​«Басқаның баласын емізбеңдер!»: Жамбылдық азамат өз басынан қандай қиындық өткенін айтып берді

0
11 863

«Балаңыз аш қалса да басқа әйелді ембегені дұрыс екен...»


​«Басқаның баласын емізбеңдер!»: Жамбылдық азамат өз басынан қандай қиындық өткенін айтып берді

иллюстрациялық коллаж үшін суреттер ашық дереккөзден алынды


Қазақта «сүтпен кірген мінез сүйекпен бірге кетеді» мақал бар. Осы мәтелдің растығына көз жеткіздім деп отыр ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан жамбылдық 67 жастағы ақсақал.


- 90-шы жылдардың тоқырауында бүкіл әйел сөмке арқалап жан бағудың қамын істеп, базарға шығып кетті емес пе?! Совхоздың жұмысын істеген біз сияқты еркектер ол дүрмекке ере алмадық. Пысық жігіттер де әйелдерімен бізге сауданы игеріп кеткенде ауылда бала-шаға бағып қалып қойғанымызды несін жасырамыз.

Ең кенжеміз 1993 жыл дүниеге келді. Баламен отыра берсе болмайтынын түсініп әйелім үш айлық ұлымды маған тастады да, базарға кетті. Рас, еркек боп отбасымды асырауды қолыма ала алмадым, еш жерде жұмыс жоқ. Базар болғанда да Қоқан ба, Самарқан ба, сондай алыс жақтарға барып бірдеңелер әкеп сатады. Әйтеуір әйелге күніміз қарағаны рас.


Үш айлық нәрестені көршінің жас босанған келіні күніне бір рет емізіп беріп жүрді. Әрі қарай сүтке үйретеміз дегенімізден түк шықпады. Шырылдап жылағанда көрші келін өзі шыдамай кеп қалады. Айлап, апталап кеткен анасын іздейді, менің омырауыма үйкелеп емшек іздейді байғұс балам. Көпжасағыр келін солай баламды адам қатарына қосып берген. Анасы сияқты қарыздарсың оған деп құлағына құйып өсірдім ұлыма. Ол бөлек әңгіме.


Бірақ сүтпен мінез сіңеді дегенді осы ұлымда көз жеткіздім ғой. Әлгі келінді жамандағаным емес, жас еді ғой онда. Менің баламмен бірге емшектес қызы – оның тұңғышы еді. Бірер жылдан соң ауылға жаман әдетімен таныла бастады. Жаман әдеті болғанда қолының сұғанағы бар деп айтып жүретін, талай ауылдастар жоғалған затын соның үйінен тауып айқай-шу боп жататын. Адуынды кісілерден кейде өзім де арашалап қалғанмын.


Сол әдеті үшін күйеуінен талай таяқ та жеді. Бірақ қоя алмады. Бірде қызының таяқ жегенін естіп келген құдағи екі жасты жарастырып отырған үлкендердің алдында: «Ее, арғы атамыз өз заманын дүрілдеткен баукеспе болған екен, тап осы қызыма беріліпті, қайтейін?!», - деп жылап қалғаны да есімде.


Қызық менің кенже балам өскенде басталды. Мектептегі онша-мұнша кітап, қалам ұрлағанын балалық дедік, ол үшін жазаладық та. Бірақ жоғары сыныпқа өткенде біреудің тауығы, тағы біреудің велосипедін ұрлап сатып жіберді деген шағыммен үйге ауылдастар келе бастады. Сонда да мен балалығы деп аса қауіптенбеппін. Анасының да оған қарауға шамасы жоқ, сол күйі сауданың адамы болып кешегі күні зейнетке шыққанша базарда болды. Бар кінәні өзімнен іздедім.


Ауылдағы ең сорақы ұрлығы- туыс ағайынның таудағы бір үйір жылқысын сатып жібергені жүзімізід жерге қаратты. Милициямен келіп мойындатқанда жерге кірердей боп ағайын боп жиналып үйір жылқының құнын төлеп құтылдық.


Сонда біреу «атаңда баукеспе ұры жоқ еді, саған қайдан қонған бұл?» дегенде көрші келіннің анасы, құдағидың айтқан сөзі есіме түсіп жүрегім қарс айырылды. Мен де, анасы да көлденең жатқан бір көк жіпті алмайтын жандармыз, оған Алла куә. Мұнан үлкен балаларымыздың ешбірінен мұндай әдет көрген емеспіз. Ата-бабамызда ұры болмапты. Сүтпен келген мінез екенін сонда түсінгендей болдым.


Иә, рас. Баланы тастап саудаға кеткен әйелім, отбасымды асырай алмаған мен кінәлімін бұған. Ең бірінші, біздің қатеміз... Бірақ сүтпен де мінез сіңетінін қазақ атам қалай айнытпай айтқанына таңғалмасқа шарам қалмады. Өзімді сол үшін әлі күнге кешіре алмай келемін. Бәлкім, мен ертерек ес жиып, қандай жолмен болса да бейімделіп, отбасын асырауға кіріскенімде балам анасының сүтімен өсіп, бүгінгі тағдыры бұлай болмас па еді деген өкініш өзегімді өртейді.

Сол ұлым ұрлығын әлі қоймай келеді, алысып та, ұрысып та шаршадық бәріміз. Сол үшін «отырып» та шықты, бірақ қоя алмайды екен. Әлі күнге шаңырақ көтере алмай жүр, - деп күрсінген ақсақал жастарға кеңесін де айтты.

«Ана баласын бақсын, әке отбасын асырасын. Әркім өз міндетін атқаруы керек екен, біздің заманның қатесінен сабақ алыңдар, айналайындар!» дейді ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қарындасыма үйленіппін»: алматылық жігіт әйеліне шындықты айта алмай жүр


«Күйеуім алаяқ сияқты»: алматылық келіншек күдігінің себебін айтты