«Әкеңмен табыссаң, менен айырыласың»: анасының тосын мінезін түсінбей жүрген келіншек көпшіліктен кеңес сұрайды

0
2 281

«Күйеуім әкесімен сөйлесіп отырса, іштей қызығып кетемін. Маған әке мейірімі жетпейді екен»


«Әкеңмен табыссаң, менен айырыласың»: анасының тосын мінезін түсінбей жүрген келіншек көпшіліктен кеңес сұрайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бала үшін ананың да, әкенің де өз орны бар екен. Кей адамдар «анасына рахмет, әкесінің орнын жоқтатпаған» деп жатады ғой. Материалдық тұрғыдан анаң әкеңнің орнын басар, бірақ рухани жағынан бәрібір әкенің мейірімін, әкенің әңгімесін, еркелеткенін аңсайды екенсің. Бұрын маған әкемнің жоқтығы білінбейтін. Өзім тұрмысқа шығып, балалы болғалы бері бізді тастап кеткен әкемі жиі ойлайтын болдым», - дейді ақтөбелік Жадыра есімді оқырманымыз.


Жадыраның әкесімен табысуына анасы үзілді-кесілді қарсы болып отыр екен. Оны өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Мен ес білгелі әке махаббатын сезінбедім. Анам мен әкем менің бала кезімде ажырасып кеткен екен. Анамның айтуынша, әкем бізді мен үш жасқа толған кезімде тастап кетіпті. Міне, содан бері анам мен жалғыз жеткізіп келеді. Анам осы уақытқа дейін маған «сені жалғыз өзім жеткіздім, енді менің сенімімді ақтап, жерге қаратпа» деп айтумен келді. Мен де анамның бұл аманатына адал болып, ешқашан біреудің ала жібін аттамауды, үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпеуді, орынсыз сөйлеп, оспадар қылық көрсетпеуді жадыма түйіп өстім.


Бір кісідей жоғары оқу орнын бітіріп, дипломымды қолыма алдым. Оқуымды тәмамдағаннан кейін өзім қатарлы жігітке тұрмысқа шықтым. Міне, осы кезде менің әкемнің жоқтығы арқама аяздай батты. Әсіресе қыз ұзату тойында әкемнің орнына анамның ағасы құдалармен төс қағыстыруға шыққанда, шыны керек, өзімді төмен санадым. Осы уақытқа дейін балалық шығар, әкемнің жоқтығы аса білінбеген еді. Енді ақыл тоқтата бастадым ба, әйтеуір, әкемді іздеп тауып, онымен табысқым келеді. Бірақ менің бұл әркетімді анам құптамай отыр. Әкем жайлы сұрай бастасам бітті «бұл жабық тақырып, мұны қозғаудың еш қажеті жоқ» деп анам ат-тонын ала қашады.


Шынымды айтсам, тіпті осы уақытқа дейін мен жеті атамды да толық білмеймін. Қазақтың қызымын ғой, өзімнің жеті атамды білгім келіп анамнан аталарым туралы сұрасам, ол кісі маған өзінің жеті атасын үйретіп қоятын. Әлі күнге дейін мен жұмыста «елің кім» деп сұрағандарға анамның ел-жұртын айтып отырамын. Анам тіпті маған әкемнің тегін де бермеген. Мені анам өз фамилиясына жаздырған. Әкем жайында бар білетінім, оның аты Камалхан екенін білемін, болды. Тіпті үйде әкемнің бірде-бір фотосуреті де болмады.


Кішкентай кезімде әкем жайлы сұрасам, анам «кейін есейгенде айтып беремін, әлі уақыты келген жоқ» деп қысқа қайыратын. Ал енді қазір жасым отызға таяп қалды. Өзім де екі баланың анасымын. Анам мен әкемнің ажырасып кеткенінің өзіне жиырма жылдан асып кетіпті. Кейде «осы уақытқа дейін бұл не деген өшпенділік» деп анамнан сұрасам, үндемейді.


Анамның кейбір әңгімелерінен ұққаным, әкем жас кезінде ішкілікке салынса керек. Тіпті анамды өлімші етіп сабап, пышақтап жұмсаған күндері де болыпты. Ең соңғы мәрте әкем ішкен кезде анамды таяққа жығып, оның миы шайқалып, омыртқасы мен жағы сынып, алты ай ауруханада емделуге мәжбүр болған. Міне, содан бері анамнан әкем бірде-бір рет кешірім деп сұрап келмепті, бізді іздемепті де, төсекке таңылған анамды әкем осылайша бір-ақ күнде тастап кеткен.

Рас, осы уақыт аралығында анамның мені жеткізу үшін соншалықты қиындықты бастан өткергенін білемін. Тіпті қазірдің өзінде анамның «жалғыз қызымды оқытамын, ел қатарынан қалдырмаймын» деп бүкіл өмірін жалғыздықпен өткізіп келе жатқаны менің де жаныма батады. Біз қанша мәрте ер-азаматтың көмегіне зәру болдық. Бірақ анам ешуақытта мойымай, адал еңбекпен нан тапты. Боркеміктік танытып, егіліп отырғанын да көрмеппін. Мен үшін анам арқа сүйерім, пана тұтарым. Қай кезде де анам маған дұрыс бағытты меңзеп, қолтығымнан демеп, ақылын айтып отырады. Анаммен кез келген тақырыпта ашық, емен-жарқын сөйлесе аламын. Бірақ әкем жайында сұрасам, анам кірпідей жиырылып, тіпті менімен екі-үш күн тілдеспей қояды. Мұндайда артынан барлығын жуып шайып алдымен тілдесуге тырысатын да өзіммін.


Әйтсе де менің соңғы кездері әкеме деген сағынышым тіптен үдеп барады. Күйеуім мен оның әкесінің шүйіркелесіп бірдеңелерді ақылдасып отыратынын көргенде, әкесінің балаларымды еміреніп еркелетіп жатқанын көргенде көңілім босап кетеді. Қазір менің «қайтсем де әкемді іздеп тауып, табысамын» деген арманым ұлғайып барады. Ал бұған анам үзілді-кесілді қарсы. Тіпті шешем «әкемді іздеймін деген ойыңнан қайтпасаң, мен сені көрмей кетемін. Әкеңді тапқан күні менен айырылдым деп есептей бер» деп отыр.


Әкесін іздегені үшін баласы жазықты болушы ма еді? Маған ақыл қосыңыздаршы, ертең мен әкемді іздеп тауып, анамнан қол үзіп қалуым мүмкін бе? Қаншама қиындықты көріп мені адам қатарына қосқан анам ертең менен сырт айналып кетпей ме? Ал әкем қандай болса да менің әкем ғой. Мен сонда анамның көңілі үшін әкемнің кім екенін білмей өтуім керек пе? Тіпті осы жасқа келгенге дейін өзімнің елімді, тегімді білмеуімнің өзіне кейде қатты намыстанамын. Мұндайда қайтпек керек?»