​«Болашақ құдам әлі пәтер жалдап тұрады»: Алматылық әйел қызын неге күйеуге бермей қойғанын түсіндірді

0
5 418

"Алдыңғы екі келінін де пәтер жалдап жүріп түсірген екен..."


​«Болашақ құдам әлі пәтер жалдап тұрады»: Алматылық әйел қызын неге күйеуге бермей қойғанын түсіндірді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

«Мен осы уақытқа дейін талай адам сөкті, ұрысты, жамандады. Бірақ мен өз шешімімді өзгертпедім. Тіпті, әлі баталаспаған құдағи телефон соғып жер-жебіріме жетті. Бәрін үнсіз тыңдап келіп едім...»


ERNUR.KZ тілшісіне хабарласып мұңын шаққан алматылық әйел 18 жастағы қызының сол үшін сөйлеспей жүргенін айтты.


Оның айтуынша, тұңғышы 16 жасынан бастап колледжде танысқан жігітпен кездесіп жүрген. Екі жыл өткен соң екеуі де оқуларын бітірмей үйленуге шешім қабылдаған. Бірақ болашақ құдаларының әлі күнге пәтер жалдап жүргенін білген ол қызының тұрмысқа шығуына қарсы болыпты.

- Пәтер жалдаудың машақаты мен баспанасыз өмірдің тақсіретін мендей тартқан ешкім жоқ шығар. Күйеуім үш баламен тастап үйі бар әйелдің қолына кіріп алды. Мұндай ащы сырымды ешкімге айтпап едім, жайып салуға тура кеп тұр. Егер екі ағам болмағанда мен де әлі күнге екі сөмке киіммен көрінгеннің есігін тоздырып жүрер едім.

Қызым тұрмысқа шығам дегенде де қарсы болмадым. Балаңның басы екеу болғанын, қыздың құтты орнына қонғанын кім қаламас дейсің? Бірақ құдалар туралы сыр тартқанымда олардың әлі күнге пәтер жалдап тұратынын, мұның алдында екі келінін да сол пәтерде жүріп түсіргендерін естіп аяқ тартып қалдым. Өзімнің қиындықпен өткен өмірім көз алдымда елестеп кетті.


Осы уақытқа дейін екі бөлмелі кішкентай үй болса да ала алмаған адамнан туған ұл менің қызымды да солай қаңғыртып қоймасына кім кепіл?! «Әке көрген оң жонар» деген бар. Әкесінің пәтерден пәтерге көшіп жүргенін көріп өскен ұл да ертең көрінгеннің есігіне телмірмей ме? «Отызында әйел орнығады» дегенді естіп өскенмін, болашақ құдағиым қайда қарады? «Әй, ел сияқты болайық» дейтін жөні емес пе еді?


Осы ойлар мен жан-жақтан қаумалап жеп қойды. Қызыма жұқалап айтып көріп едім, торсаңдады. Сосын құдағимен оңаша кездесіп көргім келді. Менің түбегейлі шешім қабылдауыма да сол себеп болды, - дейді алматылық әйел.


Айтуынша, болашақ құдағиымен әңгіме барысында жас отбасын бөлек үй ету ойында болмаған көрінеді.

- Оны пәтер жалдап тұрады деп айтпас едім. Үлде мен бүлдеге оранған, барынша сәнқой әйел екен. Үлкен екі ұлын да бөлек жіберген, менің қызыма таңдауы түсіп отырған үшінші ұлын да «өз арбаларын өздері сүйресін» деп бірден шығарып жібереді екен. «Жұмыстарын істесін, өз күндерін өздері көрсін» деп отырғаны мені тіксінтіп қойды.


Ау, олар әлі жұмыс та істеп көрмеген, оқуларын да бітірмеген жастар емес пе? Жас отағасына әкенің ақылы, жас келінге ененің көмегі мен тәрбиесі керек болмай ма? Ертең балалы болады, оны қалай ептейді? Қиындыққа шыдамаса тіккен отауларына көлеңкетүсіп, шаңырағы шайқалмай ма?


Бұл ойымды жаймен тігісін жатқызып жеткізген болдым, бірақ болашақ құдағи түсінбеді. «Одан да той өте салысымен құдалар болып шетелге қыдырып келейік» деп біраз жерді ауызбен орып тастады. Мен кездесуден көңілсіз қайттым. Алдымнан шыққан қызыма да екі күн бойы ештеңе демедім, әбден ойланып барып қызымды әзірге күйеуге бермейтін болып шештім.


Ол жігітке мүлде бермеймін деп отырғаным жоқ, оқуын бітірсін, жұмысқа тұрсын. Бір отбасын асырап сүйрей алар әлеуетін көрсетсін. Баспананың ең болмаса іргетасын қалап көрсін. Сонда ғана мен оған қызымды сеніп тапсыра аламын. Сол жылдар арасында махаббатына берік болса, онда нағыз азамат болғаны.

Осылай деген сөзім далаға ұшты. Қызым менімен екі ай өтті, әлі ашылып сөйлеспей жүр. «Ертеңгі күні менің кебімді киіп, қиналып жүргің келмесе ақылға кел, күт біршама» дегенімді түсінбейді. Ол томарған сайын мені жүрегім ауырып, бір қателік жасап қоя ма деп те қорқамын.


Рас, мына заманда баспаналы болу да оңай емес. Бірақ, айналайын әкелер! Ең болмаса үйдің іргетасын қалап, екі бөлме болса да үй салып алуға барыңды салып әрекеттеніңдерші. Ердің де ерлігі сол болса керек бүгінде. Ұлыңа берерің болмаса да өз өнегеңмен еркектің бір парызы – отбасын баспанамен қамту екендігін көрсетіңдерші. Әрі қарай ұлың көргенін өзі-ақ іліп алады.


Мені уайымдатқан – пәтерден пәтерге көшіп жүріп келін түсіріп жүрген болашақ құда-құдағиларымның алаңсыздығы. Менсінбегенім емес, өзімнің де асып жатқаным шамалы. Қазір үлкен екі ұлы да пәтер жалдап жүр. Бұйыртса еліміздегі жастарға арналған түрлі бағдарламамен баспаналы болып алғанын тілеймін. Ал әзірше, үшінші ұлы үйленбей тұрғаны, менің қызым да тұрмысқа шықпай тұра тұрғаны дұрыс деп отырмын, - дейді жастардың келешегін ойлаған ана.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Күйеуім балам сияқты»: Күйзеліп жүрген келіншек күйеуінің қасына жатқысы келмейтінін айтты


«Ақшамды енем ұстайды»: Шымкенттік келін отбасындағы айнымайтын қағиданы айтып берді