​САУ болғыңыз келсе СУ ішіңіз – дәрігер

0
2 855

Суды шөлдегенде ғана емес, өз тәртібімен ішу керек.


​САУ болғыңыз келсе СУ ішіңіз – дәрігер

фото: sila-vody.ru

Сусыз тіршілік жоқ. Өйткені ол тұтас ағзаның қозғаушы күші. Қан айналым, жүйке жүйесі, асқорыту, зат алмасу процесінің қызметтері де ағзадағы су мөлшеріне тәуелді екенін ескерейік. Демек, біздің саулығымыз ішкен суымызға тікелей байланысты екенін біле жүріңіз. Жалпы, шөл қысу – дененнің су тапшылығына түсіп үлгергенінің көрінісі. Шөлдегенге дейін су ішпеу – ағзаны зорықтырады. Ендеше, суды шөлдегенде ғана емес, өз тәртібімен ішіп жүру керектігін және де судың адам ағзасына қаншалықты маңызды екенін невролог дәрігер Сманова Ұлжалғас Тұрғынбайқызы (суретте) айтып береді.


Ұлжалғас Тұрғынбайқызы, ағза су тапшылығына түскенін қалай білеміз?

– Қарапайым қара судың саулық пен жастық сақтаудағы маңызы зор. Су ішудің режимін сақтау арқылы-ақ денсаулығыңызды біршама оңдап аламыз. Ағза су тапшылығына түскенде:

  • ми қызметі нашарлайды. Депрессия, апатия, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқы бұзылады;
  • буын ауырып, бұлшық ет тырысады;
  • ауыз қуысынан жағымсыз иіс шығады, ауыз ойылып, құрғайды.
  • қан қоюланады;
  • қан қысымы көтеріледі;
  • ой жүйесіздігі туады;
  • асқазанда бұзылыс орын алады;
  • тұз қышқылы көбейеді;
  • өт қоюланады;
  • бауырдың синтездеу сапасы төмендейді;
  • ішек микрофлорасы қабынады.

Мұның бәрі ішкі органдардың жүйелі қызметін нашарлатады. Ішкі ағзадағы ауытқулардың нәтижесі сырт келбетімізден де көрініп тұрады.

фото: gastritinform.ru


– Су тапшылығы сыртқа қалай байқалады?

– Біздің ағзамыз – бетіміздің айнасы екенін ескеріңіз. Егер ағза су тапшылығына ұшыраса, онда:

  • тері қатты құрғайды;
  • теріге түрлі жара, қышыма шығады;
  • шаш, тырнақ сынғыш келеді;
  • әлсіздік мазалайды;
  • артық салмақ болады.

Сіздің теріңіз өзіңізге ұнамаса, қымбат крем сатып алуға асықпаңыз. Оны сыртынан қаншалықты жақсартқыңыз келсе де, нәтижесіз болады. Оның орнына су ішу тәртібін қолға алыңыз.


– Су ішудің тәртібін айтып өтесіз бе?

– Әрине, су ішудің де тәртібі бар (кестеде көрсетілген). Су ішу деген осы екен деп 1 стақан суды сіміре салуға болмайды. Оның мөлшері мен температурасы маңызды.

  • судың температурасы – 30-35 градус болуы керек;
  • суды стақанға құйып алып, жайғасып отырыңыз. Сосын аз-аздан ұрттап ішесіз;
  • тамақтанып отырған кезде мүлде су ішуге болмайды. Тамаққа дейін немесе кейін, яғни 30-40 минуттан алдын не кейін ішу керек.
  • қайнаған су емес, мейлінше минералды су ішіңіз.

Мөлшері де маңызды рөл ойнайды.

Дені сау адам күніне 2 литр су ішуге әдеттенуі тиіс. Ал жүкті, емізулі әйелдерге 500-600 мл су тағайындалады. Егер сіздің физикалық белсенділігіңіз күндегіден көбейсе, онда дене салмағыңызға қарай судың мөлшерін арттырасыз.

Егер қара су іше алмайтын болсаңыз, онда лимон, лайм, қияр қосылған су ішуге де болады. Сонда судың татымы жақсарады әрі құрамы бағалы заттарға толығады.


КЕСТЕ


– Су ішуді әдетке айналдырудың пайдасымен бөліссеңіз...

– Егер сіз қалыпты мөлшерде су ішетін болсаңыз, онда:

  • жалпы жағдайыңыз жақсарады;
  • жаңа жасушалар түзіледі әрі жаңарады;
  • су асқазан сөлімен араласып барып сіңгенде ас қорыту жүйесінің жұмысы жақсарады. Нәтижесінде іш қату, іш өту секілді жайсыздықтан біржолата құтыласыз;
  • қаннның қоюлануына жол бермейді, зат алмасу процесі белсенді жүреді;
  • өт қоюлануының алдын алады. Өт, бауыр, асқазан-ішек жүйелі қызмет жасайды;
  • ағзаны шлак пен улы заттан тазалайды.


Ұлжалғас Тұрғынбайқызы, кеңес бергеніңізге үлкен рахмет!


Міне, ардақты оқырман, саулығымызды сақтаудың ең тамаша құпиясын білдіңіз. Ендеше, оны сақтауды бүгіннен бастаңыз. Бұдан да басқа кеңестерді білгіңіз кесе, онда Ұлжалғас ханымның «doctor_smanova» инстаграм парақшасына жазылыңыз. Сіз өзіңізге қажеттінің бәрін табасыз.


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


СІҢІРДІҢ ТАРТЫЛУЫ қандай ДЕРТТЕН дерек береді?


ҚАРНЫҢЫЗДЫҢ неге жиі АШАТЫНЫН білесіз бе?


ҚУЫҚ қабынғанда БАЛ қосылған ШАЙ ішіңіз