«Ата-енем АҚША СҰРАЙ БЕРДІ»: алматылық келіншек ұрыс-керістің қайдан шыққанын айтты

0
3 766

​Ата-ананың ұл-қызынан ақша сұрауы дұрыс па?


«Ата-енем АҚША СҰРАЙ БЕРДІ»: алматылық келіншек ұрыс-керістің қайдан шыққанын айтты

Баланы өсіру, тәрбиелеу, жоғары білім әперу, үйлендіру – ата-ананың парызы. Парызды міндетсінудің қажеті жоқ. Бірақ «Жоғары білім әпердім, дипломыңның нанын жегізуің керек», «Мен сендерді асырадым, енді сендер маған ай сайын ақша беріп отыруларың қажет» деп талап ететіндер көп.

Осындай талаптың салдарынан қаншама ұл-қыз отбасы құра алмай жүр. Ата-ананың перзентінен ақша сұрай беруі ұл мен келіннің ажырасуына, қыз бен күйеу баланың қарым-қатынасына зиян тигізуіне де себеп болады. Бұған көп мысал табылады. Ал біз алматылық Шарайна есімді келіншектің өмірін бұл сөзімізге мысал етпекпіз.



Шарайна ERNUR.KZ тілшісіне баяндаған оқиғасында былай дейді:

«2005 жылы тұрмысқа шықтым. Сол жылдары ауылдықтардың тұрмысы жақсы еді дей алмаймын. Екі отбасы бір шаңырақтың астында тұрдық. Адам саны көбейген соң, күн көріс те қиындап, бір отбасы бөлініп шығу керек болды. Ата-енемнің ұйғарымы бойынша біз кенжесі болсақ та бөлек шықтық. Өйткені қайнағам ауыр жұмыстарға жарамайтын. Тек ауылда мал бағып, үй тіршілігін жасап жүретін.

Атам мен енем зейнетақы алатын. Ол кісілердің зейнетақысы соншама жанға жұмырына жұқ та болмайтын. Сондықтан бір амалын тауып, жұмыс істеуіміз керек болды. Ал ауылда жұмыс жоқ.

Күнкөріс қамы үшін күйеуім екеуміз киім-кешегімізді арқалап, Ресейге жұмыс істеуге аттандық. Құрылыс жұмыстарында істедік. Мен объектілердің айналасын тазалап, сыпырамын. Одан қалса, үйлердің, кеңселердің еденін, терезелерін жуып жұмыс істедім. Сол кезде жас екенмін ғой, денсаулығымды да ойламай, өзімді аямай жұмыс істей берген екенмін. Қазір соның зардабын тартып жатырмын, денсаулығым мәз емес. Өзімнің 2-3 жұмысыммен қоса, сәл қолым босаса, күйеуіме барып көмектесетін едім. Неткен күш, не деген қайсарлық деп өзім қазір таң қаламын.

Сол кезде табысымыз біздің ел үшін бұл әжептеуір ақша болатын. Айлығымды алған кезде күйеуімнің алақанына бір тиынын да алмай әкеліп беретінмін. Ақшаны жинап, елге барып, өзімізге үй салып алайық деген ойым ғой.

2007 жылы тұңғышым құрсағымда тоғыз айлық болып, елге қайттым. Балам бір жасқа толғанша мен ата-енемнің қолында болдым. Жолдасым бұл кезде бір рет келіп кеткен. Балам бір жасқа толғанда енем «Сендерге үй алу үшін көмектесе алмаймыз, өздерің ақша тауып, үй аларсыңдар. Менің сендерге беретін көмегім, балаға қарау ғана» деді.

Кішкентай болса да баспанамыз болса деген арманым болды ғой, сол арман-мақсатыма жетер жолды жақындата түсу үшін мен күйеуімнің қасына барып, тағы да жұмыс істеуге мәжбүр едім.

Баламды енеме қалдырып, жұмысқа кеттім. Бірақ ақшаны енді топтай бергенде, енем қоңырау шалып «дүкен ашып беріңдер» дейді, қайынатам «көлік алып беріңдер» дейді. Күйеуім ата-анасының айтқанын орындайды. Дұрыс қой, бірақ көлік сатып ала салу, дүкен аша салу оңай шаруа ма екен? Біз ақшаны демалып жатып тауып жатқан жоқпыз ғой. Соны неге ойламайды үп-үлкен кісілер.

Онсыз да баламызға қарап отырған соң ата-енеме ай сайын ақшса салып отырдық. Сонда да сұрай берді, сұрай берді. Күйеуім анасына азық-түлік дүкенін ашуға қомақты ақша жіберді. Әкесіне көлік әперді. Сонымен тағы да ауылға қайтатын уақыт алыстады. Өйткені біз енді қайтадан ақша жинауымыз керек.

Тықпыштап жүріп, жер телімін сатып алдық. Біз Ресейде жүргендіктен күйеуім жер сатып алуды қайнағама тапсырған. Жұмыс істеп тапқанымызды қайнағама салып тұрдық, ол үйдің құрылысын бастап, төбе шатырын жауып үй салды. Ауладан бөлмелерін көп етіп, ұзыннан ұзақ тағы да үй салдырдық. Оны пәтершілерге беріп қоямыз деп жоспарладық.

Әрине жұмысшыларға төлейтін ақысын да біз жіберіп тұрдық, қайнағам ондай ауыр жұмысты істеген жоқ, тек бас-көз болып басы-қасында жүрді және құрылыс материалдарын жеткізіп тұрды.

Не керек, елге қайтатын да уақытқа жеттік. Енді өз баспанамыз бар деп қуанып жүрмін. Осы баспанаы салдыру үшін қалай қиналып ақша тапқанымыз өзіміге ғана аян. Бірақ бұл жақта да ата-енем тыныштық бермеді. Пәтершілерден ақша жинап алатын күні үйге кеп тұрады ақша сұрап. Күйеуім ата-анасының қолын қайтармайды.

Ұрыс-керіске ата-енемнің ақша сұрай беретіні себеп болды. Күйеуім екеуміздің арамызда ұрыс-жанжал көбейе бастады.

Бір күні шкафтан құжаттар тауып алдым. Үйіміз де, жеріміз де бәрі қайнағамның атында. Сол күні қалай ашуланғанымды жеткізе алмаймын. Күйеуіммен тағы керістік.

Күйеуім «Менің үйім, өзім білем кімнің атына жазатынымды» демесі бар ма? Мен де тілімді тартпадым. Тілім ата-енеме де тиіп кетті. Несін айтайын, күйеуім мені көк ала қойдай етіп сабап тастады. Өмірімде күйеуімнен алғаш рет және қатты таяқ жеген кезім сол болатын. Ол кезде екі балам бар, алдым да төркініме кетіп қалдым.

Ең қиыны, күйеуім менімен заңды түрде ажыраспай жатып, «квартирант келіншектің» біріне үйленіп алды. Амал жоқ, ажырастым. Бірақ күйеуімнің атында ештеңе жоқ болғандықтан, мен дымсыз қалдым. Сотқа үйде де, жерде де менің үлесім бар екенін, Ресейде жүріп күйеуіммен бірдей ақша тапқанымды айтып арызданғаныммен, дәлелдей алмадым.

Қазір әйтеуір екі баласына алимент төлеп отыр. Оған да шүкір, бірақ Ресейде жүрген кезде жарытып киім де кимей, тойып тамақ та ішпей әбден қиналғанымды ойласам, мен кім үшін соның барлығын істедім деп ызаланамын.

Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді, сондықтан бүгінгі күнді ертеңге ысырып, өзіңді ішіп-жеуден, киімнен қысу дұрыс емес. Бірінші орында әйел өзін ойлауы керек және бүкіл табысын күйеуінің қолына ұстату да ақымақтық дер едім...»



Ұқсас оқиғалар:


«Абысыным баласын алып қойды»: түркістандық келіншек неге кетіп қалғанын айтып берді

«Айына 500 мың теңге жалақы береміз деген»: тараздық бойжеткен қалай алданғанын айтты