«Ажырасу үшін үйленіпті»: шымкенттік келіншек күйінішімен бөлісті

0
2 078

Асығып үйленіп, жылдам ажырасқан. Неге?


«Ажырасу үшін үйленіпті»: шымкенттік келіншек күйінішімен бөлісті

«Бұрынғы әйелдер «ажырасқан» деген аттан ұялатын еді. Сондықтан да сатқындық пен таяққа, күйеуі күнде ішсе де бәріне шыдайтын. Ал қазір ажырасу үшін тұрмысқа шығатын қыздар көп. Өйткені үй кезегіне тұру жағынан да, мемлекеттен әлеуметтік көмектерге құжат тапсыру үшін де ажырасқан келіншектерге мүмкіндік мол», - дейді шымкенттік Феруза есімді келіншек.

Иә, әлеуметтік мәселелерде ажырасқан келіншектердің дәрежесі басқалардыкінен жоғары. Бұл орайда еркектерге ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Әйтсе де, Ферузаның күйеуі ажырасу үшін үйленген екен. Неге? Не үшін?


Бұл жөнінде ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында баяндады.

«Жасым 25-тен асқанда іштей «Биыл қандай жігіт ұсыныс айтса, түріне, материалдық жағдайына қарамастан тұрмысқа шығам да кетем» деп жүргенмін. Келін, келіншек, жар деген аттарды иеленсем, соған лайықты болу үшін қиындықтың бәріне төзем дейтінмін өз-өзіме. Мен ұзақ күттім сол күнді...

Не керек, 27 жасымда өзіммен түйдей құрдас, үйленбеген жігітпен ойда-жоқта танысып қалдым. Келбеті, сөзі, көзі бір көргеннен ұнады. Бірақ қыз-жігіт боп қол ұстасып жүрмедік. Небәрі үш-ақ рет кездескеннен соң ол «Үйленейік» деді. Әлі бір-бірімізді жақсы танып-білген де жоқпыз. Бірақ екеуміз де жас емеспіз уақытты созып жүре беретін.

Біз үйлендік. Қуанышыма қойныма сыймай жүр. Әрине қай қыз болса да теңін тауып, отбасылы болуды қалайды. Ата-енеме, күйеуіме ұнау үшін барымды салдым. Яғни, таңмен таласып тұрып, келіндік міндетімді мүлтіксіз орындауға тырыстым.

Бірақ күйеуім өз міндетін атқарарда жүктіліктен мені сақтады. Анығын айтқанда ол жүктіліктен қорғайтын заттарды қолданды. Себебін сұрағанымда, «Бір-екі жыл өзіміз үшін өмір сүрейікші. Сосын баланы жоспарлармыз» деді. Мен көндім. Жалпы, мен көнбіс қыздардың бірімін. Мүмкін ол әдейі көндіс қызды іздеген болар...

Арада үш ай өткенде күйеуім «Ажырасайық» демесі бар ма?! Түсінбедім. «Неге?» дегеннен басқа сөз аузыма түспей абдырадым. Бәрі жақсы еді ғой. Мен сүйкімді жар, келісті келін болуға тырысып жүрмін. Күйеуім түнделетіп келсе де «Қайда жүрсің?» деп қоңырау соғып мазлап та жатқан жоқпын. Тіпті оған артық сұрақ та қоймаймын.

Өмірге құлшынысым оянып отбасылық өмірге енді үйренісе бастағанымда, бұл сөз ауыр соққы болды. «Менен қандай ағаттық кетті?» деп, әрең сұрадым. Күйеуім басын салбыратып отырып, «Сен кінәлі емессің. Кінә менде» деді. Түу, түсінсем бұйырмасын. Әр сөзін үзіп-үзіп, ақиқатын айтты.

«Мен сенен бұрын балалы келіншекпен жүргенмін. Онсыз өмір сүре алмаймын. Үйдегілер оны таниды. Бірақ «Сенің теңін емес, ол ажырасқан және баласы бар, ал сен үйленбегенсің. Ел-жұрттан ұят» деп, анам жылап отырып алған еді. Енді ажырассам, мен ол әйелге тең болам. Ата-анам амалсыздан көнеді» деді.

Өзімді қор санадым. Мені өз жоспарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындай ешкімі жоқ, немесе сезімсіз зат емеспін ғой. Зығырданым қайнады, ашуландым, жыладым. Бірақ ешнәрсе өзгермеді. «Басқаны сүйем, кешір» дейді ғой тағы да.

«Ажырасқан» деген ат керек бопты оған. Ал менің өмірім не болмақ? Оны кінәлап жылап жатырмын. Ал ол болса «Мен сені жүкті етіп немесе бір балаңмен тастап кетіп жатқан жоқпын ғой. Кім ажыраспай жатыр бүгінде?! Мүлде тұрмысқа шықпаған қыздан гөрі ажырасқан келіншектер тез махаббатын табады. Жалғыз қалмайсың» деген сөзі одан сайын ашуымды келтірді...

Күйеуім менімен ажырасқан соң өзі айтқан балалы келіншекке үйленді. Естуімше, ата-анасы бастапқыда рұқсаттарын бермеген. Сосын күйеуім басқа әдісті пайдалануға көшкен. Күнде ішіп келіп, ата-анасын қорқытқан көрінеді. Баламыз ішімдікке салынып кеткенше, жаман да болса отбасы болсын деп, ақыры көніпті.

Міне, осындай да жігіттер болады екен. Мүмкін бұл тағдыр шығар деп, өзімді жұбатам. Ажырасқан деген атыма емес, сезіміммен ойнағанына күйінем...»


Феруза осылай деп күйінішін айтып, көпшіліктен психологиялық көмек сұрайды. Сөз жәрдеміңізді және білікті психолог маманын білсеңіз, ол туралы мәліметті комментарийге жазып қалдырыңыз.



Тағы да оқыңыз:


«Күйеуіме күнде рахмет айтам»: түркістандық әйел оны не үшін жақсы көретінін айтты

«Көрші боп тұрсақ та абысыныммен бес жыл сөйлеспедім»: шымкенттік әйел себебін айтты