​«Бата-тілегіміз айдалаға кетіп жатыр»: Шымкенттік тұрғын той-жиынды үйде жасау керектігін айтты

0
4 510

"Қазір 10 адамнан тұратын қонағын да үйде күтуге қиынсынып, кафе-ресторанға шақыру үрдіске айналды"...


​«Бата-тілегіміз айдалаға кетіп жатыр»: Шымкенттік тұрғын той-жиынды үйде жасау керектігін айтты

көрнекілік үшін сурет ашық дереккөзден алынды

Өткен жылдан бері елімізде той-жиынын өз үйінде жасап, қонағын шаңырағында күтетіндердің саны артқаны рас. «Солай болуы тиіс» дейді Ғалым есімді шымкенттік азамат.


«Қандай болмасын, өзіңнің қуанышыңды шын ниетпен ет-жақыныңмен бөліскің келсе, өз шаңырағыңда күт. Айтылған бата-тілек дастарханыңның басында, шаңырағыңда қалсын» деп кеңес береді ол.


Оның айтуынша, бүгінде өз үйінде қонақ күтетіндер саны азайып кеткен. Тек қазіргі пандемия ғана елді ысырап жасамауға, ас та төк той жасамауға уақытша тоқтатып тұр.


- Үш заманның тойын көрдік. Бала кезімізде тойхана деген жоқ, ресторан дегенді мүлде көрмегенбіз. Той деген тек ауылда, әркімнің үйінде есік алдында болатын. Күн салқын болса палатка тартып тастайтын да, жаздың күні бау-бақшаның орнына тақтайлардан үстел мен отырғышын қатарлап жасап жіберіп, шаңы шыққанша билейтін. Баламыз ғой, арасында жүгіріп жүреміз.

Тойға ниетпен келген халықтың ізгі тілегі мен батасы да сол үйде айтылатын. Бірі тай, бірі қой жетектеп келетін заманды айтсайшы?!

Той жасайтын үйде алыстан келген қонақтар қона жатып, ол жерге сыймаса көршінің үйіне жайғасушы еді. Көршілер де тарынбайды, ауылдасының қонағын өзінен бетер күтеді. Өзіміз де талай көргенбіз. Көршіміз құда шақырса да, ауызашар берсе де сыймағанына біздің үйге дастархан жаятын. Біздің қонақты талай рет көршінің үйіне күттік. Ешкім қабақ шытқан емес, қуана қарсы алып жатушы еді. Бейне бір сол көршілердің міндеті, парызы сияқты болатын, - дейді ол бала кезін еске алып.


Ғалымның айтуынша, бүгінгі күннің той жасап, қонақ күту салты оның ойынан шықпайды. Тойхананың келуімен жұрттан мейірім мен қолқабыс деген өте бір жақсы салтымыздан ажырап қалдық деп есептейді ол.

- Қателеспесем, тойды тойханаларда жасау 90-шы жылдардан сәнге айналды. Басында бар азық-түлігіңді апарасың, туыстар келіп жайғауға көмектесетін. Келе-келе той жасасаң туыс та араласпайтын хәлге жеттік. Себебі, ақшасын төлесең бүкіл шаураңды істеп беретін тойхана қызметі дайын тұр. Ал ағайын тек көп қонақтың бірі ретінде ғана келіп-кетеді.


Бәрін қоя берші, той иелеріне айтылып жатқан ізгі тілек қай шаңырақта қалды? Әрине, сол тойхананың шаңырағына! Той иесінің шаңырағында емес! Сонда, 300 адамды жинап алып той жасағанда ондағы естіген бата-тілегіңнен айдалаға кетпегенде несі қалды?


Ата-бабам қашанда құт пен берекені, ырысты дастархан басында тілеген. Дастарханыңның басында айтылған бата-тілек қашанда орындалатынына сенген. Шаңырағыңа келетін қонақты қыдырға теңеп, құдайы қонаққа да соңғы тұяғын сойып, ас берген. Өтеуін тек Жаратқаннан сұраған.

Ал қазір 10 адамнан тұратын қонағын да үйде күтуге қиынсынып, кафе-ресторанға шақыру үрдіске айналды. Біріншіден, артық шығын, екіншіден өз шаңырағына арналуы тиіс тілектен қашқандай. Иә, қонақ күтудің де өзіндік шаруасы бар. Бірақ ізгі ниетіңмен, шынайы жүзіңмен өз шаңырағыңда қонақ күте алмасаң, онда даңғарадай етіп салған үйіңнің керегі не?

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегеннің мәні тереңде. Қазіргі кейбір мамандар да жиі айтады соны. Жақсы тілек жиі және көп айтылған жерде орындалады.

Баяғыда аталарымыз үлкен немерелерін өздерімен бірге қайда барса да ерте жүреді екен. Сол сияқты, үйге қонақ келсе де қастарына тізесін бастырып отрығызып, ақсақалдардың әңгімесін тыңдатқан. Соның барлығы – «құйма құлақ болсын, жақсы сөз, бата-тілекті естіп өссін» еген ниеттен туған. Батаны көп естіген баланың өмірі ұзақ, ісі де сәтті, елдің азаматы болады деп ниет еткен.

Көршілер ше? Қазір көршінің қонағын өзінікіндей етіп күтісетіндер аз. Тіпті, ауылдың өзінде азайып бара жатыр. Кейінгі ұрпақ тіпті, көршінің ісіне көмектесу дегеннің не екенін білмей де өссе керек, - деп қынжылды ол.


«Бір-бірімізге арналған ең ізгі тілегімізді, үлкеннің батасын, ақ ниетімізді айдаладағы тойханада емес, қуаныш иесінің босағасында айтсақ, шіркін» деген ол тойды да, кез келген қуанышты жиынды да әркім өз үйінде жасағаны дұрыс деп есептейді.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Күнәмнің жазасын қыздарым тартып жатыр»: жезқазғандық әйел ұя бұзғанына өкінеді


«Абысынымның ішкиімін ұрлап кидім»: жамбылдық келіншек қалай балалы болғанын айтты