​«Әйелімді ағасы зорлаған боп шықты»: қызылордалық азамат ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды

0
728

«Бала күнінде болған оқиға жанына мәңгі жара салған»


​«Әйелімді ағасы зорлаған боп шықты»: қызылордалық азамат ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жастықтың буымен не демейсің, кейде алды-артыңды аңдамай асыра сілтеп сөйлеп жіберетініміз бар. Бірақ біздің қалауымыз бен Құдайдың бұйырғаны екі бөлек боп шықса, онда тауың шағылып, меселің қайтып қалады екен», - дейді Ғабит есімді жігіт.


Үйленгеніне үш жыл болған азамат әйелінің басынан өткен ауыр жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бұрын жігіттермен өзара әңгімелесіп отырғанда қызды-қыздымен «еріндері кеседен басқа жерге тимеген, мақтадай қолдарын ешкім ұстамаған, арын адам баласы таптамаған қыз алам» деп мақтанушы едім. «Бөскенді де көргенбіз, өскенді де көргенбіз, бөсіп, өсіп, соңында өшкенді де көргенбіз» демекші, таңдап жүріп алғаным мен ойлағандай қыз болмай шықты.


Әйеліммен сүйіп қосылдық. Сөйлесіп, жарты жыл болмай бас құрауға шешім кабылдадық. Арамызда ұзақ бір хикая болмаса да, махаббатқа жанып үлгердік. Нағыз махаббат осы болар деп ойладым. Бұрынғы басымнан өткерген сезімдер, сөйлескен қыздардың бәрі ұмыт болды. Сонымен үйдегі кісілер құда түсіп барды, оның әке-шешесі де тым қарсы болмады, көнді. Тойдың күнін белгілеп, екі жақтың әңгімесі жараса кетті. Сөйтіп ұзату тойы болды, куанышымда шек жоқ, бақытты сезінгендей болдым. Неге қуанбаймын, өзі әдемі, жас, ақылды, өнерлі қыз — менің келіншегім болды.


Той тарқап, үйге қайттық. Салт бойынша көтеріп алып кеттім. Үйге келгесін бәрі думандатып, құдалар жағы бірін-бірі күтіп, салт-жоралғыларын жасады. Ертеңіне үйде беташар өткіздік, түстен кейін мешітке барып некемізді қидырдық. Қысқасы, ойымдағы арман-тілектің сәтімен, ретімен орындала кеткені көңілімді марқайтып тастады. Ерлік жасаған адамдай қатты қуандым.


Не керек, той-жиын бітіп, адам аяғы басылған соң, кешкісін ақ отауымызға кірдік. Бірақ көңілім су сепкендей басылып қалды. Үлбіреген мақтадай, аппақ жарым көз алдымда тұманданып, лайланып сала берді. Төбемнен суық суды шелектеп төге салғандай денем мұздап кетті. «Қайда, кіммен?» деп сұрадым. Ол «білмеймін» деуден танбады.


Негізі, екеуміз бұл туралы сөйлескен едік әу баста, ол тазамын деп жауап берген. Өтірік алдап тиіп алғаны жүрекке қатты тиді. Ойым астаң-кестең... өзімнің достарымның алдында асып-тасып сөйлегенім, кейде шамадан тыс асыра сілтеп жіберетінім көз алдыма келді. «Құдай мені жасаған күнәларым үшін осылай жазалап отыр ғой» деп күбірлеп қайталай бердім. Әйелім жылап «мен ешкіммен жатқан жоқпын, сенің алдыңда тазамын» деп Алланың атымен ант етіп шырылдап қалды.


Шегінерге жол болмады, екі күннен кейін ажырасып кетіпті деген өсектен қорқып, әйеліммен бірге тұрдым. Бірақ көңіл бұрынғыдай емес, алып-ұшқан сезім жоқ. Әйтеуір өмір өтіп жатты.


Бір күні ата-анасы тамаққа шақырып, әйелім екеуміз қыдырып бардық. Обалы не керек, қайын жұртым мені жақсы қарсы алды. Алдымызға барын тосып, бәйек боп жатыр. «Күш кешкіріп қалды, қонып кетіңдер» дегеніне қарамай, үйге қайтуға бел будық. Сол сәтте әйелімнің әкесінің інісі «мен шығарып салайын» деп жалпылдап кетті. Бірақ әйелім оның сөзін естігенде азар да безер болды. «Такси шақыра салшы, өзіміз кете берейік» деп ағасына үрке қарағанынан кішкене секемденіп қалдым.


Үйге келгесін әйелімді тағы сұрақтың астына алдым. «Ағаң әкеп тастаймын деп еді, сен оған неге қарсы болдың? Оған тағы біртүрлі қарадың. Не себеп болды?» тоқтамай тергей бердім. Көңілім бірдеңені сезгендей. Ол басында ештеңе айтқысы келмей, әңгімеден қашқақтаған. Ақырында «жаным, не болса да бәріне түсіністікпен қараймын, айта алмай жүрген сырың болса, маған айтшы» деп жылы сөйлей бастадым. Бір кезде ол «Ағам маған кішкентай кезде көп тиісетін...» деп жылап жіберді.


Сөйтсем, әлгі әкесінің інісі кішкентай кезінде ешкімге айтпай зорлаған екен. «Мен ол кезде 8-9 жастағы кішкентай қыз едім, мамам да, папам да жұмыста. Мені сол ағам мектептен әкеп, тамағымды беріп қарайтын. Бір күні мені көтеріп алып, бөлмеге кіргізіп алды да ішкиімімді шешті, артынан өзі шешініп, бірдеңелерді істеді. Ол кезде ол 14-15 жастағы бала еді. Кейін бұл жағдай тағы бір рет қайталанды. «Мамаңа, папаңа айтпа, бұл әшейін ойын ғой» деп алдап, балмұздақ әперіп, паркке қыдыртып әкелетін...» деп бар шындықты жайып салды.


Мен жылап жібердім. Бір жағынан әйеліме жаным ашыды, екінші жағынан осының бәрін үйленбей тұрып айтпағанына ренжідім. Біз болмашы нәрсеге ұрыса беретін едік. Қайынжұртқа бару, олардың той-томалағына қатысу мен үшін азап болды. Көрген жерде қыз зорлағыш қайнағамды өлтіре салғым келетін. Бірте-бірте өзімнің ашу-ызамды ақылға жеңдіріп, әйелім екеуміз әжептеуір үй боп кеттік. Тағдырының солай болғанына әйелімнің қандай кінәсі бар деп іштей өзімді сабырға шақырдым. Қазір екі перзенттің ата-анасымыз.


Жаңағы ағасының жағдайын айтайын, «өмір – бумеранг» деген рас қой, жақында кәмелетке толмаған қызын біреу зорлап кетіпті. Қазір тергеу жүріп, қайынағамыз әйелімен шыр-пыр боп жүгіріп жүр. Ішінен Құдайдың не үшін жазалағанын түсінген шығар. Бұл өмірде біз не істесек те, не айтсақ та жауап беретін кез келеді екен. Аузымызға да, нәпсімізге де тоқтау сала білейік, жігіттер...»