«Әпкем отбасымды бұза ма деп қорқамын»: Шымкенттік келіншек уайымын айтты

0
2 012

Әпкесі мен қайынағасы жасырын кездесіп жүр екен.


«Әпкем отбасымды бұза ма деп қорқамын»: Шымкенттік келіншек уайымын айтты

Қыздардың бір тобы махаббатпен тұрмысқа шықса, бір тобы мәселелерден құтылу үшін жұбайлық өмірге асығады. Екінші топтың ішінде бауырларынан «қашып», басқа шаңыраққа тыныштық іздеп келетіндер де бар. Соның бірі – Нұрила. Ол ERNUR.KZ тілшісіне өз оқиғасын айтып берді.


Нұрила отбасындағы екі қыздың біреуі. Бір әке-шешеден туылып, бір ананы емген апалы-сіңлілердің тәрбиесі де, өмір сүру салты да екі түрлі.

Нұриланың айтуынша, әпкесі жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірген. Қаржы саласының үздік маманы болған. Бірақ кеңседегі тәртіпке бағынғысы келмей, біреуге тәуелді болуды қаламай жұмыстан шығып кеткен. Ол жанын қинап жұмыс істегісі келмейтіндердің қатарынан. Бәріне тез, оңай жеткісі келеді. Осы ойы оны алаяқтықпен айналысуға итермелеген көрінеді.

- Әпкемнің біліміне қызығатынмын. Бірақ ол табиғат берген талантын, білімін жұртты алдап, алаяқтық жасауға пайдаланды. Баспана әперемін деп, несие алуға көмектесемін деп те ағайын-туыс, таныс-білістерін сазға отырғызып кеткен, - дейді Нұрила.


Әпкесі тек өз таныстарын емес, ата-анасының достарын да алдап, қарызға белшесінен батырыпты. Ағайынгершілікке салып кешіргендері де, сотқа беріп арызданғандары да көп.

Шешесі қызының салған уайымын көтере алмай, қайтыс болған соң, ауыртпалық қамыты Нұриланың мойнына киілген. Алайда Нұрила аз уақытта-ақ әпкесінің қылықтары мен іс-әрекеттерінен шаршап, екі қолын төбесіне қойып қашып кеткісі келеді.


- Кейде маған анам о дүниеге әпкемнен қашып кеткендей түйіледі. Мен де одан қашудың жолын іздедім. Бұның бір ғана жолы бар – тұрмысқа шығу еді. Сондықтан да алғашқы сөз айтқан жігіттің етегінен ұстап кете бардым...


Нұриланың бір-екі кездескен соң ұсынысын қабылдап тұрмысқа шыға салғаны – білікті хирург. Бақуатты отбасының ұлы. Оның қызметі туралы тойдан соң бір-ақ біледі. Ата-енесі де көзі ашық, білімді адамдар.

Нұрила көп қызға оңайлықпен бұйыра қоймайтын бұндай баққа ойламаған жерде тап болғанына таң қалады. Бақ құсын ұшырып алмауды ойлап, барған жеріне тастай батып, судай сіңуге бар күшін салады.

Әкесі де өз өмірін ойлап, екінші рет үйленеді. Бірақ әкесі үйленген соң әпкесі өгей анасымен сыйыса алмай, жиі керісіп қала береді. Бір күні ол сіңлісіне мұңын айтып келеді. Нұрила бұл жолы әпкесін жақтамайды. Оған мінезін жөндеп, ешкімге зиянын тигізбей бөлек өмір сүру керек екенін айтады.


- Сол күні әпкем маған қатты ренжіп кетті. Өйткені мен оны көргенде қуанбадым. Әкемнің қайғырып, ішімдікке салынып кеткенінен екінші рет үйленіп, өз-өзімен өмір сүріп жатқанына қуанатынымды айттым. Анам сенің кесіріңнен кетті. Енді әкемнің тыныш өмір сүруіне кедергі болма, - деп қаттырақ, батырып айтып шығарып салыпты.


Содан кейін екі жылдай әпкесін көрмейді. Нұриланың әпкесінен әбден көңілі қалған, лажы болса онымен жуыспауды тілейді. Оның үстіне Нұрилада біреуді ойлауға уақыт та жоқ. Даңғарадай үйдің тірлігі мен келім-кетімі көп. Кішкентай баласының күтімі, одан бөлек үйіне қонақ келсе де, банка жапса да шақырып ала беретін абысыны бар. Абысынының денсаулығы жоқ. Көп қимылдаса ентігіп, қан қысымы көтеріліп кетеді. Қайынағасы екеуі 15 жылдан бері бала аңсап, тілеп жүр. Абысыны көбінесе емделу үшін ауруханалар мен санаторийлерде жүреді.

Бірде ол енесінің жұмсауымен абысынының үйін тазалап, гүлдеріне су құюға бара жатып, сол маңдағы көліктердің бірінен қайнағасы мен әпкесін көріп қалады. Осы күннен бастап Нұриладан маза қашады. Күдігін анықтау үшін әпкесіне қоңырау шалып, кездеседі.

Расында да, әпкесі мен қайынағасы әуейі боп жүр екен. Тіпті қайынағасы әпкесінің пәтерақысын төлеп, басқа да қажеттіліктері үшін қаражат жағынан көмектесіп тұратынын естиді. Нұрила әпкесінің бұл қылығына ашуланып, «Менің қайынағамнан басқа еркек жоқ па? Мен абысынымның көзіне қалай қараймын? Ата-енем білсе менің күйім не болады? Неге өзіңді ғана ойлайсың?» деп жылайды. Әпкесі онымен бастапқыда жай құдаша ретінде кездесіп араласқанын айтып ақталады. Бірақ құда бала мен құдаша бір-біріне бауыр басып, сүйіп қаламыз деп ойламапты.

«Мен дәл осылай ешкімді сүймегенмін. Онымен кездескелі жаман әдеттерімді тастадым. Біреудің отбасын бұзу ниетімде жоқ. Дарханның отбасы маған дейін бұзылып қойған. Олардың арасында көп жылдан бері ерлі-зайыптық қатынас та болмаған. Менің де бақытты болғым келеді» деп жылаған әпкесін не айыптарын, не жақтарын білмей қиналған Нұрила:


- Абысыным бір сөзінде қан қысымы көтеріліп кете беретіндіктен төсек қатынасына да бара алмайтынын айтып еді. Бірақ оның ауруына онша мән бермегенмін. Ал әпкемнің сөзіне сенсем, қайынағам екеуі бала жоспарлап, бірге өмір сүріп жатыр. Бір-бірін шынымен сүйетіні де көзім жетті. Әпкемнің бақытты болғанын қалаймын, бірақ, абысынымның өмірін де ойлаймын. Әпкем мен қайынағамның байланысын әшкере болғанда менің отбасыма зияны тимей ме деп те қорқамын, - дейді.

Екі оттың арасында қалған Нұрила не істерін білмей жүр. Бұның әпкесімен байланысы бар екенін ешкім білмесе де қайынағасының ерте ме, кеш пе, бәрібір ажырасып кететінін айналасындағылар әлдеқашан болжап қойған. Абысыны да арада бала болмаса ажырасатынын іштей сезеді. Сонда да Нұрила әпкесі мен қайынағасына ренжулі.


- Шынымды айтсам, мен әу баста әпкемнен қашып, тұрмысқа шығып едім. Мен одан ешқашан қашып кете алмайтын сияқтымын ғой. Бір миллионнан астам адам тұратын қалада қайынағама менің әпкемнен басқа әйел, ал әпкеме басқа еркек табылмапты ма деп ашуланамын. Түу, әпкем-ай, неге істің соңын бағамдамайсыз? Оларды ойлаған сайын қорқынышым үдей түседі, - дейді Нұрила.


Нұриланың әпкесі мен қайынағасының байланысын қазірше ешкім білмейді. Сол күйі құпия боп қалуы да мүмкін. Қайынағасы мен абысыны ажырасы ма, ол да белгісіз. Мүмкін абысыны емделіп, туатын шығар?!


Ал, оқырман, сіз бұл оқиға ары қарай қалай өрбиді деп ойлайсыз? Қорыққан жағдай сіз ойлағаннан мүлде басқаша өрбіген оқиғаңыз болса, 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Тағы оқыңыз:


"Тәнімді азаптады": Күйеуінен әбден қорлық көрген келіншек одан қалай құтылғанын айтты


«Бес жыл түрмеде отырғанымды ешкім білмейді»