​"Әкемнен үлкен адамға ғашықпын": тараздық келіншек ешкімге айтпаған сырымен жайып салды

0
3 321

"Әттең мен кештеу, сен ертерек туылғанда ғой..."


​


«Махаббат жасқа қарамайды» деген сөзің төркінін енді түсінгендеймін. Кезінде мен ол кісімен күйеуіме ерегісіп кездесіп едім, уақыт өте шын ғашық болып қалатынымды сезбедім, - дейді Райхан есімді келіншек.
Ол ERNUR.KZ тілшісіне ағынан жарылды.

- Мен ол кісімен тұрмысқа шықпай тұрып кездестім. Екеуміз менің әріптес ағайымның мерейтойында таныстық. Ағайымның сыныптасы екен. Қалада, беделді қызметте істейді. Бір көргеннен мені биге шақырып, мен сол тойда ән айтып, әңгімеміз жарасып кетті. Әйелі менің руласым екен, «Балдызым болады екенсің, бөтен емеспіз. Жұмыс бабымен хабарласып тұрайын» деп телефон нөмірімді алды.

Содан бері біз жиі кездесетін болдық. Бірақ менің ол кісіге деген ешқандай сезімім жоқ, ағам ретінде құрмет тұтатынмын. Ал ол кісі «Құжаттарымды тексеріп берші, мына мәселені өзіңмен ақылдассам деймін» деген сылтаумен мені түскі асқа шақыруын жиілетті. Бастапқыда бас тартуға ұялып, амалсыздан баратынмын. Уақыт өте келе ол кісінің маған деген құрметі, көңілі, сыйлауы ұнап қалғандай ма? Ол кісі өзін менімен құрдастай ұстайтын. Қандай тақырыпта сөз қозғасам да іліп әкетіп, жақсы сұхбаттасатынбыз. Уақыт өте ол мені кездесуге шақырмаса біртірлі, өзім іздейтіндей күйге жеттім. Бәлкім мұның бәрі менің әкесіз өскендігімнің әсерінен де шығар...


Жезде болып жүрген жанның мені іштей ұнататынын сезетінмін. Менің әкесіз өскенімді біліп, қамқор болғысы келген шығар деп те ойлайтынмын. Бірақ ол маған көңілдесім бол, сен маған ұнайсың деп ешуақытта айтпаған. Тіпті оған емеурін де білдірмеген.


Арада екі жыл өткенде мен өзімді ұнатқан жігітке тұрмысқа шығатын болдым. Құдалыққа бірнеше күн қалғанда ол кісі маған өз сезімін білдірді.

«Әттең мен кештеу, сен ертерек туылғанда ғой, бәрі басқаша болар еді. Өзіңдей аяулы қыздың ендігі біреудің жары болатынын ойласам, ет-жүрегім езіліп кетердей. Бірақ мен сенің аяғыңды тұсаулай алмаймын. Барған жеріңде бағың ашылсын. Бірақ мына нәрсені есіңнен шығарма, сен қашанда мен үшін ең қымбат жан болып қала бересің. Бұдан кейін де байланыста болайық. Қандай да бір көмегім керек болса қысылмай хабарласа бер» деп ағынан жарылды. Сосын тойыңа көмегім болсын деп өте көп қаражат ұсынды. Оған деген құрметім одан бетер артқандай ма, іштей риза болдым.

Сонымен не керек, мен тұрмысқа шығып, түкпірдегі бір ауылға келін болдым. Ауылдың тірлігін өздеріңіз білесіздер, ерте тұру, кеш жату. Қалада өскен қыз болғандықтан, бұл маған өте ауыр тиді. Ауыл өміріне үйренісе алмай, күйеуіме жиі күңкілдейтінмін. Сондай әңгімелерден мезі болды ма, әлде аудан орталығындағы әріптестері азғырды ма, ол үйге кеш келетінді шығарды. Түннің бір уағында келеді, маған қарауға мұршасы жоқ. Өзімді ешкімге керексіз сезініп, декреттік демалыстың депрессиясына түсіп кеттім. Бір сәтке біздің арамыз суып кеткендей көрінді. Бір күні түнде күйеуім үйге ішіп келіп, жұмыстағы жігіттермен саунаға барғанын, ол жақта қыздармен төсектес болғанын жайып салды. Осыдан кейін ішімде бір кек пайда болғандай. Осыдан балам өсіп, жұмысқа шығайын, мен де жүрудің қандай екенін көрсетемін деген ой келді.


Арада жыл өткенде мен де жұмысыма оралдым. Оралғанда да бұрынғы қызметіме емес, дәл сол кісі қызмет ететін мекемеге орналастым. Осылайша біздің бұрынғы қарым-қатынасымыз жалғасын тапты. Тіпті оның соңы махаббатқа ұласып, екеуміз ара-тұра кездесетін болдық.


Шынымды айтсам менде ол кісімен көңіл қосуыма төсек құмарлығы емес, шынайы сезім себепкер болды. Маған онымен уақыт өткізген, әңгімелеске ұнайды. Ал күйеуіме бір әңгімені бастасам болды, «Қойшы сондайыңды, бос сөзіңмен басты ауыртпай, шайыңды дайындашы» деп әңгімеме ден қойып, тыңдамайды. Жарытып табыс та таппайды. Бірдеңе алайық десең, әрдайым «Ақша жоқ, соның не керегі бар» дейді. Яғни рухани жағынан да, материалдық тұрғыдан да қолдау көрмеймін. Осындайдан кейін мен де әттең әлгі кісі жас болып, екеуміз ертерек кездескенде ғой деп қиялға берілетінмін.

Қазір де біздің қарым-қатынасымыз жалғасып жатыр. Бірақ бұрынғыдай жиі емес. Жыл өткен сайын бұл әрекетімнің дұрыс еместігін түсініп келемін. Сонда да өзімді ұстай алмаймын. Ол кісі де «сүймесең ажырас, өзім қарайласамын, балаларыңды жетілдіруге көмектесемін» дегенді айтып жүр. Осыны ойласам әрі-сәрі күй кешемін. Бірақ сезіміме тұсау сала алмай жүрмін. Не істесем болады? Өзімді сүймейтін, мені сыйламайтын күйеуіммен балаларым үшін өмір сүре берген дұрыс па? Әлде екі перзентімді алып, әлгі кісінің көңілдесі болғаным артық па?..."


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


"Күйеуім беташардан соң үйден кетіп қалды": түркістандық бойжеткен жан-сырымен бөлісті


«Інімді туған балалары ӘКЕ деуге намыстанады»: жетісайлық әйел жан сырымен бөлісті