«Зейнетке шықты деп сахнадан қуып жатыр»: Қанат-Айтгүл Құдайбергеновтер көпшіліктен кеңес сұрады

0
3 442

«Зейнеткер деп сахнадан қуып шығу әділдік пе? »


«Зейнетке шықты деп сахнадан қуып жатыр»: Қанат-Айтгүл Құдайбергеновтер көпшіліктен кеңес сұрады

Құдайбергеновтер жанұлық ансамблінің құрылу тарихы Қанат пенен Айткүлдің тұзының жарасып, шаңырақ көтеруінен басталды. Өнерлері жоғары бағаланып әлемнің түкпір-түкпірін шарлады. Шет мемлекеттерде қазақ өнерін дәріптеді. Швеция, Үндістан, Кипр, Польша, Ауғанстан, Мексика, Жапония, Түркия, Болгария, Шри-Ланка тағы басқа көптеген шет мемлекеттерде қазақтың домбырасын, әнін, күйін паш етті.


1988 жылдан бастап ерлі-зайыпты Құдайбергеновтер Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында жанұялық ансамбль құрып, еңбек етіп келеді. Ансамбль құрамында өздерімен бірге іні-қарындастары, балалары мен немерелері өнер көрсетіп жүр.


45 жылдан бері сахнадан түспеген жұлдызды жұп зейнетке шығар жасқа да келіпті. Енді осы сәтті күткендей, филармония басшылығы оларға «Жұмыстан кетіңіздер!» деген талап қойып отырған көрінеді.


– Құрметті халайық, армысыздар! Біздер Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясында 45 жылға жуық жұмыс істеп келеміз. Еңбегіміз еленіп, мемелекеттік марапат та алдық. Енді облыстық мәдениет басқармасы мен филармония басшылары бізге «Жұмыстан шығып, киелі сахнаны босатыңдар!» деген талап қойып отыр. Сідердің пікірлеріңіз қажет болып тұр. Нұрғали ағамыз, Бибігүл апайымыз, басқа да сахна саңлақтары әлі күнге дейін өз ұжымдарында жұмыс істеп, өнерлерін паш етіп жүр. Филармониямызда бар-жоғы төрт бес республикаға еңбек сіңірген өнер қайраткері бармыз. Бәрімізді зейнеткер деп сахнадан қуып шығу әділдік пе? Кейінгі өнерлі жастарға облысымыздың мақтан тұтар өнер тарландары деп үлгі етудің орнына «Сахнадан кетіңдер!» дегені қаншалықты дұрыс деп ойлайсыздар? Бәріміздің кәсіби деңгейіміз жоғары. Фонограмма дегенді қолданбаймыз, сағаттап ән салып, күй тартуға бармыз халық үшін. Пікірлеріңізді күтеміз. Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтер, ҚР Еңбек сіңірген әртістері, "Құрмет" орденінің иегері, - деп жазды атақты өнерлі жұп.


Желі қолданушылары болса: «Барлық саланы жеке бизнестеріне айналдырған шенеуніктер мен басшысымақтарға ӨНЕР деген нәрсе де құнсыз боп тұр ғой. Өнерді шоуға айналдырған сайқымазақтар. Енді Сіздердей саңлақтарды театрдан қуса - нағыз өнердің жаулары екен!», «Жаңа министр сіздерден бастаған ба? Сахнаны естілерден емес, есерсоқтардан тазартып алсын алдымен», «Уақтылы пенсияға кетіңіздер деп оттап отырғандар да бар екен, нағыз өнерде пенсия жасы болмайды», «Осы Алматы облысының мәдениет, өнер саласының басшылығына бір топастар келген ау, соңғы кезде солардың көп сорақы істері туралы естіп жүрміз» деген сияқты пікірлерін жазуда.