«Берген баласын қайтадан тартып алды»: шымкенттік әйел жан жарасын айтты

0
1 671

​Бала асырап алудың машақатын көрген әйелдің әңгімесі.


«Берген баласын қайтадан тартып алды»: шымкенттік әйел жан жарасын айтты

Туысқандар арасында туа алмаған жеңгесіне, әпкесіне баласын беретіндер бар. Бұл сүйсіндіретін, сауапты іс. Бірақ Гүлжан бұған үзілді-кесілді қарсы. Ол сіңлісінің баласын асырап алып, кейін сіңлісі сот арқылы қайтадан алмақшы боп, әбден әуре-сарсаңға салған. Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Гүлжан Атыраудың тумасы. Сол қаланың жігітіне тұрмысқа шығады. Келбетті, табысы мол, білімді күйеуінің бір ғана кемшілігі – құмар ойыны еді. Өмірге қыз бала келеді.

Уақыт өтіп, көп өзгеріс орын алады. Бірақ күйеуі тапқанын құмар ойынына жұмсауын доғармайды. Бірнеше рет ұтылып, қарызға белшесінен батса да, өмірдің ескертулерінен сабақ алмайды. Гүлжанның аяғы тағы да ауырлайды. Құрсағындағы шарана үш айлық болғанда, күйеуі үйін ойынға тігіп жіберіп, бір күнде далада қалады. Бұл жағдай Гүлжанға ауыр тиеді. Пәтерге көшіп, ауыр сөмкелерді көтергені де ауырлық болды ма екен, түсік тастап қояды. Күйзелісіне уайым қосылған келіншек қызына қарауға шамасы келмей, бүк түсіп жатып қалады. Ал күйеуі күнде ішіп келіп, мазасын алады.

Ұрыс-керіс көбейеді. Күйеуім күнде «адам болатынын» айтып, уәде береді. Бірақ кері кетпесе түзелмейді. Қиындық, жоқшылық, күйеуінің жұмыссыздығы мен араққұмарлығы Гүлжанның бір шешімге келіп, ажырасуына әкеледі.

- Бір сөмке киімімді иығыма іліп, қызымды жетектеп, төркініме келдім. Күндерін әрең көріп отырған ата-анам мені жақтырмады. «Кім жетісіп өмір сүріп жатыр дейсің?! Күйдірсе де күйеуіңнен ажыраспауың керек еді» деді олар. Сол бір кезеңде барлық адамның тұрмыс жағдайы нашар еді ғой. Үш айдан соң мен өзімнің ол үйде артық екенімді ұқтым. Қайда барарымды білмей дал болдым, - дейді Гүлжан.


Студент кезінде бірге оқыған шымкенттік құрбысы есіне түседі. Ол үнемі оңтүстіктің адамдарының жылылығын, адамгершілігін және ол жақта өмір сүру жеңіл екенін айтып отыратын. Гүлжан студент кездегі дәптерлерін іздеп, оқуды бітірерде бір-біріне естелік жазған жазбалар ішінен құрбысының мекенжайын табады.

Шымкентке келеді. Мекенжай бойынша құрбысының ата-анасының үйіне барып, тұрмысқа шығып кеткен құрбысымен кездеседі. Гүлжанның жағдайымен танысқан соң, құрбысы базардағы жұмысына сатушы етіп алады.


- Бастапқыда мен құрбымның үйінде тұрдым. Сауда-саттықты біраз үйреніп алғанымнан соң ол базардан сауда орнын жалға алып, өз алдыма жұмыс істеуіме көмектесті, - деген Гүлжан құрбысынан көрген жақсылығын ұзақ әңгімеледі.

Ол қарақұмық сатумен айналысыпты. Кейін Шымкенттегі саудагерлерге қарақұмық жеткізіп беруге көшеді. Сауданың арқасында үй сатып алады. Қызын оқытады. Базарлардан сауда нүктелерін көбейтеді.

Әрине, жақсы тұрмысқа ол бірден жете қойған жоқ. Ұзақ жыл табысын топтап, тұрмысын түзеп, шығысынан кірісі көбейгенде қызына серік болар тағы бір бала туу туралы ойлай бастайды. Бірақ бұл уақытта жасы 40-тан асқан. Әрекеттенгенімен, жүкті бола алмайды.

Қызы тұрмысқа шыққаннан соң үлкен үйде жалғыз қалады. Жаны жабырқан жүрген кезде Атыраудағы сіңлісі хабарласады. Оның бір ұлы бар. Екіншісіне жүкті екен. Бірақ күйеуі басқа әйелге кетіп ажырасып жатқанын айтады. Үй енесінің атында болғандықтан, ұлы екеуінің барар жері жоқ екенін айтып жылайды. Екі баланы асырай алмайтынын, құрсағындағы баласын сататындығын айтады.


- Маған бер деп жармаса кеттім. Сіңлім біраз саудаласты. Ол баласын туа салысымен маған беретін боп, ал мен оған алдын ала қажетті қаражатын тауып беретін боп келістік.


Гүлжанның жұмысы жүріп, ай сайын табыс түсіп тұр. Қажеттінің бәрі түгендеулі. Сондықтан да ол қомақты қаражатты жылдам жинап, сіңлісіне ұстатады. Сенгендіктен ешқандай келісім-шарт жасаспайды. Бірақ сіңлісі де сөзінде тұрып, уақыты жеткенде шарананы қолына ұстатып кете барады.

Гүлжанның өмірі кішкентай баласымен бірге өріліп өтіп жатады. Баласы біріншіні бітіріп, екінші сыныпқа баратын жылы Атыраудан қаралы хабар жетеді. Сіңлісінің жоғары сыныпта оқитын ұлы төбелесіп, бұзақы балалардың қолынан қаза бопты. Гүлжанның өміріндегі сергелдең осы оқиғадан соң басталады. Сіңлісі баласын қайтадан қайтарып беруін сұрайды, өтінеді. Жағдайын түсінсе де, «мама» деп жүрген кішкентай баланың жанын жаралап алудан қорқады. Бірақ сіңлісі баланың да, оған бауыр басып қалған ананың да жан-дүниесін ойламайды. Сотқа арызданып, талай жыл әбігерге салады. Ақыры сот арқылы баланы тартып алады.

Бірақ бала Атырауға барған соң ауыра береді. Психологиясы өзгеріп, ешкіммен сөйлеспей қояды. Алты айдың ішінде жүдеп, аурудан көз ашпаған баланы қайтадан әпкесіне әкеп береді. Бірақ Гүлжанның айтуынша, сіңлісі тағы да тұрмысқа шығатын болған соң ғана ойын өзгерткен секілді. Өйткені таныс-білістерінен естуінше, соңғы уақытта сіңлісі кездескен еркектердің «Балаң болмағанда үйленер едім» дегенін жиі айтқан көрінеді.

Сіңлісі екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін бәрін ұмыту үшін, сөйлессе, көрсе өткеннің бәрі қайтадан қоздайтынын түсініп, араласпауды жөн санапты

Гүлжан бұл жағдайдың сіңлісіне де оңай тимегенін біледі. Кімге болса да баласынан ажырау ауыр. Баласынан айырылып, онымен қайта табысқан уақыт аралығындағы жай-күйін сөзбен жеткізудің өте қиын екенін айтты. Арада қаншама жылдар өтіп, ұлы қазір 1-курс студенті болса да, Гүлжан сол бір оқиға салған жара орны жазылмағанын сезеді.


- Шүкір, ұлымның оқу үлгерімі жақсы. Бірақ өте тұйық. Бала кезде жан-дүниесіне салынған жара болашағына кедергі болмаса екен деймін. Сол бір жағдайдың ұмытылмай, онымен бірге «өсіп» келе жатқанын ойлап қиналамын, - дейді.


Гүлжан бала асырап алуға емес, туысқанның баласын бауырға басуға қарсы екенін әңгіме барысында жиі қайталады. Ал сіз не дейсіз, оқырман? Ұқсас оқиғаңыз болса, 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


"Тәнімді азаптады": Күйеуінен әбден қорлық көрген келіншек одан қалай құтылғанын айтты


«Бес жыл түрмеде отырғанымды ешкім білмейді»