​«Әруақ тоғыз» деген шықты»: Қазақтың салтынан шаршаған келіншек шынын айтты

0
15 102

"Салт-дәстүрімізді қорлап жібердік" дейді ол...


​«Әруақ тоғыз» деген шықты»: Қазақтың салтынан шаршаған келіншек шынын айтты

Иә, қазақ дәстүрінде салт, жөн-жоралғы, кәде деген жетеді. Әрбірінің өзіндік тарихы мен орны да бар. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген мәтел де содан айтылса керек.

Дегенмен, бастапқы бағыты өзгеріп, жөнін жоғалтып алғандары да жоқ емес.

Сондай жосықсыз кәде апарудан шаршаған әйел бүгінгі қоғамға өз өкпесін айтып, ERNUR.KZ тілшісіне басынан өткенін баяндап берді.

Қазақта не көп, той көп. Құдай көп көрмесін, «той көбейіп кетті» деп той жасай алмай қалдық қой, мына дерттің кесірінен. Бірақ, біздің қазаққа ештеңе кедергі емес. 30-40 адамға рұқсат деп әлі де той-томалақ жалғасып жатыр. Мейлі, жасай берсін. Бірақ менің енем сияқты, не естісе сол салтты жасайтын, соны жасағанша қоймайтын болса, ол тойдың не керегі бар?!, - деп ашуланады өзін Гүлмира деп таныстырған әйел.


Гүлмираның айтуынша, өзінің бес қайынсіңлісі бар. Келін болып түскенінде сол қайынсіңлілері бірінен соң бірі мектепті бітірген. Екі балалы болғаннан бастап тұрмысқа шыға бастаған қыздардың соңынан енесінің апарып жатқан дүниесін көргенде таңданысын жасыра алмапты.

Қыздың соңынан мұнша дүние апаратын адам көрмеппін. Мейлі, апара берсін. Бірақ дүниең жетіп тұрса апарарсың. Ал қарызға алып, үйдегінің бәріне несие алдыртып апарған дүние кімге опа береді? Үш қайынсіңлім қатарынан тұрмысқа шыққанда шынымды айтсам, жалаңбұт қалуға сәл қалдық. Үйде күйеуім екеуміз ғана жұмыс істейміз. Атам мен енем зейнеткер. Жалғыз ағасы, оның үстіне қарашаңырақ болған соң бәріне көнесің ғой. Бірақ әр құда-құдағиына кигізгеннен бөлек, ағайыны бар ма, басқасы ма, бәріне түгелдеп киіт апарудың керегі не деймін ғой?! Онысын да қоя беріңіз, бесік апарғандағы шығынды көргенде шыдамадым.

«Мектеп жасына дейін киетін киім апарамыз. Жұрт солай етіп жатыр екен. Жасына лайықтап сатып алайық», - деген енеме «не керегі бар, өскенде өздері сатып әпереді ғой» деп айтамын деп ұрыс-керістің астында қалдым. «Қыз қапа болмасын, сен қайда отырғаныңды біл. Осы шаңырақта қаламын десең менің бар айтқанымды істейсің. Мен өлген соң араласпай кететін сияқтысың ғой, әлі?!»... осындай сөздерден соң не дерсің?

Бұл ғана емес, Гүлмира қайынсіңлілерінің соңынан апаратыны бесік тоймен де таусымапты. Оның ашуланатыны – той-томалақ, құдалықтарда жасалатын кәде – тоғыз апару.

Біздің қазақ та шығармайтынды шығарады. Төртінші қайынсіңлімді ұзатқанда құдалыққа апаратын «тоғыздың» қатарына «құрдас тоғыз» деген қосылды. Ол – құданың құрдастарына арнап бір-бір киім, әйелдеріне бір-бір орамал апару екен. Менің енем оның «китайскиін» апармайды, «апарған соң киісн, тақсын» деп қымбатын алады. Одан басқа тоғыздарын айтпай-ақ қояйын. «Тәтті тоғыз», «Нан тоғыз», «мата тоғыз», «ағайын тоғыз»...құдай-ау, таусылмайтын тоғыз, әйтеуір.

Айтсам күлесіз ғой. Енді «әруақ тоғыз» деген шығыпты. Оны кенже қайынсіңлімді күйеуге бергенде білдік. Өзі де кәсіп қуып отыздан асқанда, өткен жылы тұрмысқа шығып еді. Өзім де енемнің осы қызға әбден шашыларын білгенмін. Құдалар жақта тыңшысы бар ма, солай сәлем айтып жіберген бе, үйреніп қалған «тоғыздарымды» жасап жатқанда «тағы тоғыз қос» деді. Ол жақта сондай «әруақ тоғыз» бар екен дейді. Күйіп кеттім. Ол құдалардың ағайын-туғандарының үйінен қайтыс болған үйлкен кісілерге деп алынады екен. Солардың шаңырағын ұстап отырғандарға беріледі екен. «Кім апарып береді екен әруақтарға?!» дегеніме ержетіп қалған балам күліп жіберді, - дейді сөзінің арасында күліп алған Гүлмира.


Одан кейін қайынсіңлілерінің қоныс тойы, сүндет той, туған күндерінің бірін қалдырмайтын енесінің шығынын төлеумен келе жатырмын деген Гүлмира келін алып, қыз ұзатсам осының бірін де жасамаймын деп отыр.

Жөнсіз шығын, босқа шашылу... Кімге керек осы? Айна-тарақ, сабын-әтір болса, бұрын мұндай заттар қат болатын. Содан соң сыйлыққа апарушы еді. Қазір сенің апарған айна-тарағың ертеңіне-ақ қоқысқа кетеді. Дәм апаруға қарсы емеспін, ас болған соң тәттің де, наның да желінеді. Ал киіт-тоғыз дегендер ше? Құда болдық деп қай ағайын, қай құрдасының киімін түгелдейміз? Әруағын айтсайшы оның?! Сол құда болған отбасыға апрасаң жетеді емес пе? Басқалардың үлкендеріне шапан-орамал да болады.

Бесікте жатқане балаға жиһаз, арба, машина, әр жасына арналған киім, ең ақыры түбекке дейін... Сонда ол баланы дүниеге әкелген әке-шешесі не істейді? Екеуі сатып алмайма соның бәрін? Неге төркіні апаруы керек?

Қыздың жасауын айтпай-ақ қояйын... Сенесіз бе, қайынсіңлілерімнің асүйінде қолданатын майлығына дейін апардым ғой жасауымен. «Қоқыс салатын шелек керек емес пе екен?!» деп күйіп кеткеннен мысқылдағанымда, оны түсінбеген енем «апарайық» деген. Бүкіл техникасын да біз апардық.

Ұлым ержетіп, арғы жағында қызым да бойжетіп келеді. Осындай салттың бірін де жасамаймын. Қызыма бір жиһазы мен киімін әперермін, қалғанын керек болса өзі алсын. Ал ұлым әкелетін келінге де солай талап қоямын. Керегі жоқ, жөнсіз шығынға салғым келмейді ешкімді. Тоғыздан киіп келдім деп жыртығы жамалған ешкімді көрмеппін. Салтымызды жаңғыртамыз деп қорлап жіберген сияқтымыз, - деп тоқтады Гүлмира.


Әрине, не жасаймын десе де әркімнің өз еншісінде. Десек те, жөнсіз шығын жасауды ешкім де қош көрмесі анық. Ал салмағын өлшеп, бағасын шығаруды өзіңізге тапсырдық, ардақты оқырман.

Көрнекілік үшін суреттер ашық дереккөзден алынды