«Бөлеме деген сезімім әлі сөнбепті»: күйеуінің зәбіріне шыдамаған алматылық келіншек шындығын жайып салды

0
4 943

«Ол да маған ғашық сияқты»


«Бөлеме деген сезімім әлі сөнбепті»: күйеуінің зәбіріне шыдамаған алматылық келіншек шындығын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды



«Қазақтар қаны таза халық қой. Жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бірақ бөлелердің үйленуіне бола ма?», - деп көптен ақыл сұрайды Гүлсінай есімді келіншек.


Айтуынша оларды ата-аналары бұрын үйлендірмек болған екен. Бірақ той болмай қалған, себебін Гүлсінайдың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Біздің анамыз көпбалалы отбасыдан шыққан. Өздері он қыз, екі бала. Он қыздан өрбіген бөлелерді санасақ, отыз сегіз екенбіз. Көп болсақ та, бір-бірімізбен жақсы араласамыз, той-жиын болса бөлелер түгел жиналады.


Сол бөлелердің ішінде Медет дейтін үлкен нағашы әпкемнің баласы болды. Өзі менен екі жас үлкен-тұғын. Кішкентайымыздан бірге өстік. Жаз болса ол біздің үйге келетін немесе мен олардың үйіне қыдырып баратынмын. Ойынымыз да, әңгімеміз де жарасушы еді. Өскен соң студент болдық та, қалада жиі қыдырдық. Мені ағамдай қорғаштап, жігіттерден қызғанып жүретін. Өзінің достарымен болатын отырыстарға апаратын.


Қазір ойлап отырсам, сол кезден бастап мен оны ұнатқан екенмін. Бірақ оны іштей мойындамайтынмын. «Ағам ғой, бөлем ғой» деп одан әрі ойламай, қоя салатынмын. Университет бітірген соң Медет Қарағандыға жұмысқа тұратын болды. Әпкем мен жездем «Баланы үйлендіріп жіберейік, сол жақтың орысымен шатасып жүрсе, елге келуі қиын болады» деп жан-жақтан қыз іздестірді.


Медет сабақты жақсы оқитын, қыз-қырқынға онша қарамайтын жігіт еді. «Сіздер таңдап, әперсеңіздер болды, мен үйлене беремін» депті. Содан нағашы әпкем сіңлілерінің ауылынан қыз іздестіре бастайды ғой. Сонда ең кіші нағашы әпкем «Медет пен Гүлсінайды қоссақ қайтеді, бірі қоңырат руынан, екіншісі кіші жүзден, қыз алыса берсе болатын шығар. Екеуі кішкентайынан егіз қозыдай бірге өсті, сыры мәлім жер» деп ақыл айтқан. Оған үлкен әпкем әжептеуір ойланып, өз ағайындарымен ақылдасып, кішігірім мәслихат құрады. Сонда әулеттерінің үлкендері «Үй ішінен үй тіккендерің қалай? Шешелері туысқан ғой, қан деген бәрібір араласады, бұлай болмайды» деп тоқтау салыпты.


Не керек, Медет ағайын жеңгесінің Түркістан жақтағы төркінінен бір қызды тауып, соған үйленді. Тойында болдық. Іштей қылп еткенім бар. Себебі қыз шомбалдай қара, Медеттен бойы ұзын, денелі екен. «Кәрі көрінеді ғой» деп ойлап қойдым. Бірақ менің ойыммен санасып жатқан кім бар? Екеуі бір айдан соң Қарағандыға көшіп кетті.


Ал мен группалас құрбымның тойында қыз жолдас болып, танымайтын бір жігіт алып қашып, амалсыз сол жерде қалдым. Күйеуімді тойда бір мәрте көргенім болмаса, кім екенін мүлдем білмейді екенмін. «Есік аттап қойдым, ұят болады» деп көне салғам ғой. Сөйтсем адамның аласы ішінде деген рас екен.


Түр-басы әжептеуір болғанымен, мінезі нашар адам болып шықты. Көрінгеннен қызғана береді. Үйленгенімізге он бес жылдан асса да, төрт балалы болсақ та сол әдетін қояр емес. Бір жерге барсам бітті, сол күні болмашыға тиісіп, ұрыс шығарып, соңы төбелеспен аяқталады. Құдды бір мені біреу күтіп тұрғандай ғой, «қайда бардың, кіммен болдың» деп тіміскілеп, тергеп, жүйкемді жүн етеді.


Жаспыз ғой, жарқырап киінгім келеді. Оған да рұқсат жоқ. Етек-жеңі ұзын көйлек, орамалдан басқаға рұқсат жоқ. Оның өзін жалынып жүріп әрең аламын. Малы бар болса да, ақшаға сараң. Соңғы уақытта «құлағым тыныш болсыншы» деп өз-өзіме қарауды қойдым.


Медетті соңғы он бес жылда үш-төрт-ақ мәрте көрдім. Олар қызметте, жылына бір мәрте демалысқа келеді. Тек той-жиында ғана жолығамыз, болды.


Енді өткенде олар елге көшіп келіпті деп естідім. Жұмысын осы жаққа ауыстырыпты. Әйелі орыс мінезді, көкіректеу адам болып шыққан. Бір бала туды да, сонымен тоқтап қалды. Жақында ең кішкентай бөлеміз үйленді де, сол тойда бәріміз бас қостық. Бөлелер арасында әңгіме болып, Медеттің ажырасқалы жатқанын естідім. Медет анасын қаладағы үйіне, қолына алмақшы болыпты. Әйелі оған қарсы екен. «Анамның алдындағы парызымды орындауым керек, енді оны мен бағамын. Қарсы болсаң жолың ашық» депті. Содан бері екеуі бөлек тұрады екен. Тойға да келіншегі келген жоқ.


Медет би басталғанда біз отырған үстелге жақындап келіп, «Гүлсінай, бұрын бұндай емес едің, басылып қалыпсың ғой, жүр, билейік» деп шақырды. Дәл сол кезде вальс басталған. Құлағыма сыбырлап «Ауылдағы атамды тыңдамай, баяғыда саған үйленуім керек еді, анау төрт балаңның әкесі мен болып отырар едім» деп қалды.


«Демек маған деген сезімі болған екен ғой. Неге соны дер кезінде байқамадық екен. Батылдау болсақ, осы күні бақытты болып отырар ма едік...» Осындай оймен үйге келіп едім, күйеуім қиялымның күл-талқанын шығарды. «Менімен билемеген вальсті Медетпен билеп құтырайын депсің» деп кіргеннен тиісті. «Билесем бөлем ғой, не бопты» деп айқайладым. Соңы қырық жылдық әңгімеге ұласып, әбден таяқ жедім.


Шынымды айтсам, күйеуімнің қызғаншақтығынан шаршап кеттім. Мені жазықсыз қаралай бергеніне ішім ашиды. Ақыры сенбейді, жүргіш санайды екен, онда мен де біреумен кездесіп, өзімді шынайы бақытты сезінсем бе екен деген ой мазалайды. Әрі Медеттің ажырасқалы жатқанын есітіп, біртүрлі күй кешіп жүрмін. Менің де бақытты болуға қақым бар шығар. Сіздер қалай ойлайсыздар?»