​«Бесікте атастырған едік»: құрбысынан көңілі қалған әйел ойын бөлісті

0
1 701

«Адамды алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді»


​«Бесікте атастырған едік»: құрбысынан көңілі қалған әйел ойын бөлісті
иллюстрациялық фото интернеттен алынды


«Он жыл бір мектепте, бір партада білім алып, айырылмастай дос көріп жүрген адамың әп-сәтте өзгеріп кетсе, өмірдің мәні де қалмайды екен. Жан құрбыммен қарым-қатынасымыз үзілгенде мен кәдімгідей күйзеліске ұшырап едім. Сөйтсем Жаратушының бізге деген жоспары ерекше екен. Мені ниеті теріс адамнан алшақтатқан екен ғой», - дейді Гүлзабира есімді әйел.


Алматы қаласынан хабарласқан оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне құрбысы екеуінің арасындағы болған жағдайды бүкпесіз баяндап берді.


«Қызболғанмен тай-құлындай тебісіп өстік. Мектепті бітірген соң қалаға, оқуға бірге келіп, студенттік шақтың қызығын да бірге көрдік. Кейін ол өзін ұнатқан жігітке тұрмысқа шықты, мен де ауылға келін болдым. Бірақ көп өтпей қалаға көшіп келдік те, бұрынғы достығымыз қайта жалғасты. Бір-біріміздің үйімізге құрттай қатынап жатушы едік. «Келіңдер, мен тамақ пісіріп қойдым» деп шақыра саламын, ертеңіне ол күтеді.


Бәріміз бір жылы тұрмысқа шыққан соң, тұңғыштарымыз да бір жылы дүниеге келді. Алдымен ол ұл босанды, күзге қарай біз қызды болдық. Мен перзентханадан шыққан күні Қызболған жолдасымен біздің үйге «құтты болсын» айтып келген. Сол күні менің күйеуім екеуі қызды-қыздымен «біз бесік құда боламыз» деп уәделесіп қойды. Мен «Балалар өссін, асықпаңдар, өздері шешеді. Қазір баяғы заман емес» деп шыр-пыр болдым, бірақ тыңдайтын бай бар ма, «Қызымызды Қызболғандарға береміз, құда боламыз» деп кесіп-пішіп тастады.


Мен содан кейін балалы бола алмадым. Себебі Қайрат екеуміздің қарым-қатынасымыз қиындап кетті. Ол өзге біреумен байланысып, ата-енеміз бізді ауылға көшіріп әкетті. «Ауылға барса есін жинар, ел ішінде отырса ақылға келер» деген ой болған. Бірақ миы уланған адамды ұстап тұру оңай ма, күйеуім бізді ауылға көшіріп әкелді де, өзі қалаға, көңілдесіне тайып тұрды. Қызымды құшақтап, жылап-еңіреп қала бердім. Ата-енем «ат айналып қазығын табады, шыда, сабыр ет» деп тырп еткізбейді. Сосын амал жоқ, елден кете алмай оншақты жыл отырып қалдым.


Осы жылдар аралығында Қызболғанмен байланыс үзілген еді. Бір жолы ол ауылға арнайы іздеп келіпті. «Сені ұмытан жоқпын, әбден сағындым» деп екеуміз шер тарқатып, жылап көрістік. Содан кейін қайта араласа бастадық. Ол кезде менің қызым жетінші сынып оқып қалған.


Бір күні құрбым қызымның туған күніне қонаққа келді. Отырыстың ортасында сөз сөйлеп, «біз баяғыда құда боламыз деп уәделескен едік, осы уәдені бүгін орындайын деп қызымызға алтын сырға әкеліп отырмын» деп көпшіліктің көзінше қызыма сыйлығын ұсынды. Іштей жалғыз қызымның бөтен жерге емес, мені жақсы түсінетін құрбыма келін болатынын ойлап, қуанып қалғанмын...


Жылдар өте берді, балалар мектеп бітірер жасқа келді. Осы уақыт аралығында Қызболғанның күйеуінің қызметі өсті. Жақсы үйге көшті, әйеліне көлік әперіп, кәсіп ашып қойды. Баяғы құрбымның мінезі де, әңгімесі де өзгеріп кетті.


Бір күні екеуміз шай ішіп отырған едік. Әңгіме балаларға ойысты да, құрбым «Балама бізбен терезесі, дәрежесі тең адамның қызын ал деп айттым. Үлкен әулетпен, зиялы отбасымен, әке-шешенің тәрбиесін көрген жермен құда болғым келетінін есіне салып қойдым» деп қалды. Мына сөзі менің өңменімнен өтіп кетті. Сонда мені менсінбегені ғой. Жалғызілікті әйел, жалғыз қыз деп кемсіткені болды. Іштей бала күннен досым деп келген құрбыма қатты өкпелеп қалдым. Бірақ сыртқа білдіргенім жоқ. «Кімнің кім екенін уақыт көрсетер» деп қоя салғанмын.


Балалар жоғары оқу орнын бітіріп, менің қызым өз саласы бойынша жұмысқа орналасты. Ал оның баласы әкесінің қасына көмекші болып кірді. Сөйтіп жүргенде «Гүлзакира, балам келін әкеле жатыр, алып қашыпты. Ертерек үйге кел» деп телефон шалды. Алған келіншегі анасынан ерте айырылған, өгей ананың қолында өскен қыз екен. Өгей анасы әбден түртпектеп, ешқандай тәрбие бермеген ғой. Құрбымды әбден күйдірді. Қолының сұғанағы бар екен, енесінің алтындарын ұрлап сатып, үйінен ақша ұрлап, ақыры ажырасып тынды. Баласы қазір құмар ойындарына үйір болып алған, шешесін қарызға батырып жүр. Кезінде қызымды бермегеніме қуанамын.


Сөйтіп жүргенде құрбымның күйеуі жұмысындағы есепші келіншекпен байланысып, соның үйіне көшіп кетті. Бір жолы кездесіп едік, «Қызболғанның көзі ақшадан басқаны көрмей қалды. Мені де күйеуім деп сыйламайды, қадірім қалмай бара жатқан соң кетіп қалдым» деген. Құры кетпей, атына жазылған дүние-мүліктіде бөліске салып, әйелін дымсыз қалдырды.


Үлкен қызы да тұрмысқа шығып еді, бағы жанбай, төркініне қайтып келді. Қайбір күні «Қызымның қызы кафеге апар, пицца әпер деп жылап еді, соған ақша таппай қалдым» деп құрбым жылап қалды.


Ал менің қызым, Аллаға шүкір, өзіміздің ауылға, таныс адамдарға келін болып барды. Бақытыма орай құдам да, құдағиым да жақсы адам болып шықты. Қызымды мақтап, рахметін айтып отыр.


Бұл оқиғаны айтқан себебім, адам қандай жағдай болмасын, астамшылық жасамау керек. «Ұлың болса, ұрының үстінен күлме» деген сөз бар. Табалағаным емес әрине, тек дүние, байлық адамгершіліктен асып кетпеуі керегін айтқым келді. Себебі ол қолдың кірі, ертеңгі күнің қандай боларын білмейсің...»