​«Абысыным үйімнің берекесін кетірді»: түркістандық дәрігер жаланың құрбаны боп жүргенін айтады

0
3 300

«Сен менің қызметімді көтермедің» деп ренжіп отыр»


​«Абысыным үйімнің берекесін кетірді»: түркістандық дәрігер жаланың құрбаны боп жүргенін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мың жерден тыраштанып, тырбансаң да пешенеңе жазылғаннан артық болмайды. Несібең де, байлығың да, қызмет те солай. Тағдырыңа бастық болу жазылса, көрмейінше көрге кірмейсің. Бірақ соны түсінбейтін іштарларды қайтеміз?» - дейді Оразкүл есімді түркістандық дәрігер.


Аудандық ауруханалардың бірінде бас дәрігердің орынбасары боп істейтін оқырманымыз абысынына ренжулі. Оның себебін Оразкүл ханым ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Қарағандыдағы медициналық академияны бітіріп келгенде болашақ күйеуіммен таныстым. Ол да оқыған, білімді азамат. Біраз уақыт сырласып, кездесіп жүрдік те, ата-аналарымыздың рұқсатымен бас қостық. Келген жерімде бірден бөлек шығуға мүмкіндік болмады. Күйеуім кенже бала, осы шаңырақтың иесі сендерсіңдер дегесін ата-енемен тұруға қарсы болмадым. Аудандық ауруханаға дәрігер боп орналастым.


Өзімнен үлкен абысыным бар. Үйіміздің жанындағы бос жерге үй салып, бөлек шыққан. Көрші тұрғасын қазанымыз бір, бір-бірімізге құрттай қатынап жатамыз. Сол себепті келін боп түскен сәттен абысынымды әпкемдей көрдім. Әр мерекеде үстіне халат, көйлек, орамалын әперіп, туған күнінде алтын тағып, барынша сыйлауға тырыстым. Өзімнің табиғатым сондай, ақша үшін басымды ауыртпайтын адаммын. Бар кезде елге берген дұрыс, тықақтап жинағанда береке болмайды. Бірақ соны абысыным жағымпаздану деп түсінетінін қайтерсің?


Дәрігер боп орналасқалы алдыма келген науқастармен жылы сөйлеуге тырысамын. Жүкті әйелдерді босандырам, бүгіннің өзіне аядай ғана ауданда мен босандырған бес жүздей сәби бар. Емханаға келген сайын аналары ертіп келіп, мынау сіздің балаңыз десе, төбем көкке бір елі жетпей қалады. Әр күні біреуі есігімді қағады, көмек, кеңес сұрағанға ерінбей түсіндірем. Үстімдегі ақ халатыма лайық болуға тырысам.


Соның арқасында бір жылда бөлім меңгерушісі, екінші жылы бас дәрігердің орынбасары боп көтерілдім. Қызмет жоғарылаған сайын баратын жиналысың басшылықтың алдында беретін есебің, саған хабарласатын науқастардың да көбейетіні белгілі. Соны абысыным түсінбей жүр. Ол біздің емханада санитар боп істейді.


Қай уақта айтып үлгеретінін білмеймін, жұмыстан үйге шаршап келсем енем мен күйеуімнің қабағы бір ашылмайды. Перзентханада істеген соң ұлды-қызды болған әкелер кейде гүлін әкеп, тортын сыйлап жатады. Соларды көтеріп үйге келсем, «мынаны кімің берді» деп шу шығарады. «Бәсе, бүгін саған гүлмен бір еркек келді деп еді» деп жеңгемнің «өсегін» дәлелге қосады.


Жел сөзге, өсек-ғайбатқа тез еріп кету адам баласына тән нәрсе ғой. Күйеуім мен енем жұмысқа жинала бастағаннан жақтырмайтын болды. Абысыныммен талай рет ашық сөйлестім.

«Жеңеше, сыртымнан әңгіме айтпасаңызшы, мен науқастармен тек жұмыс бабында сөйлесем ғой. Соның бәрін апама айтқаннан не ұтасыз, арадағы сыйластықты сақтайық» деп айтқам. Тыңдап, түсінгендей болады да, артынан тағы мені даттап, өсектеп шыға келеді. Сондай күндері тыныш отырып шай ішу арман. Енем бетіме қарап сөйлемей қояды, салған сәлеміме жауап жоқ. Шайға шақырсам бөлмесіне жатып алып, шықпайды.

Түнгі ауысымнан шаршап келгенде осының бәрі жүйкеге әсер етеді. Бірдеңе бүлдіріп қойсам мейлі екен, жазықсыз жаланың құрбаны болғаныма жыным келеді.


Өсекті отбасыма тасығаны былай тұрсын, енді үйдегі жағдайды жұмысқа айтатын болған. «Оразкүл тым салақ, қолынан ештеңе келмейді, үйге барса аяқты аспаннан көтеріп «мен бастықпын» деп жатады. Сосын амалсыз енем сиырын сауып, тамағын істейді. Енеме қарап жаным ашиды да, амалсыз өзім кірісем» деп мейірбикелердің арасында мені жамандапты. Мейірбикелер күніне орай өз қолыммен пирог, самса пісіріп апарғам. Қыздардың мерекесі ғой, олардың да еңбектері оңай емес, бір қуантып қояйын деген ойым ғой. Сөйтсем бір қыз «Апай, сіз осындай нәрселерді пісіре аласыз ба не, сізді қолынан ештеңе келмейді деп абысыныңыз айтып еді» деп айтып қойды.


Сол кезде бірінші рет абысыныма қатты сөйлеп, ұрысып қалдық. «Мен сені көре алмайм» деп айқайлап жіберді ол. «Келген күннен атам мен апам бетіңе қарап, сені мақтай бастады. Келдің де, дәрігер боп шыға келдің. Барлық қошемет, мақтау тек саған айтылады, мен кіммін, әр палатаның полын жуып жүрген біреумін» деп іштарлығын, қызғанышын білдіріп қойды.


Абысынымның оқымағанына мен кінәлімін бе? Мен секілді тоғыз жыл оқып, күні-түні кітап кеміріп, жоғары білім алып, қызметке тұра алмаса, реніші орынды. Ал оқымай, тоқымай жүрген адам санитар болмағанда кім болады? «Сен қолыңнан келсе де менің қызметімді өсірмедің» деп ренжиді. Қолында дипломы жоқ адамды қалай мейірбике етем? Осыны айтсам түсінбейді...»