​«Әйелім біреумен жатқандай үйге қайтқанша асығамын»: тараздық азамат өзін мазалайтын мәселесін айтты

0
1 515

«Ажырасайын десем, баламды қимаймын»


​«Әйелім біреумен жатқандай үйге қайтқанша асығамын»: тараздық азамат өзін мазалайтын мәселесін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

һ

«Қызғаныш деген қызыл ит ішіме кіргелі үш жылдан асты. Содан бері түнде ұйқы, күндіз күлкі жоқ. Жын ұрған адамдай үйіме аласұрып жетем де, әйелімнен күдіктеніп бүкіл үйді ақтарып шығамын. Үйленбеген кезімде өз-өзіме сенімді жігіт едім, бәленің бәрі көзімнің көруі нашарлағаннан болды», - дейді Заңғар есімді оқырман.


Үйленген, бір балалы азамат әйелін қызғанатынын айтады. Отбасындағы жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Есі дұрыс еркек, өзіне нық сенімді азамат мен сияқты күн сайын азаптанбайтын шығар. Мен үйленгелі бері өзгеріп кеттім. Олай етуімнің себебі, әйеліме үйленгенде қыз болмай шыққаны. Екеуміз қыз бен жігіт боп кездесіп жүргенде оған оғаш қылық көрсетпегем. Кейін, уақыт өте оған бауыр басып, сезімім күшейе бастағасын, үйленуге ұсыныс жасадым. Ол бірден бас тартты. «Мен сенің теңің емеспін» деп жылап шықты. Сөзінен түсінгенім, бұрын бір жігітпен жүріп, онысы алдап кеткен екен. «Мен қыз емеспін, сондықтан уақытыңды өткізбей, үйленуге басқа қыз ізде» деп ағынан жарылды.


Бірақ менің олай етуге дәтім бармады. Оның үстіне, несін жасырайын келіншегімді қатты сүйдім, болашағымды сонымен ғана елестетіп қойдым. Ары ойланып, бері ойланып, оған кешіріммен қарап, үйленетін болып шештім. Біздің әулет қыздың босағаны таза боп аттауына келгенде қатал-тұғын. «Келінді төсекке саламыз» деп жеңгелерім жабылғанда «Әуре болмаңдар, мен жас бала емеспін, біз қосылып қойғанбыз» деп беттерін қайтарып жібердім.


Сонымен екеуміз үйлендік, екі ай ата-анаммен бірге тұрып, жұмыс бабымен қалаға көшіп келдік. Мен құрылыс компаниясында дәнекерлеуші боп істеймін, әйелім базарда киім сатады. Босанғанша сонда істеді. Балалы болғанша оның оғаш қылығын байқамадым.

Босанғасын күнде кешкісін телефонын құшақтап сыртқа шығып кете беретін болды. «Ата-анасымен сөйлесетін шығар, менің көзімше ыңғайсызданатын шығар» деп біраз күн елемей жүрдім. Бір күні «баланы ойнатып келем» деп аулаға шығып кеткен. Қас қарайып қалған сәт қой, артынан темекімді алып шықсам, сәкіде теріс қарап отыр екен. Менің келгенімді байқамай қалса керек, «Қойшы, әлі ұмыта алмай жүрсің бе соны? Менің де есімде» деп біреумен ыржалаңдап сөйлесіп отыр екен. Естімеген адам секілді жанына отырып едім, телефонын қоя салды.


Осыдан кейін менен маза кетті. Түнімен басыма неше түрлі жаман ойлар келіп, шашым ағара бастады. Өзімен ашық сөйлесейін десем нақты дәлелім болмағасын, бәрібір мойындамайтынын біліп тұрмын. «Мүмкін мен қате естіген шығармын, ол құрбысы шығар» деп өз-өзімді жұбатып қоям, бірақ «менің де есімде» дегені құлақтан кетпей қойды. Реті келсе телефонын тексеруге тырысатын ауру пайда болды. Ол да бірдеңеден күдіктенгендей телефонын бір минут қалдырмайды. Қалтасы жоқ болса ышқырына қыстырып алады.


Бір күні балаға киім-кешек әперетін боп базарға бардық. Әйелім баламызға киім кигізіп жатқанда телефонының даусын өшіріп, қалтама салып алдым. «Жоғалды деп ойласын» деген арам ой келді. Расында да әбден іздеп, жоғалғанына сенгесін үйге қайттық. Ертеңіне жұмысқа барып, телефонын екі сағат тінтідім. Кіммен сөйлескенін, кімге не жазғанын мұқият өшіріп отырған екен. Тек бір құрбысына «Хабарласып, сені ұмытпадым деп қоймай жүр. Ажырас, екеуміз үйленеміз деп миымды жей береді» дегені сақталыпты.


Ананы оқығанда қаным басыма шапты. Тіпті әйелімді сөзге келместен, бауыздап өлтіріп тастағым келді. Ашудан дірілдеп, дүкеннен бір шиша арақ сатып алдым. Ешкімге айтпай, үйде қамығып арақты іше бердім. Әйелім жұмыстан үйге кіргенде сұсты болып тұрған түрімді көріп қатты қорқып кетті. Ештеңе айтпастан, «мынауың не?» дедім. Әйелім ақталған жоқ, тек жылап отыра берді. Мастықпен не айтып, не қойғанымды білмеймін. Бір қарасам, үйде жалғыз жатырмын, әйелім жоқ, үйдің бәрі шашылған, арақтың бөтелкесі, тәрелке, кеселер сынған, басым мең-зең.


Көршілерім үйге келіп, «сен ішіп алсаң, жынды екенсің ғой, әйеліңді пышақпен қудың» дейді. Досыма телефон шалсам, әйелім соның үйінде екен. Досымның әйелі екеуі құрбы еді. «Үйге алып кел» деп бұйырдым. Басы салбырап келді. Артық ештеңе демедім.

«Мен сенімен енді тұра алмаймын. Бәлкім саған дұрыс күйеу бола алмаған шығармын. Арамызда реніш болмасын, артық кетсем кешір. Бірақ тап қазір ажырасуға арыз береміз» деп ойымды айттым. Ол жылап, кешірім сұрады. Енді ол еркекпен мүлдем сөйлеспейтінін айтып, аяғыма жығылды. Досым да «бауырым, ақылға салсайшы, балаңды ойла» дегесін, тағы бір мүмкіндік бердім.


Осы жағдайдан кейін менің көзімнің көруі нашарлап кетті. Сварканың да әсері болса керек, қазір алдымда тұрған адамдар бұлдырап көрінеді. Емдеу керек, ота жасау керек деген. Оған төлейтін миллион әзірге менде болмай тұр. Осы жағдай да менің жағдайымды қиындатып жібергендей. Жұмыс біте сала үйге асығамын. Біріншіден «папа-ааау» деп алдымнан жүгіріп шығатын балам үшін, екіншіден әйелім біреумен жатқан жоқ па деген арам ой мазалайды. Үйге кіре сала әйеліме білдірмей бөлмелерді тінтіп шығамын. Түннің бір уағына дейін көз ілмей, әйелім дым білмей ұйықтап қалды-ау дегенше дөңбекшіп жатып алам. Сосын білдірмей телефонын алып, тексеріп шығам.


Бұл менің әлсіздігім бе, сорлылығым ба, білмеймін. Бұлай қашанғы өмір сүрерімді де білмеймін, шаршап кеттім. Достарыма да айтуға ұяламын. Тек іштей налимын. Жатсам да, тұрсам да сол бәле есіме түсіп, бақытты отбасы болуға деген арманым су сепкендей басылып қалады. Жүрегім ауырады.


Сәл бірдеңе болса, бір жігітпен сөйлесіп қойса, тіпті біреуге күліп қараса да, қабағымнан бірден қар жауғандай боп түнеріп кетем. Тіпті осы қызғаныштың кесірінен «сен менің әйеліме неге күліп қарайсың?!» деп сыныптасымды да сабап тастадым. Әлі күнге дейін осы ісі жаныма қатты батып жүр. Ұмыта алмаймын. Қызғаншақтығым қазір әдетке айналып бара жатқандай. Не істесем екен,әлде бұлай қиналғанша ажырасып кете салғаным дұрыс па? Бірақ, баламды қимаймын...»