​«Бес жыл түрмеде отырғанымды ешкім білмейді»

0
1 953

Түрмеде отырып шыққанын туысқандарынан жасырған қыздың тағдыры


​«Бес жыл түрмеде отырғанымды ешкім білмейді»

Редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады

Айналаңыздағы кейбір адамдардың аты-жөнін білгеніңізбен, өткен өмірін білмейсіз. Ал ағайын-туысқандардың ше?

Жарқынайдың ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасын оқысаңыз, «Туысқандарым туралы бәрін білем» деген ойыңыздың өзгерері анық.


Жарқынай (есімі өзгертілді) бұдан бірнеше жыл бұрын түрмеде отырған. Бірақ туған-туысқандары, дос-құрбылары да бұл туралы білмейді. Иә, адам алдында не күтіп тұрғанын да білмейді.

Университетте озат студенттердің қатарында болған Жарқынай өз біліміне сеніп, жұмысты үлкен қалалардан іздейді. Интернетте жарияланған бос жұмыс орындарына түйіндеме жібереді.

Ол жұмысқа оңай орналасады. Бөтен қала, жаңа ортаға тез үйренеді. Екі жылдан кейін-ақ бас есепші боп қызметте өседі. Бірақ жас маманның сол қызметке лайықты білімі болғанымен, тәжірибесі жоқ еді.

Бірде бастығы ауырып жүргенін айтып, бір айға емделуге кетеді. Бір аптадан соң сауықтыру орнынан Жарқынайға қоңырау соққан бастығы емге қомақты қаражат қажет боп жатқанын айтады. Кешке бір адамды жіберетінін, оған фирманың кассасынан ақша алып беруді тапсырады.

Кешке қоңырау шалған бейтаныс адам жақын маңдағы кафе алдында күтіп тұрғанын айтады да, Жарқынай ақшаны қағазға орап алып шығады. Күтіп тұрған көліктің есігін ашып, ақшаны ұстата бергенде, екі машина тоқтай қалып, ішінен топырлап түскен адамдар екеуінің де қолына кісен салады.

Жарқынай кінәсіз екенін, тек тапсырманы орындағанын айтып ақталады, бірақ, тыңдаған ешкім болмайды. Қылмыскерлерді уақытша ұстау изоляторына әкеп қамайды. Жалынып, өтініп жүріп бір конвойдың телефонымен бастығына қоңырау шалады. Сөндірулі. Содан кейін анасына қоңырау соғады. Анасы жылап қалады. Әпкесі екеуі адвокат жалдайтынын айтып, қызын жұбатады.

Жарқынайдың әкесі, ағалары да жоқ. Бірақ таныстары, құрбылары бар. Алайда анасы телефонда қайта-қайта «Ешкімге айтпа, жұрт естісе масқара» деген соң, ешкімге хабарласпайды.

Өлімнен ұятты күшті санайтын анам жұрттың бетін шымшып, «Қызы қылмыскер екен» деген сөзін көтере алмай өліп кете ме деп қорқады.

Жарқынай бір айдан аса уақыт уақытша қамау изоляторында отырады. Анасы мен әпкесі кездесуге келіп, жылы киімдері мен тамағын әкеп тұрады. Қарызданып жүріп адвокат та жалдайды.

Сот екі күнге созылады. Жарқынай да, пара алған кісі де бас бостандығынан айырылып, бірнеше жылға қамалады. Бұл жолы да анасы жылап тұрып: «Қызым, түрмеде екеніңді ешкім білмесін. Білгенімен ешкім көмектесе алмайды, тек дұшпанымыз күліп, досымыз табалайды», - дейді.

- Кейін анам тағы бір рет кездесуге келгенде «Сені ағайын-туысқа шетелге бір танысымен бірге жұмыс істеуге кетті» деп айттым. Бірер жылдан соң атыраулық бір жігітке тұрмысқа шықты» дерміз. Қазірше сен шетелде жұмыс істеп жатырсың» деді көзіне жас алып. Жүдеп кеткен түрін көріп жаным ашыды. Өзімді емес, анамды аяп жыладым, - деген Жарқынай терең-терең тыныс алып, көзіне үйірілген жасты үрлеп кептіргендей болды.


«Үш күннен соң адам тозаққа да үйренеді» деген сөз бар емес пе?! Жарқынай да біртіндеп қатаң тәртіпке үйрене бастайды. Ол күн санап, ал анасы өзі ойдан ертегі құрастырып алып, өз өтірігімен өзін алдап өмір сүріп жатады.

Анасы жиі кеп тұрады. Бірде ол келгенде қызына «Сен шетелде екі жыл жұмыс істеп, мол табыс таптың. Бірақ жолда ақшаңды ұрлатып алдың. Ақшаң болмай ауылға келе алмай жатырсың» десе, тағы бірде «Самолетте атыраулық келбетті жігітпен таныстың. Соған тұрмысқа шықтың, бақыттысың» дейді. Жарқынай сол кезді еске алып:


- Анам алжасып қалмаған ба деп іштей жылап тұрсам да білдірмей, менде бәрі жақсы дейтінмін қоштасқанда. Жазамды өтеп жатқаныма төрт жыл толғанда анам тағы келді. Ол «Туысқандарға сенің тойыңа барып келдім деп айтып едім, бәлеге қалдым. Тойыңның фотоларын сұрап жатыр. Күйеу бала намазхан жігіт деп айттым, суретке, видеоға түсу шариғатқа қайшы деп түсірткізбеді» деп құтылдым» деді. Басқалар анамның бұл өтірігіне сеніп жатыр ма білмеймін, әйтеуір ол өзі сенеді.

Анам кездесуге келіп кеткеннен соң бірнеше күн жылап жүремін. Қиналғаннан емес, анамды осылай өтірік айтуға мәжбүрлеп қойғаным үшін, оны уайымға салғаным үшін жылаймын. Анамды ойласам болды, көз жасымды тоқтата алмай қалатынмын, - дейді.

Жарқынай рақымшылыққа ілігіп, мерзімінен бұрын шығады. Бостандыққа шығатын сәт жақындағанда Жарқынайға анасы «Әпкең қаладан пәтер жалдап, дайындап қоятын болды. Күш жинап, түр-әлпетіңді жөндеп алған соң қолайы келген жұмыс іздестіреміз. Біраз уақытқа дейін ауылға бармайсың. Таныстар көріп қалған жағдайда «Арамызда бала болмаған соң күйеуіммен ажырасып кеттім» деп айтарсың. Тек осыншама уақыт түрмеде болғаныңды ешкім білмесін» деп, өтінеді.

Жарқынай бастапқыда кафелерде ыдыс жуып жүреді. Еден де жуады. Қызыл дипломы болғанымен, істі болған адамды мекемелер жұмысқа ала қоюы неғайбыл. Сондықтан да ол қолынан келетін жұмыстарды істеп, күнін көреді.


- Колонияда тігіншілікке әбден машықтанып алғанмын. Қазір көрпе-төсек тігетін үлкен тігін шеберханасында жұмыс істеп жатырмын. Бірақ қыз ұзату, той-томалақ тоқтап тұрғандықтан тапсырыс жоқ. Карантин созылғандықтан, бастығымыз тігіншілерді демалысқа жіберді.

Сәуір айындағы карантинде үйде отырып, жұмыспен қамту орталығы арқылы бетперделерге тапсырыс алып тіккен едім. Қазір онлайн тігін тігу сабақтарын бастауды ойлап жүрмін, - деген Жарқынайдың өзін-өзі тастап жібермегені қуантады.

Қазір оның жасы 28-де. Анасы «Менің көзім тіріде тұрмысқа шық» деп айтып жүр. «Елдегі эпидемиялық жағдай тұрақтансын, бәрібір қазір той жасауға рұқсат жоқ қой. Ал мен ақ көйлек кигім келеді, тойымның болғанын қалаймын» дейді анасының көңілін жұбатып.

Бірақ та Жарқынай отбасы құру туралы ойламайтынын айтады. Түрмеде отырып келген қызға үйленетін жігіттің табылатынына да күмәнді. Ол үшін бақыт та, байлық да – анасының амандығы.


- Мен карантиндегі бос уақытымда анамның қасында болайын деп ауылға бардым. Сол кезде туған-туысқандардың өзім қатарлы келіндерінің, қыздарының болмашыны мәселе санап, қиналғанын, «Бұндай өмірдің басынан бір-ақ тептім. Өмір сүргім келмейді, шаршап кеттім» дегендерін естідім, көрдім. Оларға өзім көрген қиындықтарды айтып, «Бұл болмашы нәрсе ғой» деп жігерлендіргім-ақ келеді, бірақ, анама «Түрмеде отырғанымды ешкімге айтпаймын» деп берген уәдем бар, сондықтан үнсіз қалам амал жоқ. Анама берген уәдемді ешқашан бұзбаймын, - дейді Жарқынай.


Тәжірибесінің аздығынан алданып қалғанына өкінетін Жарқынай «Бұдан былай әр қадамды ойланып басамын» деп өз-өзіне уәде бергенін де айтты.

Ал сіз анаңызға, өзіңізге қандай уәде бергенсіз, есіңізде ме?


Қымбатты оқырман, өзгеге сабақ боларлық оқиғаңыз болса, 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


«Бала туып бердім»: Түркістандық әйел қызы үшін қандай қадамға барғанын айтты