«Әйелімнің тағы бір ұл туғанына қарсымын»: талдықорғандық азамат себебін түсіндірді

0
3 687

​Ол неге ұл баланы қаламайтынын айтып берді.


«Әйелімнің тағы бір ұл туғанына қарсымын»: талдықорғандық азамат себебін түсіндірді

Фото: ttps://pbs.twimg.com

Жасы 40-тан асқан әйелдердің арасында денсаулығының шамасына қарамай «жалғыз ұлыма серік керек» деп дәрігер есігін тоздырып жүргендер көп. Ал үш қыз, бір ұлы бар 47 жастағы Берік есімді азамат әйелінің тағы бір ұл туғанын қаламайды.


Талдықорғандық азамат себебін ERNUR.KZ тілшісіне баяндаған оқиғасында түсіндірді.


«Айналамдағы ата-аналардан ұлына серік болсын, бауыр керек деп, жастары 45-ке келсе де бала жоспарлап жатқандарын естігенде, терең күрсінем. Өйткені біріншіден, бұл жаста бала туу әйелдің денсаулығына қауіпті. Егер бала туу үстінде қайтыс боп кетсе артында қалған ұл-қыздарының жағдайы не болады?

Екіншіден, аға-іні боп бір-біріне шын жаны ашып, басына бұлт үйірілгенде пана боп жүрген ешкімді көрмедім. Ондай мейірімділікті әпке-сіңлілерден көріп жүрмін, ал араздасып, жат боп, бір-бірін көргісі келмейтін ұлдарды көп кездестірем. Кейбір достарымның «Бұндай бауырдың барынан жоғы жақсы еді» деп күйінгендерін естігенде жағамды ұстамаймын, таң қалмаймын. Өйткені өзім де талай рет анама «Неге інімді туғансыз?» деп кейігенмін.


Анам «Сені өзім үшін, ал ініңді сен үшін туғанмын. Сені жалғызсырамасын дедім ғой» деп ренжіп қалатын. Кейін қартайғанда «Бір-біріне сүйеніш болады деп ойлаған едім. Мүмкін бұл балам менің жазам шығар...» деп, кенже ұлына қапалығын айтып отыратын болды.


Бастапқыда ініме емес, маған қапа болатын. «Ініңе көмектеспедің», «Ініңе жаның ашымайды» деп, ренжитін еді. Менде де жүрек, сезім бар, жалғыз інім адам болсын деп, ешнәрседен аянып қалмадым. Бірақ ол айтқан ақылыма құлақ аспады, қателіктерін қайталай берді.
Оқу-білімге қыры жоқ болса да сүйрелеп жүріп, ЖОО-ға құжаттарын тапсырдым. Өзім қара жұмыс істеп жүрсем де інім мен сияқты қиналмасын деп тіледім. Дипломы болса қыста жылы жерде, ал жазда салқын кеңседе отырады деген оймен балаларымның аузынан жырып, төрт жыл оқу ақысын төледім. Ал ол диплом алатын жылы емтихандарға қатыспай, әбден күйдіргені есіме түссе әлі күнге дейін ашуым келеді.
Емтихан тапсыратын уақытта екі досымен Алматыға қыдырып кетіпті. Кешірім сұрап деканының алдына бардым. Декан «Басқа емтихандарына қатыспаса бағасын қойып берер едік. Бірақ мемлекеттік емтиханға қатыспағаны мемлекетті құрметтемегені, заңды аяқасты еткені» деп, құлатты. Көкелеп, жалынып жүріп, күзде қайта тапсыруға көндірдім.


Әй, болмайтын бала қанша ұрыссаң да болмайды екен. «Дипломыңды алғанша тыныш жүрші» дегенмін. Нан тауып жейтін дипломы болса өз күнін өзі көрер дегенмін ғой. Мемлекеттік емтиханды қайта тапсыратын күнге бір апта қалғанда інім бұзақылық жасап, уақытша қамауға алынды. Кафеде біреулермен төбелесіп, ауруханаға түскен жігіттің ата-анасы сотқа арыз жазған.


Кешірім жаздырып алу үшін арызданушылардың соңынан екі ай жүгірдім. Баласы ауруханадан шыққанша, кешірім бермей әбден қинады. Кешірімді сот процесі кезінде берді.
Осылай інім декан берген екінші мүмкіндікті де жіберіп алып, дипломсыз қалды. Қайран төрт жыл бойы қолым күс-күс боп тілініп жұмыс істеп оқуына құйған ақшам-ай, далаға кетті. Мейлі, бастысы амандық қой деп, жұбандым.
Одан кейін де талай күйдірді. Көршінің баласының көлігін рұқсатсыз айдап екі апта жоғалып кеткенде де, досына қыз алып қашып басы бәлеге қалғанда да темір торға қамалып кетуге сәл-ақ қалып еді. Ол кезде де айыптаушы тарапқа сұрағанын беріп, олар арызын қайтарып алған болатын.

Санамаласам, он жылдан бері інімнің былығын жауып, темір тордан аман алып қалу үшін қаншама миллиондар кетіпті. Егер інім болмағанда мен төрт баламмен пәтер жалдап жүрмес едім. Оған «төлеген» ақшаға осы күнге дейін үй сатып алар едім. Інім болмағанда мен қазір дипломсыз, екі қолға табылған қара жұмысқа жегілмей, жұрт қатарлы қырлы шалбар киіп, галстук тағып кеңседе отырар едім деп ойлаймын. Балаларым да өсіп қалды, олардың жағдайын жасай алмай отырмын.


Егер інім менің жылап отырып айтқан сөздерімді тыңдап түзелсе босқа кеткен жылдарым мен текке кеткен ақшама ішім ашымас еді. Анам айтқандай ол маған серік болған жоқ, керісінше өмірімді азапқа салды ғой. Сондықтан мен өз ұлымның да дәл мен сияқты қиналғанын, інісі үшін құрбан болғанын қаламаймын.


Ағасын жерге қаратпайтын, керісінше өміріне «тыныс» боп жүрген інілер де бар шығар, бұған шүбә келтірмеймін. Бірақ өз інім әбден сергелдеңге салғандықтан, маған бір ұл жетеді деп отырмын. Егер інім екеу-үшеу болғанда, мен жүнжіп жоқ боп кетер ме едім деп те қорқам кейде. Бастысы, перзентсіз емеспін ғой. Ұлым да бауырсыз емес, үш әпкесі бар...


Берік әңгімесінің соңында «Әке-шешемнің маған іні сыйлағанына оларды кінәламаймын. Ағаны сыйлап-құрметтеуді үйретпегеніне ренжимін. Маған «ініңе жанашыр бол, оны кешіре сал, қорға дей бермей, ініме де «Ағаңды тыңда. Ағаң үлкен, айтқанын орында. Оны сыйла» деп өсіргенде, мүмкін басқаша болар ма еді...» деді.


Иә, ағасын сыйлайтын іні жамандығын көрсетіп, күйдіргі, бүлдіргі болмайды. Сіз қандай інісіз, оқырман? Ал ініңіз қандай?


Тағы да оқыңыз:


«ҰБТ деп ауырып қалды»: Алматылық ата-ана баласының оқуға түспей-ақ табысқа жетіп отырғанын айтты


«Ажырасқандарды татуластырып қажеті жоқ!»: Түркістандық әйел өз ісіне өкініп жүр