тарихы бар антиквариаттарды жақсы көрем. Осы жақында күйеуімнен «Ата-бабаңнан не қалды?» деп сұрадым. Орыс тілді адам ғой, «әкемнің аты жазылған кілем бар» деді. Түсінгенім, әкесі әскерке кетіп бара жатқанда анасы тоқыған екен. Соны алдыртып, бір қабырғаны арнайы әрлеп, ілгізіп қойдым. «Тағы не бар?» деп сұрап ем, «балға бар, балта бар, сосын бір қазан бар, ол қазір қарындасымның үйінде» деді. «Қазан шаңырақтың иесінде болуы тиіс, қарындасыңнан алдырайық» деп әлгі заттарды әкелдіріп алдым. Қазір сол кішкентай ғана қазаннан күнде ас дайындап берем.


Сосын бір күні ол маған «Менің ата-бабамнан үлкен бір қазан қалған. Бірақ ол ауылдың бір шетінде, көтеруге келмейді, өте ауыр» деді. Соны айта беріп алдырдым. 1829-жылы шойыннан құйылған қазан екен. Екі ай тазаладық, қайтадан өңдетіп, Наурызға дайындатқызып, мерекеде сол қазанға Наурызкөже пісірдім. Сөйтіп солтүстіктегі ағайындарға тараттық. Ол қазанға 3-4 жылдан кейін 200 жыл болады екен. Талай қырғынды, ашаршылықты, соғысты көрген жәдігер ғой. Көзімнің қарашығындай сақтап отырмын» деді Тамара Асар.