​ИММУНИТЕТІ мықты бала ПНЕВМОНИЯМЕН ауырмайды – дәрігер

1
6 861

Дәрігер кеңесі. Балалардағы пневмония – белгілері, сақтану жолдары, емі


​ИММУНИТЕТІ мықты бала ПНЕВМОНИЯМЕН ауырмайды – дәрігер

фото: news.myseldon.com


Пневмония – бүгінгі таңда аты жаман аурудың санатына жатады. Кәдімгідей денең түршігіп, бойыңды қорқыныш билейді. Пневмонияның белгілері бар дегенді естісең өз-өзіңнен терлеп, дегбірің қашады. Өйткені, аталған ауру көп адамның ажал құшуына септігін тигізді.

Ал бүгінде пневмонияға шалдыққан балалар туралы көп еститін болдық. Неге бұл ауру өршіп кетті, жазылуы қиынға соғып, асқынып барады? Ауруды дер кезінде анықтап, ем жүргізу қиын ба? Әлде дертке дауа болатын дәрінің жоқтығы ма? Жалпы, пневмония қандай ауру, оның белгілері мен емделу жолдары қандай? Редакциямызға келіп түскен осы және басқа да сұрақтарды Шымкент қаласы №6 қалалық емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Налібаева Назым Наматіллақызына (суретте) жолдаған болатынбыз. Назарларыңызға дәрігердің дерт туралы айтқан жауаптары мен кеңестерін ұсынамыз.


- Назым Наматіллақызы, неге бүгінде пневмониямен ауруханаға түсіп жатқан балалар көп?

- Пневмониямен аурушаңдық көбіне қараша-сәуір айлары аралығында өте жоғары болады. Ол ауарайының ылғалдылығына, климаттың өзгеруіне тікелей қатысты. Ал бүгінгі таңдағы балалардың пневмонияға шалдығуы иммунитеттерінің тым төмендігінің әсерінен болуда. Иммунитеті әлсіз ағза инфекция, вирус жұқтыруға бейім келеді. Салдарынан қорғаныс қабілеті нашарлап, бала ауырады. Оған қоса, елімізде кеңінен жайылған індеттің де әсері бар. Қанша сақтық шараларын қолданғанымызбен ауада короновирус бар. Ол бала денсаулығына әсер етпей қоймайды. Ең дұрысы, баланың иммунитетін көтеруді қолға алу керек. Қажетті дәрумендерді ішкізіп, дұрыс әрі құнарлы тағамдарды жегізіңіз.


- Балалардағы пневмония туралы толық айтып өтсеңіз...

- Пневмония – өкпе ұлпасының жедел инфекциялық қабынуы. Пневмония дер кезінде анықталса, тез арада жазылатын ауру. Дәрігердің нұсқауы бойынша емделсе бала 10-14 күнде толық жазылады. Егер асқындырып алса, 6-8 айға дейін созылуы мүмкін.


- Пневмония неден пайда болады?

- Пневмонияның ең негізгі себебі – тыныс алу жолдарына инфекция қоздырғышының түсуі. Қалыпты жағдайда бала ағзасы инфекцияға қарсы тұруға қауқарлы. Алайда, иммундық жүйенің әлсіреуінен ағза қоздырғышқа қарсы тұра алмайды, ізінше өкпеде қабыну процесі басталады. Сонымен қатар, пневмонияның пайда болуына суық ауарайы, авитаминоз, ұзақ уақыт антибиотиктер қабылдау, науқас адамдармен байланыста болу секілді жағдайлар әсер етеді.

фото: fb.ru


- Пневмонияның алғашқы белгілері қандай?

- Пневмонияның жалпы белгілері:

  • дене қызуының көтерілуі;
  • жөтел (бастапқыда құрғақ, кейін ылғалды);
  • ентігу;
  • кеуде тұсының ауырсынуы;
  • жалпы әлсіздік, ұйқышылдық;
  • бастың ауыруы;
  • тәбеттің төмендеуі.

Егер аталған белгілер байқалса, үй жағдайында емдеп уақыт өткізу қауіпті. Жедел түрде учаскелік дәрігерге қаралып, емдеу шараларын жүргізу керек.


- Пневмонияны қалай анықтайды?

- Науқас бала қай жерінің ауырып тұрғанын көрсетіп, айтқанымен нақты қалай ауыратынын білмейді әрі дәрігерге жеткізе алмайды. Сондықтан да алдымен анасының шағымдарына баса назар аудару керек. Сосын баланы мұқият тексеруден өткіземіз.

- Алдымен тыныс алу жиілігіне көңіл бөлу керек. 0-2 ай аралығында бүлдіршіндерде тыныс алу жиілігі 1 минутта >60, 2 ай-1 жас аралығында >50 , 1-5 жас аралығында >40, 5 жастан асқандарда >20 жоғары болса жиіленген тыныс алу деп есептеледі.

- Кеуде қуысының ішке енуі де маңызды мәлімет. Стетоскоп (жүректің соғуын және өкпенің шуылын тыңдайтын түтік тәрізді аспап) арқылы өкпеде сырылдың бар-жоғын тыңдаймыз.

- Кеуде торының рентгенографиясы да маңызды. Баланың өкпесін рентгенге түсіру керек.

- Пульсоксиметрмен тексереміз. Егер көрсеткіші <94-96% болса, онда балада гипоксия яғни, оттектің жетімсіздігін білдіреді.


- Пневмония болған балаларға қалай көмектесу керек?

- Амбулаторлы жағдайда баланы балалық шақтағы ауруларды интеграциялап жүргізу бағдарламасы бойынша тексеріп, пневмонияны жіктей отырып жедел түрде ауруханаға жатқызу керек.

Пневмонияның емі жоғарыда атап өткендей қоздырғыш түріне қарай жүргізіледі:

- жартылай синтетикалық пенициллиндер

- макролидтер

- цефалоспориндер II-III буынды

- вирусқа қарсы препараттар. Жедел қабыну белгілері азайған кезде электрофорез, массаж алуға болады.

фото: news.myseldon.com


- Пневмонияға шалдыққан балалардың күтімі қандай?

- Пневмониямен ауырған баланың күтімін жасау өте маңызды, себебі әлсіреген ағзаның қайта қалпына келуі ұзақ уақыт алады. Ендеше, науқасынан айыққан баланың ең алдымен иммунитетін көтеру керек. Оған қоса, таза ауада жиі серуендету, дұрыс тамақтану режимі, ағзаны дәруменмен, минералмен байыту, спортпен шұғылдану өте маңызды болып табылады.

Жоспарлы екпелерді уақытылы алуы тиіс. Айталық, тұмауға, пневмококк-гемофильді инфекцияға қарсы екпені салдыру міндетті болып табылады.

Амбулаторияда «Д» есепке 1 жыл көлемінде бақылауға алынып, әр 1, 3, 6 айларында тексерулерден өтуі керек.


- Пневмония қанша уақытта жазылады?

- Емнің ұзақтығы аурудың ауырлық деңгейіне байланысты 10-14 күнге дейін созылады. Сол уақыт аралығында науқас толыққанды сауығып шыға алады.


- Пневмония болған балалардың ауыруы қайталануы мүмкін бе?

- Иә, әрине қайталануы мүмкін. Ата-ана жоғарыда аталған ағзаны қайта қалпына келтіру шараларын жасамаған жағдайда балада қайталап ауыру қаупі бар.


- Пневмониядан қалай сақтану керек?

- Мейлінше, жас ағзаға сақ болу керек. Пневмониядан сақтану үшін ең алдымен иммунитетті көтеру керек. Иммундық жүйесі мықты ағза ешқандай ауруға дес бермейді. Мейлінше, кішкентайларды ЖРВИ ауырған науқастардан алшақ ұстаңыз. Шамалы суық тиіп, қандай да бір белгілер байқалса, дереу оқшаулаңыз. Міндетті түрде дәрігердің тексерілуінен өтіп, ем жүргізіңіз. Ауруды қаншалықты ерте анықтап, емін қабылдаса, соншалықты жазылуы да тез әрі жеңіл болады.


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ШАШЫРАТҚЫ көздің КӨРУ қабілетін жақсартады


БРОККОЛИ есте сақтау ҚАБІЛЕТІН жақсартады


МҰРЫННАН аққан СУДЫ аскөк МАЙЫ тоқтатады