"Жастайынан жиі ауырды": Өмірден ерте қайтқан әкесін еске алған Ләйлә Сұлтанқызы оқырмандарының жүрегін жылатты

0
4 975


Танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы оқырмандарын әкелер туралы сырласуға шақырды. Өзінің әкесінің 50-ден енді асқан шағында өмірден өткенін айтып, желідегілердің көңілін босатты.


"Суретте әкем Сұлтан және ағам Руслан. Екеуі де өмірден ерте кетті. Бүгін әкелер туралы сырласайықшы. Әкем 50-ден енді асқан шағында инсульттан көз жұмды.

Жастайынан жиі ауырды, ревматизм, давлениесі бар еді. Көзі тірісінде әкем маған дауыс көтеріп ұрсып көрмепті. «Қызым оқысын-оқысын!» деп бар мүмкіндікті жасаған әкешім...

Әкемнің мінезі қандай еді! Өте сабырлы адам болатын. Күліп қана отыратын. Көп сөзі жоқ. Шешесі (әжеміз) қатал еді, сол кісінің қабағына қарап отыратын.⠀
Ең қатты айтатын сөзі: «Әй, дүндік!» Дүндік деген не мағына беретінін де білмеймін сондағы. Бір рет марқұм болған ағам 9-сынып оқып жүргенде үйден қашып кеткен, әкем жаңағыдай ұрысты

Ал сіздің әкеңіз қандай адам?" деген журналистің жазбасын оқыған оқырмандар да өз әкелері туралы айтып, естеліктерімен бөліскен.

Олардың бірі "Мен әкемнің 50 жасында туғам. Басқа баласынан артық көреді. «Қалам ұстайтын бала» деп көп шаруа да істетпейтін. Сабағын оқысын деп. Биыл әкем 85-ке толды. Отыздан ассам да ақшаң бар ма деп әлі күнге сұрайды. Әкеме мықты денсаулық тілеймін, жүзге жетсе екен!" десе, енді бірі "Менің әкем өте парасатты, білімді кісі еді. Адамды бір көргеннен ой-өрісі, деңгейін біліп қоятын. Өзіне де, денсаулығына да асқан мұқияттылықпен қарайтын еді жарықтық! Көзі тірі болса 15 ақпанда 72 жасқа толатын еді Асқар тауым-ау. Анам артынан кете барды ана дүниеге. Анам қайтқанда 11 жаста едім, әкем 21 жасымда дүниеден озды. Әкемнің қас-қабағына қарап өстік. Әкем Мақпал Жүнісованы сүйіп тыңдайтын. Бет әлпеті Қаршыға Ахмедияровқа қатты ұқсайды. Арасында әнге қосып домбыра тартатыны бар еді" дейді.