«Ағама несие әперемін деп дымсыз қалдым»: алматылық келіншек туысқа несие әперудің зардабын айтып берді

0
1 718

«Бүкіл алтыным ломбардта жатыр»


«Ағама несие әперемін деп дымсыз қалдым»: алматылық келіншек туысқа несие әперудің зардабын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кредит деген бәле болды. Рахатын өзім көрсем мейлі ғой, ағам мен жеңгеме алып берем деп, отбасымның ойраны шыққалы тұр. Ал ағам мен жеңгеме бәрібір, алған несиесін төлемей, мені сорлатып отыр», - дейді алматылық Нұрила есімді келіншек.


Туысына сөзі өтпей, күйеуінен күнде сөз есітіп жүрген Нұрила ERNUR.KZ оқырмандарына туысқа несие алып берудің қандай болатынын айтып берді.


«Үйленгенімізге он жылдан асты. Жас отбасы ретінде баспаналы болып, күйеуіміз екеуміз екі жақтап сол үйдің несиесін құйып келеміз. Күйеуім құрылыста істейді. Өзім мектепте бастауыштан сабақ беремін. Айлығым жақсы, ипотеканы сол табысқа сеніп алғанбыз.


Былтыр туған ағам «Шымкент – Түркістан бағытында жүргізуші болып істеймін, астыма жаңа «Альфард» керек еді. Өзімнің тұрақты жұмысым болмаған соң несие рәсімделмей жатыр. Маған кредит әпере аласың ба, алған көлікті сенің атыңа жазып қоямын. Ай сайын уақытылы төлеп тұрам» деп хабарласты. Жалғыз ағам ғой, бетін қайтара алмадым. Бірақ күйеуім Алмат о бастан қарсы болды. «Туысқанға кредит әперудің қажеті жоқ, араласпа. Өзіміздің несиеміз де нервке тиіп жүр, қайтесің бас қатырып» деп айтқан. Тыңдамай, оған айтпай үш миллион теңге әпердім. «Айналайын, рахмет. Көлік алғанда атыңа аударып берем» деп ағам бетімнен қайта-қайта сүйіп, қуанған. «Аға, туған бауырмыз ғой, менің атыма аударам дегенді айтпаңыз. Уақтылы төлеп, несие тарихымды бұзбасаңыз болды» деп мәрттікке сала салдым. Соным бекер болыпты.


Бастапқы алты айды тәп-тәуір құйды. Несие төлейтін кезде банктен хабарласып, ескертеді. Ай сайын ағама «бүгін кредит төлейтін күніңіз» деп есіне салып отырдым. Бір-екі күн кешіктіріп құйса да төлеп тұрды. Алты айдан соң ағам айныды. «Машина бұзылып қалып, жұмысқа шыға алмадым. Бұл айда табыс түспеді. Тапқаным темір-терсекке кетті. Келесі айда қосып құямын» деп неше түрлі сылтауларды ойлап таба бастады.


Содан бері, міне, бір жыл екі ай болды, өзім төлеп келемін. Осы несие үшін қазір ажырасудың аз-ақ алдында тұрмыз. «Мен саған айтқам» деп сағат сайын миымды жейді. Өзі құрылыста істеген соң айлығына сенім жоқ. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ, ондай кезде пәтердің несиесін өзім төлейтінмін. Ал қазір айлығым ағамның несиесін жабуға кетіп жатыр. Ай сайын ішпей-жемей 110 мың теңгені банкке құйып, ішім удай ашып жатыр.


Ағаммен қарым-қатынасымыз үзілді. Ауылға арнайы барып та, телефонмен де айта-айта шаршадым. «Жұмыс жоқ, тапқан табысым балалардың тамағынан артылмайды, төлей берші, тірі тұрсам қайтарам» деп бетіме қарап отыр. Жағдайы жоқ дейін десең, жеңгемнің киінгеніне, таққан алтындарына қарап олай дей алмайсың. Мұғалім болсақ та, қалада тұрсақ та жеңгем киген көйлекті алуға ақша қимаймын. Қысқасы, қарадай күйіп-пісіп отырмын.


Кешегі айда өзім ауырып, ауруханаға жатып қалдым. Денсаулығыма байланысты еңбекке жарамсыздық парағын ашты. Он бес күн жұмысқа бармай, айлығымның біразы қысқартылып қалған. Айдың соңында қолыма арзымайтын ақша түсті. Ағамның несиесі түгілі өз пәтеріміздің төлеміне де жеткен жоқ. Амалсыздан бүкіл алтынымды ломбардқа өткіздім. Келесі айда оны қалай аламын деп отырмын.


Осындайда сөзімді сөйлеп, ағамның бетін бері қарататын әке-шешемнің де орны қатты білінеді екен. Марқұм ата-анам тірі болса мені бұлай жылатып қоймас еді. Бауырларыма бәрібір, сіңлім «аңқаусың, бауырың түгілі балаңа да кредит әпермеу керек» деп өзімді жерге тығып тастады.


Кешегі айдың несиесі құйылмағасын банкке барып, үстіне қосылатын пайызын өсірмеуді сұрап өтініш жаздым. Олар әзірге келісіп отыр. Оған да шүкір деп қуандым. Бірақ әлі төрт жыл төлейтінімді ойласам шашым ағарып кетеді. О баста ағамның көлігін өз атыма тіркетіп алмаппын, осы кезде соны сатып біраз бөлігін жауып тастар едім. Туысқа сенем деп төбем ойылып отыр.


Көпшілікке айтар кеңесім, ешқашан, тіпті аяғыңызға жығылса да туысқа, танысқа несие әпермеңіз! Қара су ішсең де уайымсыз отырған жақсы. «Сауаптың түбі тесік» деген рас екен. Күнім жылаумен, күйеудің шымшыма сөздерімен өтіп жатыр. Ұят та болса айтайын, ішкиім алуға ақшам жоқ, тапқанымды тиындап банкке құйып жүрмін. Сондықтан мұндай нәрсеге жоламаңыздар!»