​«Әкем бізді үш бөлмелі пәтерге айырбастап алған»: жезқазғандық келіншек қиындыққа толы өмірін әңгімелеп берді

0
3 774

«Он алты жылдан кейін бізді есіне алыпты»


​«Әкем бізді үш бөлмелі пәтерге айырбастап алған»: жезқазғандық келіншек қиындыққа толы өмірін әңгімелеп берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қызыма ашумен қол жұмсап қойдым, - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан оқырман. – Бір мезет өз тірлігімнен шошып, жылап жібердім. Себебі бала күнімде өгей шешем мені осылай ұратын. Бейсаналы түрде мен соның тірлігін қайталап отырмын. Келе-келе өгей шешем сияқты қатыгез адамға айналып кетпеймін бе деп ойға шомып кеттім».


Өзін Әсел деп таныстырған келіншек кішкентай күнінде өгей шешесінен әбден қорлық көрген екен. Анасы Әсел мен інісін үш бөлмелі пәтерге айырбастап кете барған. Басынан өткен оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Тұрмыстамын, екі қызым бар. Күйеуім вахтада істейді, бір ай үйде, бір ай Атырауда. Балалардың сабағы, үйдің бітпейтін шаруасы бір өзімнің мойнымда. Содан шаршадым ба, әлде бала күннен қатал боп өстім бе, соңғы күндері жүйкем сыр беріп жүр.


Тағдыр мені маңдайымнан сипамады. Інім үште, ал мен алты жасқа толғанда шешем бізді папама тастап кете барды. Жастайымыздан қиыншылық көріп өстік. Бала болсам да есімді білем, папамның әпкелері үйге келіп «мыналарды қайтесің, балалар үйіне өткіз де, өзің үйлен, әлі жап-жассың ғой» деп ақыл айтқан. Бірақ папамның анасы, марқұм әжем бізді өзі қарап, асырады.


Папам да вахтада істейтін, екі аптаға кетеді. Сол уақта әжем бар жақсыны біздің аузымызға тосып, тап-тұйнақтай етіп қарайтын. Мен екінші сыныпқа өткен жылы әжеміз қайтыс болып, жағдайымыз нашарлай түсті. Күніміз көрші Айғаным апаның қолына қарап қалды. Әкем вахтадан келген сайын әлгі Айғаным апа «үйленем десең мен саған мынандай қыз тауып берем» деп бас бармағын шошайтатын. Сөйтіп жүріп әкемді бір әйелмен таныстырды. Бір қызы бар екен, көп ұзамай олар біздің үйге көшіп келді.


Басында бәрі жақсы болатын. Өгей шешеміз уақтылы ас-ауқатымызды беріп жүрді. Бір күні әлгі әйелдің қызы папаммен бірге түскен суретімді жыртып тастап, екеуміз төбелесіп қалдық. Сол кезде өгей шеше туған қызын жақтап, мені сабап тастады. «Сен менің шешем емессің, кет үйден» деп айқайлап, жылап жібергем. Соным көңіліне қатты тисе керек, екеуміз ит пен мысық боп, қит етсе ол мені ұратын болды. «Бүгін папаң келеді, осыдан аузыңды ашқын, өлтіріп тастайм» деп қорқытатын.


Бір күні қызына деп әкеліп, тығып қойған колбасаны тауып алып, балалықпен жеп қойдым. «Жетімек, сүмелек» деп колбасаны кескен пышақпен менің қолыма ұрып жатқан. Қарсы бетте тұратын көрші апа келіп қалып, мені өзімен бірге ертіп әкетті. Папам келгесін әлгі апа бәрін айтып беріп, сол күні өгей шеше қызымен бірге біздің үйден кетті. Жай кеткен жоқ, папамнан оңбай таяқ жеп кетті. «Менің балаларыма қол көтеретін сен кімсің» деп папам әбден тепкілеп тастаған. Сол көріністердің бәрі санамда сақталып қалған, қанша ұмытайын десем де ойдан кетпейді...


Папам содан қайта үйленген жоқ. Бірақ ішуді бастады. Жұмыстан мас күйде келеді. Келіп, үндемей жатып қалса мейлі ғой, «біз ешкімге керек емеспіз, сендер жетімсіңдер, шешелерің тастап кетген, одан гөрі мал жақсы» деп жылай беретін. Бір-екі мәрте «шешелеріңе сендер емес, дүние керек болды» деп айтып қалды. Осы сөздің мәнісін сау кезінде өзінен сұрап едім, «ішкен адам не демейді, көңіліңе алма» деп құтылып кетті.


Бір күні папамның қарындасынан әңгіме арасында шешем жайлы сұрап едім. «Мамаларың біреумен жүріп кетті, ажырасқанда сендерді өзімен бірге әкетпек болған. Әкелерің үш бөлмелі пәтерді беріп, мамаң «балалардан бас тартам» деп тілхат жазып берген. «Ағамның пәтерге айырбастап кетті» деп жылайтыны содан» деп айтып берді.


Обалы не керек, папам бізге жақсы тәрбие берді. Арағын ішсе де ақылын ішкен жоқ, оғаш қылық көрсетпеді, ас-сусыз қалдырмады. Бірақ өзі бақытсыз боп қалды. Қазір елуден асты. Бұрынғыдай емес, ішуді азайтқан. Қазір інім екеуі тұрады. Мен тұрмысқа шыққам. Аптасына бір рет барып, кір-қоңдарын жуып, тамақтарын әзірлеп беріп кетем.


Соңғы жаңалықты айтайын, өткенде папамның үйіне барып, жан-жағын жинастырып жүрсем, бейтаныс бір әйел келді. «Мен сенің нағашы әпкең болам» деп тұр. «Ит те болса туған шешелерің ғой, қазір соқа басы сопайып жалғыз қалды, сендермен татуластырғым келеді, кешірім сұрап келсе қабылдайсыңдар ма» деп келіпті.

«Біздің шешеміз бізді пәтерге сатып жіберген, сол пәтерін құшақтап жатсын енді» деп қуып шықтым. Бірақ ішім алай-дүлей... көргім келеді, шешемнің қандай адам екенін білгім келеді. Әйтсе де бала күнгі көрген қиыншылықтарымды ойласам шешеме деген өкпе-реніш, ыза жарылып кетердей солқылдап тұр».