Баланы жасанды сүтпен тамақтандырудың 10 ережесі

0
59 058

Ана сүті бала денсаулығына пайдалы әрі баға жетпес тағам екендігі құпия емес. Бірақ өкінішке орай осы табиғат берген тағаммен жаңа туылған нәрестені әрдайым тамақтандыру мүмкіндігі болмай жатады. Себебі кей жағдайда ана сүті жеткіліксіз болып, қосымша тамақтарды қатар беретін жағдайлар да кездесіп жатады.


Баланы жасанды сүтпен тамақтандырудың 10 ережесі

Ана сүті бала денсаулығына пайдалы әрі баға жетпес тағам екендігі құпия емес. Бірақ өкінішке орай осы табиғат берген тағаммен жаңа туылған нәрестені әрдайым тамақтандыру мүмкіндігі болмай жатады. Себебі кей жағдайда ана сүті жеткіліксіз болып, қосымша тамақтарды қатар беретін жағдайлар да кездеседі. Бірақ мұның бәрін көп ойлап қамығудың қажеті жоқ. Себебі қазіргі таңда құрамы дәрумендер қорына толы қосымша тағамдарды түр-түрі көп. Сондықтан да біз сіздерге жаңа туылған нәресте денсаулығына пайдалы қосымша тағамдармен тамақтандырудың 10 ережесін ұсынамыз.

1. Нәрестенің қосымша тағамдарға өту мезгілі

Нәресте денсаулығы үшін ана сүтіне жететін тағам жоқ десек қателеспейміз.Сондықтан қандай жағдай болмасын мүмкіндігінше жасына толғанша емізген дұрыс. Бірақ емшек сүті аз болса дәрігермен келісе отырып, қосымша тағаммен тамақтандыруға болады. Тамақтандыру барысында балаңызды көкірегіңізге жақын ұстап, оған ана қамқорлығы мен жылуын сезіндіріп отыруыңыз керек. Сонда емшек сүтін сақтап қала аласыз. Басқа жағдайларда (егер жұмыста болсаңыз, өзіңіз не балаңыз ауруханада болса) балаға қосымша тағамды мөлшермен беріп отырған жөн. Ал ана емізуге мүмкіндік болғанша сүтін жоғалтып алмай, сауып тастап тұруы тиіс.

2. Тағамды қалай таңдаған дұрыс?

Балаға арналған қосымша тағам, қоспа түрлері өте көп. Сондықтан да таңдау кезінде бас қатырып ойланатыны жоқ. Себебі олардың сапасы да, бағасы да, қандай балаға беру керектігі де (толық жетілмеген балаға, қаны аз балаға) жік-жігімен ажыратылып қойылған. Бір ескеретіні сіз тек қана араласпа, қосымша тағам сыртында көрсетілген баланың жас мөлшерін және жарамдылық мерзімін көріп, әр түрінен аздап беріп бала ағзасына жаққан, жақпағандығын білу керек. Кейде қосымша араласпа тағамдар балаға аллергия немесе жағымсыз әсер береді.

Олардың нақты белгілері:
  • тамақтанып болған соң үнемі мазасызданып жылай беру;
  • әр тамақтандырған сайын құсып тастау;
  • іштің өтуі немесе керісінше қатып қалуы;
  • іштің ауырып, желденуі;
  • ашушаң болу немесе түнде оянып мазасыздану;
  • қызыл бөртпелердің көз, бет, жамбасқа шығуы.

Егер де бөбекте осы белгілер байқалса тез арада дәрігерге тексертіп, кеңес алып, тамақ түрін ауыстыру керек.

3. Қолдан тамақтандыруға қалай өту керек?

Қолдан қосымша тағаммен тамақтану бала ағзасына бастапқыда салмақ түсіреді. Сондықтан да бұл кезеңде балаға ыждаһаттылықпен қарап, назардан тыс қалдырмаңыз. Ол үшін бірде емшекпен емізіп, екінші тамақтанған уақытын қоспа беріп отырып 1-2 апта ішінде үйрету керек. Тамақтандыру осы қалыппен жалғасса бала қосымша тағамға үйреніп, емшектен шығару да оңай болады.

4. Тамақтандырудың уақыт жиілігі

Қолдан тамақтандырған кезде оның уақыт жиілігін үнемі назардан тыс қалдырмаңыз. Сондай-ақ, мөлшермен және белгілі бір уақытпен тағамды береді. Туылған кезінен бастап 6 айға дейін күнде 6-7 рет арасы 3-3,5 сағат жиілігімен тамақтандырады. Ал түнде әр 6 сағат сайын тамақ берген жөн. Ал 6 айдан бастап әр 4 сағат сайын күніне 5 мезгілден беріледі. Сонда бала асқазанына салмақ түспейді.

5. Мөлшерін қалай анықтайды?

Қолдан тамақтандыру кезінде оның балаға бір күн ішінде мөлшері қанша беру керектігі, сәбидің дене салмағына қарай есептеледі.

  • Туылғаннан кейін 10 күндігінен бастап 2 айына дейін – 600-900 мл;
  • 2 айдан бастап 4 айға дейін – 800-1000 мл;
  • 4 айдан бастап 6 айға дейін – 900-1000 мл;
  • 6 айдан 1 жасқа дейін – 1000-1200 мл.
Нәресте дене салмағына қарай тамақтандыру мөлшерін төмендегідей есептейді. Мысалы, бала 2 айлық кезінде 4800 гр. болса, онда оның бір тәулікте тамақ мөлшері 800 мл. болады. Мұның өзін тәулік сағатына бөлсек әр тамақтануы су, жемістерден жасалған езбелерді есепке алмағанда 130-140 мл. беріледі.
Сонымен қатар, араласпаны дайындаған кезде қалай және қанша мөлшерде дайындау ережелерін сақтау қажет. Сондай-ақ, енді ғана өсіп, ағзасы қалыптасып келе жатқан жас нәрестенің денсаулығы мықты болу үшін және оның энергетикалық қажеттілігін ескере отырып тамақ калориясы жеткілікті және де мөлшерден тыс асып кетпеуін қадағалау қажет. Орташа есеппен алғанда бір жасқа дейінгі бала күнделікті дене салмағының әр 1 кг-на мынадай калория қабылдауы керек:
  • 3 айдан бастап – 120 ккал;
  • 3 айдан 6 айға дейін – 115 ккал;
  • 6 айдан 9 айға дейін – 110 ккал;
  • 9 айдан 12 айға дейін 100 ккал.

6. Араласпаны қалай дайындағын дұрыс?

Бала тағамын дайындау үшін ең алдымен бөтелкені тазалап шайып, тағам сыртында көрсетілген температурасына сай қайнаған су құйылады. Содан кейін өлшем қасығымен ұнтақты салып, жақсылап араластырады. Дайын болған араласпа температурасы емшек сүтінің жылылығымен бірдей болу керек. Яғни 36-37 С-та болады.

7. Бала тағамын дайын күйінде сақтау

Араласпаны дайындап балаға берген соң қалғанын сақтауға және кейін жылытып беруге мүлдем болмайды. Себебі мұндай сүт тағамдарының ішінде микробтар тез таралып, баланың асқазан және ішек жолдарына зиянын тигізіп, олардың жұмысы бұзылып, денсаулығына үлкен залал келтіреді. Сондықтан да әр тамақтандырған кезде жаңалап дайындаған дұрыс.

8. Емізікті бөтелкелерден дұрыс тамақтандыру жолдары

Баланы тізеге отырғызып тігінен ал төсекте жатса қырынан жатқызып тамақтандырады. Сондай-ақ, өзіңізге жақын ұстап жылулық пен қамқорлықты нәрестеге сездіргеніңіз жөн. Бөтелкенің сүтке толы болғаны жөн. Себебі сүт аз мөлшерде болса бала ауа жұтып, кейін іші желденіп мазасызданады. Сонымен қатар, бала бірде аз, бірде көп мөлшерде тамақтанатындықтан, оны қинап тамақтандырудың қажеті жоқ. Нәресте тамақтанып болғаннан кейін міндетті түрде тамағы сіңгенше 2-3 минут тігінен ұстап отыру керек.

9. Емізікті бөтелкені қалай таңдау қажет?

Ең дұрысы басында қорғағыш қақпағы бар, пластиктен жасалған 150-200 мл-лік бөтелкелер өте ыңғайлы. Ал емізік тесігі кең болмасын. Сүт бірден құйылып кетпей, тамшылап тұруы керек. Сонда бала емген кезде күш жұмсап шашалып қалмай емеді.

10. Бөтелкеге күтім қажет

Әр тамақтанып болған соң емізік пен бөтелкелерді ыстық суға ас содасын салып немесе балалардың ыдыстарын жуатын құралдарды пайдаланып, тұз салып жуу қажет. Аптасына бір рет емізік пен бөтелкені қайнатып алу да артықтық етпейді.