​«Бір ұлым, үш келінім бар»: алматылық ана жалғыз ұлының он балаға татитынын айтып мақтанды

0
2 140

Сіз ше, ұл-қыздарыңызбен мақтана аласыз ба, әлде?..


​«Бір ұлым, үш келінім бар»: алматылық ана жалғыз ұлының он балаға татитынын айтып мақтанды

Фото: picescorp.in

Соңғы жылдары көп балалы аналар саны артқанын байқаймыз. Алматылық Рая есімді ана бұны төрт-бес балаға ай сайын берілетін жәрдемақымен, баспанаға кезекке тұру жеңілдігімен байланыстырады.

«Әрине, бес-алты бала туғанға не жетсін, егер оларға жақсы тәрбие мен жоғары білім әперуге шамаң жетсе?! Бірақ бес баласымен пәтер жалдап, оларды киіммен, тамақпен қатмасыз ете алмай отырып, тағы да жүкті болған аналарды көргенде аяймын. Балалық шағы жоқшылықпен, қиындықпен өтетін құрсақтағы балаға жаным ашиды. Ата-ана перзентінің өміріне жауапты екенін ұмытпағаны жөн. Әр баланың балалық шағы бақытты өтуі керек», - дейді Рая апа.

Ол перзенті біреу-ақ болса да оны нағыз азамат етіп тәрбиелегенін, ұлының көрсетіп отырған құрметін мақтаныш етеді. "Бақыт санда емес, сапада" дейді.



Рая апа перзенттерге ғана емес, ата-аналарға да ой салатын оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Менің балалық шағым да, жастық шағым да қиындыққа толы болды. Өзге балалар алаңсыз ойнап жүргенде, мен жүгері саттым. Группаластарым жігітпен қыдырып жүргенде мен даяшы боп жұмыс істедім. Егер ата-анам мені қажеттілікпен қамтамасыз етсе, мен солай жүрер ме едім?

Мен әке қамқорлығына, ана мейіріміне зәру болдым. Бойжеткен шағымда құрбыларым үлде мен бүлдені армандаса, мен әке-шешем қасымда болса екен деп тіледім. Бірақ амал қанша, олар мен төрт жаста кезімде ажырасып кеткен...

Себебі не дейсіз бе, анам әкемнің опасыздығын кешіре алмаған. Әйел ретінде анамды түсінем, бірақ неге әкем отбасын сақтап қалуға тырыспады екен? Менің өмірге келуіме себепші болған соң, тым болмаса тағдырыма алаңдамады да ғой. Шын айтам, қатты қиналғанымда өмірге келгеніме өкініп кететінмін.

Екеуі ажырасқан соң анам екінші рет тұрмысқа шықты. Өгей әкем көбінесе ішіп келетін. Анамның да демалыс күндері ішетіні бар еді. Бір күні өгей әкем анам үйде жоқ кезде жеті жастағы менің ернімді бояп, сосын жағымсыз қылық көрсете бастады. Осы кезде құрбыларымен кафеге кеткен анам бөлмеге кіріп келді де әкемнің басына бөтелкемен ұрды. Артынша қоңырау шалып, полицияны өзі шақырды. Олар анамды алып кетті.

Анам қылмыскер атанды, аналық құқығынан айырылды. Ал мен жетімдер үйінде тәрбиелендім. Әйтпесе, анамның бауыры көп. Бірақ олар бір-бірін жат санайды, бір-біріне жаны ашымайды.

Балаларға «әке-шешеңнің жүзін төмен етпе» деп жиі айтылады ғой, ата-аналарға да «ұл-қызыңды ұялтпа, қызартпа» дегенді айту керек сияқты. Өйткені менің тұрмысқа шығуыма әкемнің жоқтығы, анамның түрмеде отырып шыққандығы көп кедергі болды.

Ал балалы болатын жаста мен анама бала сияқты қарадым. Иә, анам түрмеден шыққаннан кейін үш-төрт жылдай көше тазалаушы боп жұмыс істеді де сосын төсекке таңылып қалды. Емдетіп, диспансерлерге жатқызу үшін әкемнен көмек сұрауға мәжбүр болдым. Бұл кезде әкем үшінші рет үйленген болатын. Ол екінші некесінен төрт ұлы бар екенін, үшінші әйелінің жүкті екенін айтты. «Кеше ғана ұлдарым кеп ақша сұраған. Оларға да, саған да беретін ақшам жоқ. Тыныштық беріңдерші» деп ұрсып шығарып салды. Жауапкершіліктен қашатыны бар екен, неге бізді тудырды?

Анамның дәрі-дәрмегіне, пәтерақыға ақша табам деп жүргенде, жастық шағымның зырлап өтіп кеткенін аңғармаппын. Анам қайтыс болғанда мен 37 жаста едім. Анамнан айырылғанда жалғыздықты шын сезіндім. Тұрмысқа шығып, сүйікті жар, келісті келін болатын жастан өтіп кеткенмін. Оның үстіне ешкім ұсыныс та жасай қоймады. Сондықтан да мен жалғыздықтан құтылу үшін бала тууды ойладым. Қазір тұрмысқа шықпасам да бала туып алғаныма қуанам.

Баламның әкесі менің жүкті екенімді естіген соң тайып тұрды. Баламды олжа көріп, тіршілік етіп жаттым. Бар күшімді жалғыз баламның тәрбиесіне жұмсадым. Білімді болуы үшін жағдайын жасадым. Мейір-махаббатымды төктім. Оған ең бірінші қыз баланы, әйелді, ананы сыйлауды, жауапкершілікшіліктен қашпауды үйреттім.

Қазір шүкір деймін, ана ретінде бақыттымын. Жалғыз ұлым менің армандарымды орындады. Меккені көрдім ұлымның арқасында. Жылына екі рет шипажайларға барып келем. Бірнеше жылда Қазақстандағы барлық жақсы демалыс сауықтыру орындарына бардым деп мақтанамын.

Бақытты енемін. Ұлымның үш әйелі бар. Келінімнің санымен емес, олардың маған көрсеткен сыйымен, менікі бұрыс болса да ізеттілік сақтап үндемейтінін айтып мақатана аламын. Үшеуі үш бөлек тұрады. Қолдағы, яғни қара шаңырақтағы үлкен келіннің олармен жақсы мәміледе өмір сүріп жатқаны ақылының молдығынан шығар. Бір-бірімен тату үш келініммен мақтанам.

Үш әйелін керістірмей отырған ұлым да нағыз азамат қой. Бір әйелі мен екі-үш баласын асырай алмай отырған еркектер бар. Алысқа бармай-ақ қояйын, бұған өз әкем мен баламның әкесі мысал бола алады. Ал менің жалғыз ұлым үш әйелі мен олардан туған тоғыз ұл-қызының жағдайын жасап отыр.

Немерелерім жан-жақтан әжелеп, бірі шашымды тарап, бірі тырнағымды алып бергенде көзіме еріксіз жас келеді. Балалық шағым мен жастық дәуренім қиындықпен өтсе де, кәрілік кезеңімнің қуанышпен өріліп жатқаны үшін бақыттымын. Он баласы болса да өз зейнетақысын пайдалана алмай жүрген аналарды көргенде, ұлым жалғыз болса да саналы, иманды болғанына тәубе деймін. Бақыттымын»

Рая апа осылай дейді. Ал оқырман, сіз ше, перзентіңіздің жасаған қандай жақсылығымен мақтанасыз?



Ұқсас оқиғалар:

«Сіңлімнен қызғанамын»: Алматылық келіншек өмір бойы қызғанышпен өмір сүруге мәжбүр екенін айтты


«Әжетхана қағазына ақша бермейді»: Үнемшіл отбасынан шаршаған келін шындығын жайып салды