«Бала туып бердім»: Түркістандық әйел қызы үшін қандай қадамға барғанын айтты

0
3 267

Өз перзентінің бақыты үшін тәуекелге барған ананың тағдыры...


«Бала туып бердім»: Түркістандық әйел қызы үшін қандай қадамға барғанын айтты

Редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады


Өз бақыты үшін күресуге күш таппаса да перзентінің бақытты болуы үшін түрлі қадамға баратын аналар бар. Соның бірі Түркістан облысында тұратын Гүлажар есімді әйел.

Ол 48 жасында қызы мен күйеу баласына бала туып берген. Бұл туралы Гүлажар ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Гүлажар көпбалалы отбасында өскен. Әке-шешесінің әр күні бала-шағаның ас-ауқатын тауып берумен ғана өткенін көріп бойжеткен жоғары білім алсам деген арманын айта алмапты. Қалада оқу үшін жүріп-тұруға, киімге, оқу құралдарына бәріне ақша керек. Онсыз да әрең күн көріп жүрген ата-анасын қинағысы келмеген бойжеткен жеңгелері көрсеткен жігітке сезімсіз, есепсіз тұрмысқа шығып кете барыпты.


- Оның ажырасқан еркек екеніне де қарамадым. Жұрт сияқты махаббатты да сезінбеппін. Шынымды айтсам, сегіз бала тусам да күйеуімнің құшағында бақыттан басым айналып, сезімге мас болып көрмеппін.

Дегенмен әйел бақытын сезіне алмасам да мен ана ретінде бақыттымын деп айта аламын.

Әр бала өз несібесімен туылады деген де рас екен, сегіз баламның ешқайсысы аш қалған жоқ, жалаңаш болмады. Біреуден кейін, біреуден ілгері, қатарларынан қалмай есейді, - дейді Гүлажар.


Бүгінде оның ұл-қыздарының бәрі үйлі-жайлы. Гүлажар өзі мектепте үздік бола алмаған соң, балаларын «жұрттан озбадың» деп өзгемен салыстыра алмайтынын айтады.


- Мен қарабайыр тіршілікті, жан тыныштығын қанағат тұтып өмір сүрдім. Тіпті құдайдан одан көп нәрсені сұрамаппын да. Мүмкін Алла да сұрамағанға бермейтін шығар. Әйтсе де өміріме өкінішім жоқ. Тек ең кішкентай қызымның тағдырына әлі көп алаңдаймын, - деп ол терең бір күрсініп алды.


Тұрмысы нашар болса да Гүлажар балаларын ауыртпай, аман-есен өсіргеніне қуанады. Тек кенже қызы кішкентай кезінде көп ауырыпты.

Жеті айлығында жарық өмірдің есігін асығып ашқан кенжетайы кеш жетіліпті. Төрт жасқа дейін жүре алмапты, тілі бес жасында шығыпты. Өзінен жасы кішілермен мектепке барған. Бірақ ұл-қыздарының ішінде сол кенжетайы білімге құмар, озат болыпты. Мектепте жақсы оқып, өз білімінің күшімен жоғары оқуға түскен. Қызы университетті үздік бітіріп, қазір сол өзі оқыған білім ордасында жұмыс істейді екен.


- Өзі секілді оқытушыға тұрмысқа шықты. Жігіт білім қуып, магистратура, аспирантура оқып жүріп отбасы құруды ойламаған. Менің қызым да білімге көп уақыт арнады ма екен, жігітпен танысу, қыдыру дегенді ұната бермеуші еді.

Екі бойдақ өмірлік жарды алыстан іздемеген. Әріптестері «Екеуің үйлене салсаңдаршы, әдемі жұп боласыңдар» деп әзілдеп айта берген соң шынында екеуінің сезімі оянды ма, бас қосты. Бірақ араларында бала болмады, - дейді Гүлажар.


Қызы мен күйеу баласы ұзақ уақыт емделген. Емнен нәтиже болмаған соң үш рет ЭКО-ға жүгініп көріпті. Бірақ қызы екі айдан кейін түсік тастап қоя берген. Дәрігерлердің айтуынша, қызының жатыры өте әлсіз.

Гүлажар кінәрат қызында екенін біліп, оның тағдырына алаңдайды. Ажырасқанын қаламайды. Өйткені күйеу баласы жақсы жігіт. Алкогольден, темекіден аулақ. Жұмысына тіке барып, тура қайтады. Қызы да сондай, құрбылармен қыдырып, сән қуу дегенге жаны қас. Өте қарапайым. Ажырасып кеткен күнде екінші рет тұрмыс құруға талпынбайтынын анасы біледі.


Қызының ертеңін ойлаумен талай түнді ұйқысыз өткізген ана бір күні бала асырап алу жөнінде әңгіме қозғайды. Бірақ күйеу баласы «Ол жерде тек нашақор, ауру адамдардан туған балалар. Олар бәрібір ертең қанына тартпай қоймайды, бұл ғылымда дәлелденген» деп қарсы болады. Содан соң «Егер өзімнің бауырларымның немесе әйелімнің туыстарының бірі баласын беріп жатса қарсы емеспін» дейді күйеу баласы.

Қайдағы, ондай адам табыла ма екен? Бауырына ақшаның өзін тек қарызға ғана бере алады. Ал баланы беру оңай емес. Гүлажар осы тақырыпты ұл-қыздарының ортасына тастап көреді. Нәтиже жоқ.


- Балам көп болса да мен де бере алмас едім деп ойландым. Сол-ақ екен, өзім туып берсем қалай болар екен деген ой сап ете қалды. Менде ол кезде әлі климакс басталмаған еді. Сондай-ақ «туғыш әйелдердің» бірімін. Мен сегіз баладан кейін үш рет жүкті болғанмын, бірақ, күйеуім «асырай аламймыз» деп жасанды түсік жасатқан. Таныс дәрігерім жүктіліктен қорғайтын спираль салып бермегенде одан соң да бірнеше рет жүкті бола алатын едім, - деген ана өзіне сенімді.



Гүлажар дәрігерге барып спиральды алдырады. Жүкті болады. Тоғызыншы айға дейін айналасындағы адамдар оның екіқабат екенін сезбейді. Күйеуі де аңғармай қалады. Өйткені Гүлажар денелі, ірі әйел. Бірақ босанғаннан кейін ағайын-туыс, көрші-қолаң бәрі хабардар болады.

Осы кезде ешкім оның тоғызыншы баланы туғанын құптамайды. «Жағдайы жетісіп тұрса мейлі екен, бұл баланы қалай асырамақшы», «Тағы бір баланы жоқшылықпен қинап не керегі бар?», «Одан да денсаулығына көңіл бөлсе қайтеді?» деп ұрысып-сөккендер көп болыпты.


- Олар менің бұл баланы өзім үшін емес, перзентімнің отбасын сақтап қалу үшін туғанымды қайдан білсін?! - деген Гүлажар үнсіз қалды.


Жасы елуге жақындағанда туған баласын бауырына алған сәт есіне түсті ме, бір нүктеге қадалып отырған оның мұңлы көздері күлімсіреп, езу тартты.

Гүлажар дені сау, шекесі торсықтай ұл баланы қызына берерде қимастық бір сезімнің болғанын да жасырмады. Қызылшақа нәрестені қызы бауырына басып, күйеу баласы өз атына жаздырып алыпты. Қазір сол сәби 12 жаста екен.

Қызының отбасын бұзылудан осылай сақтап қалған ана туу кезіндегі қатты қиналғанын, қан қысымы көтеріліп, дәрігерлерді біраз әбігерге салғанын да айтты.

Күйеуі мен басқа ұл-қыздары «Туу үстінде өліп кеткеніңде не болар еді?» деп ұрысыпты.


- Өлсем өкінбес едім, - дейді батыр ана.

Баласының бақыты үшін өлімнен де қорықпайтын осындай аналар бар. Ал сіз перзентіңіздің бақыты үшін осындай қадамға бара алар ма едіңіз, оқырман?



Өзіңіздің ерлікке теңейтін, көпке ой саларлық оқиғаңыз болса 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)