​«Бас пен төсті ұрлап, тығып қойыпты»: түркістандық әйел абысынының қылығын түсіне алмай отыр

0
1 698

«Пакетке салып, қойманың артына апарып тастапты. Жанында өзінің желпуіші қалып кеткен»


​«Бас пен төсті ұрлап, тығып қойыпты»: түркістандық әйел абысынының қылығын түсіне алмай отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


"Өмір болған соң жолыңда неше түрлі жан кездеседі ғой. Талайымен дәмдес, сапарлас, сырлас болдық. Бірақ менің абысынымдай адамды көрмеппін", - дейді Гүлнар есімді түркістандық әйел.


Таяуда ғана қызын ұзатқан Гүлекеңнің туған абысынына деген өкпесі қара қазандай. Ол өз абысынының құдалардың сыбағасын ұрлап абыройын төккеніне ренішті. Той үстінде болған осы бір оқиғаны Гүлнар ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Абысыным екеуміз жастымыз. Тек оның менен жолы үлкен, күйеуі біздікінен бұрын туған. Сондықтан мен оны «жеңеше» деп сыйлаймын, келін боп түскен сәттен бері сәлемімді үзген емеспін.


Жанар абысыныммен үш жыл бір шаңырақ астында тұрдық. Бала басы көбейіп, қара шаңырақ тарлық ете бастаған кезде енем бізді бөлек отау етіп шығарды. «Көп адам қара шаңырақтың иесі деп кенже баласын таңдап жатады. Мен оны құптамаймын. Үлкеннің аты үлкен. Ағайын арасында үйдің тұңғышы қалғаны дұрыс, ертеңгі күні осы отанды тербетіп кете алатындай болу керек» деп қайынағамыз бен абысынымызды жанына алып қалды.


Сол кезде абысыным аттай тулаған. «Апа, кіші келіндер қыдырып келгенде абысын боп соларға ас әзірлеп, шай құйып отырайын ба? Әр нәрсенің өз жөні, жолы бар емес пе?» деп еді, енем тыйып тастады. Жарықтық адуынды кісі еді, «Менің айтқаным – айтқан, дегенім – деген. Жерге кірсең шашыңнан тартып шығарам, көкке ұшсаң сирағыңнан тартып алам. Менен бір елі ажырамайсың» деп табандап тұрып алды.


Біз қалаға көштік. Атамыздан қалған үйір жылқыны сатып, енем марқұм дүркіретіп там салып берді. Бірге тұрғанда тәп-тәуір едік, бөлек кеткелі абысынмыз екеуміздің арамыз алшақтай берді. «Ойбой-ой, жолың болды сенің. Қара шаңырақта отырсақ та бізде жоқ мұндай үй» деп әр келгенде кекетіп кететін. Мен үйіме не алсам, көп ұзамай соны өзі де сатып алатын.


Мейлі ғой, жамандағаным емес, жақсылыққа құмар адам шығар. Бірақ соңғы жасағаны жаныма қатты батты. Сіздерге айтып, шерімді тарқатып алмасам жарылардай болып жүрмін.


Менде үш ұл, бір қыз бар. Үлкен ұлды үйлендірдік, одан кейінгі қыз таяуда тұрмысқа шықты. Соның құдалық тойында абысыным екеуміз бет көрместей ұрысып қалдық. Бәленің бәрін ол бастады.


Қайынағам «құдалықты біздің үйден бастайық, үлкен шаңырақтан дәм ауыз тисін, есік көрсін» деп ықылас танытқан соң, белгіленген күні құдаларды ауылдағы үйде күттік. Сондағы абысынымның жасаған дастарханын көрсең ғой, құдалардан ұялып, жерге кіріп кете жаздадым. Қарап отырып күйіп кеттім ғой.


Қызғаныш қой сол баяғы. Өзінің қызы жақында күйеуімен ажырасып келген. Құдалары «бізге салақ келін керек емес, қыздарыңыз бір тамақты дұрыстап бере алмайды» деп әкеп тастаған. Одан кейін бір ұлы үйленіп еді, келіні үш айдан кейін кетіп қалды. Араларында не болғанын білмеймін, ашып айтпады. Ойда-қырда абысыным өз балаларының бақытсыз болып, менің қызымның жақсы жерге бара жатқанын көре алмады-ау...


Құдалар үлкен үйден шыққан соң өзіміз бастап қаладағы үйге алып келдік. Обалы не керек, көршілерім ұйымшыл. Мен келгенше дастарханды жайнатып, қазанымды қайнатып қойыпты. «Құдаға тартатын басты жақсылап пісірдің бе? Тамақ салғанда алдымен соны тартуды ұмытып кетпеңдер» деп ағайын келінге ескерткем. «Жеңеше, бәрі зың, уайымдамаңыз» деп жұбатып қойған.


Келіндер қамырын сүзіп, үйге ас кіргізерде дайын тұрған қойдың басын таппай қалдық. Іздемеген жер жоқ. Жер жұтып қойғандай ғой. «Жаңа ғана мына қазанда тұр еді ғой, суып қалмасын деп алмап едік» деп бәрі шыр-пыр болады. Ана көріністен кейін қаным басыма шапты. Бірақ не істейсің? Амал жоқ, тамақтың өзін кіргіздік. Күйеу балалар жаққа табақ тартарда күйеудің алдына қоятын төсті де таба алмай қалдық. Мұндай сұмдықты кім көрген десейші. Қазан-ошақтың басында жүрген әйелдерді әбден сілкілеп алдым. Бір сүйекке еге бола алмай қалғанын қарашы. Ұялғанымыздан күйеудің табағын төссіз кіргіздік. Бірақ көкейімде «мұны кім істеуі мүмкін» деген сұрақ сайрап тұрды.


Үш-төрт сағаттан кейін құдалар еліне қайтып, бір аптадан соң ұзату тойына келетін болып аттанды. Кетерде құдағиға әлгі келеңсіздікті ептеп түсіндіргендей болдым. Дегенмен, мұны кім жасауы мүмкін?


Жастар жағы дастарханды жинап, жуып-шайып жүрген. Әжетханаға баратын болып сыртқа шықтым. Қайтып келе жатқанда анау-мынау тұратын қойма жақта бір гүлді пакет жатқанын көріп қалдым. «Иттер сүйреп келген қоқыс па? Ауланың бәріне шашар, отқа жағып жіберейін» деп барып көрсем... әлгі пакеттің ішінде құдаға қоятын бас пен күйеуге арналған төс жатыр. Жанында абысынымның желпуіші. Дәл сонікі, алдында ғана сонымен желпініп отырған. Құдай да шебер ғой, ұрының кім екенін білсін деп, әлгі затты сол жерге қалдырып тұрған.


«Қой, біз де қайтайық» деп үйден шығып келе жатқан абысынымды бас салдым. «Жасты болсақ та өзіңді абысын деп сыйлаушы едім, алдыңды кескен кезім болды ма? Мына иттігіңді қалай түсіндіресің? Мені жек көретіндей не жамандық істеп едім?» деп жылап жібердім. Ол сол бойы бет бақтырған жоқ. «Желпуішті балалар ойнап жүріп тастап кеткен шығар. Сенің құдаңда, тамағыңда не шаруам бар, бәлеңді жаппа» деп сазарып тұрып алды.


Сол жағдайдан кейін мен қара шаңыраққа аттап басқан жоқпын. Бір аптадан соң қызымыздың ұзату тойы болды, абысыным келген жоқ. Мені көруге беті шыдамаған шығар. «Ол ауырып қалды» деп күйеуі жуып-шайып жатыр әйтеуір.


Абысынсыз да таңым атып, тауығым шақырады. Бірақ оның жасаған әрекеті, зұлымдығы мәңгі бақи жүрегімде сақталып қалатын сияқты...»