​«Бөтен әйелге көмектесем деп басы бәлеге қалды»: қызылордалық келіншек күйеуіне ренжулі

0
2 123

«Күйеуі барын жасырып қалған. Өзі де қосылып ішеді екен...»


​«Бөтен әйелге көмектесем деп басы бәлеге қалды»: қызылордалық келіншек күйеуіне ренжулі
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қырыққа келіп түсінгенім, кей адамдар сенің жасаған жақсылығыңды әлсіздік, аңқаулық деп бағалап, асыңды ішіп, көрпеңді тіліп кетеді екен. Содан шығар, адамдардың «сауаптың түбі тесік» деп айтатыны. Күйеуімнің «сауап үшін» деп істеген кей тірліктері маңдайымызға таяқ болып тиіп жатыр», - дейді Фатима есімді қызылордалық әйел.


Ол ERNUR.KZ тілшісіне таяуда ғана күйеуінің басынан өткен жағдайды баяндап берді.


«Карантиннен кейін күйеуім қатты өзгеріп кетті. «Ковид» болып, өкпесі қабынып, қатты ауырғанда адам әуелі Құдайын еске алады екен ғой. Бұрын да намазын оқып жүретін жан еді. Ауырып тұрғалы тіпті беріліп кетті. «Сауап үшін» деп талай адамға қаржылай да, заттай да көмектесетін болды. «Ереке, сауап деген жақсы ғой, бірақ көмектесер болсаңыз алдымен жақындарыңыздан бастасаңызшы. Айдаладағы, танымайтын адамдар ертең-ақ сізді ұмытып кетеді ғой» деп назымды білдіріп қоятынмын. Бірақ ол менің айтқанымды тыңдасын ба? Өз білгенін істеп жүрді.


Өзінің кішігірім кәсібі бар, шүкір, ақша жетеді. Біраздан бері өзі намаз оқып жүрген мешітке қаржылай көмек көрсетіп келеді. Ішінің кілемін түгел жаңалап берді. Имамдар Ерекемді жақсы танып алған ғой. Бір күні мешітке келіншек көмек сұрап келіпті. «Тұратын үйім жоқ, мүгедек баламмен далада қалдым» деп жылаған. Молданың жаны ашып кеткен шығар, «Мына жігітке хабарласып көріңіз» деп біздің күйеудің нөмірін беріпті.


Әлгі әйел екі кеште күйеуіме хабарласқан ғой. «Төрт баламмен пәтерде тұратын едім, қожайын қуып жатыр. Өзім базардың асханасында ыдыс-аяқ жуамын. Жалғызілікті әйелмін» деп еңіреп жылаған ғой. Жүрегі мейірімді күйеуім әлгіге шын жаны ашып кетіп, «Дәл қазір қайда тұрсыз, мен сізді барып алып кетемін» деп мекен-жайын алып алған. Үйде үш өзбек құрылыс істеп жатқан. Он мыңға «газель» жалдап, үш өзбекті алдына салып, әлгі әйел айтқан жерге барады. Барса расында да аяғын сылтып басатын бір баласы, үш қызы бар, орта жастағы әйел отыр екен. Дереу оларды өзінің көлігіне отырғызып, жүктерін «газелге» тиеп, қаладағы мықты мейрамханаларға апарып, тамақтандырыпты.


«Қала сыртында қарындасымның бос тұрған жер үйі бар, как раз жалға беремін деп отырған. Сіздерді алты айға дейін сол жерге орналастырайын. Ақысын өзім төлеп қоямын. Таза ұстап отырсаңыздар, сол жеткілікті» депті күйеуім. Содан қарындасына хабарласып, алты айлық пәтердің ақысын аударып жіберіпті.


Үйге түн жарымында келді. «Мен осылай далада қалған бір әйелді балаларымен бірге Балнұрдың үйіне апарып, жайғастырып келдім» деп мәз. «Ереке, мүлдем танымайтын адамдарды қалай кіргізе салдыңыз, қызықсыз сіз де» деп өкпелеп қалғам. Айтқанымдай-ақ, үш айдан кейін бір шикілік шықты ғой.


Күйеуім әлгі үйге айына бір мәрте барып, тексеріп кететін. «Бәрі жақсы, өмірлерін сүріп жатыр» деп өз ісіне риза болып отыратын. Бір күні үйге үш полицей келіп тұр. «Ербол деген азаматтың үйі осы ма? Өзін шақырып жіберіңізші» дейді. Зәре-құтым қалмады. Ойламаған жерден формадағы адам іздеп келсе, секемденіп қалатының анық қой.


«Бақсам, бақа екен» демекші, әлгі пәтерге жайғасқан үйден мәйіт табылыпты. «Пәлен мекен-жайдағы үйге адам отырғызған ба едіңіз? Сол үйдің күйеуі кеше түнде асылып, қайтыс болды» деп хабарлады. Күйеуім де, мен де аң-таңбыз. «Қалай, ол әйелдің күйеуі жоқ еді» деп бет бақтырмаймыз. Сөйтсек, әлгі әйел бізден алқаш күйеуі барын жасырыпты. Өзі де ара-тұра күйеуіне қосылып ішеді екен.


Оқиға орын алардан бір күн бұрын күйеуі екеуі араққа сылқия тойып алған, ақырында ойдағы-қырдағы проблемалары еске түсіп, әбден ұрысқан. Күйеуі «кетсең, онда асылып өлем» деп шынын айтқан екен. Ішіп алған адамға дауа бар ма, тыңдамай, теріс бұрылып кете барыпты. Сонда әлгі еркек үйдің алдындағы кішігірім қоймаға барып, жіпке асылып қалыпты. Оны кешкі ас әзірлеуге картоп іздеп шыққан кішкентай қызы көріп қалыпты.


«Кешіріңдер, күйеуім бар деп айтсам мені кіргізбей, «ақшаны күйеуің тауып, сені асырасын» деп айтып, қолымды қайтара ма деп ойладым. Алқаш күйеуім дым табыс таппайтын, маған масыл еді» деп жылап-еңіреп отыр. Ондай адамға не айтасың?..


Күйеуіме «тіркеуге қоймай пәтерге адам кіргізгені үшін» деп айыппұл салынды. Қарындасы да «үйіме кім көрінген адамды кіргізіпсіз» деп өкпелеп, бұл оқиға әжептеуір әңгіме болды. Әйелміз ғой, «мен сізге айтып едім» деп біраз уақытқа дейін бұрқылдап жүрдім.


Енді қайынсіңлім келін алған, бала да, келін де қалада істейді. Тұратын үй керек, өздерінің әлгі үйіне кіруге қорқып жүр. «Адам өлген үй ғой, аурасы таза емес, қорқамыз» деп өздері пәтер жағалауға мәжбүр болды. Қайынсіңлімді көрген сайын күйеуімнің тірлігі еске түсіп, ұялып қаламын. Кеше ғана «үйімізді сататын болдық» деп хабарласты. Кезінде «балам үйленсе осы жерде тұрады» деп шын ниетімен салып еді. Обал болды.


Мен бұл оқиғадан көпшілік сабақ алса деймін. Біреуге жақсылық жасамас алдын он ойланып, тоғыз толғанып алу керек екен. Жақсылықты алдымен жақындарға жасайық, садақаны да әркім өзінен, жақындарынан бастасын деген емес пе?!»