​«Бұдан да алқаш болғаның артық еді»: құмар ойынының құрбаны болған әйел өз өмірінен сыр шертті

0
1 832

«Күйеуім, екі қызым, төрт салоным, үш бөлмелі пәтерім, көлігім... Бәрінен айырылдым»


​«Бұдан да алқаш болғаның артық еді»: құмар ойынының құрбаны болған әйел өз өмірінен сыр шертті

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Соңғы уақытта спорттық ойындарға бәс тігу, казино, ойын автоматтарымен ұтыс ойнау дегенге қызығушылық көбейір келеді. Құмар ойынының қауіпті екенін білсе де, «бір рет көрем» деген уәжбен түбіне түсіп, бар жиған-тергенінен айырылып қалғандар қаншама. Солардың бірі – алматылық Эльмира.


Кезінде мықты кәсіпкер, бірнеше сән салонының иесі болған оқырманымыз бүгінде құмар ойынына құнығып кеткендерді емдейтін онлайн топ ашып, адамдарды тура жолға үгіттеп жүр. Ол ERNUR.KZ тілшісіне өз басынан өткен оқиғасын баяндап берді.


«Казиноға алғаш рет 2006 жылы бардым. Астанада тұратын мықты кәсіпкер, группалас құрбым ертіп апарды. Басында «іші қандай екен, көріп қайтайыншы» деген қызығушылықпен барғам. Құрбымның салған жерден джек-пот ұтып алғанын көргенде менің де әуесім кетті. «Бір көрейінші» деген оймен ертеңіне қалтама ақша салып, жалғыз өзім бардым. Алдымен слот-автомат ойнадым. Қолым құр қайтпады, бірінші сағатта-ақ салған ақшамды екі есе қайтарып алдым. Ол кезде ұтқан ақшаға әжептеуір бір көлік алуға болатын. «Бел ауырмай, балтыр сыздамай күніне бір көлік мініп отырсам керемет қой» деп өзімді жолы болғыш адам санадым.


Күн сайын бір көлік ұтып алатын адамдай автоматтың алдынан шықпайтын болдым. Басында жинап жүрген ақшамды салып жүрдім. Сосын салондардан түскен күнделікті табысты жарата бастадым. «Бізге тауар керек» деп қызметкерлерім шырылдайды. «Ақша жоқ, өз қаржыларыңа ала тұрыңдаршы» деп неше түрлі сылтау айта бастадым. Жұмыстың берекесі кетті, өзіне қажетті бояуды таба алмағасын клиенттер де азайды.


Жұмыстан бұрын бұл менің отбасылық өміріме дә әсер етті. Күйеуім мемлекеттік қызметте істейтін. Алғашқыда менің жүрісімнен еш күмәнданбады. Бірте-бірте үйге кешеуілдеп қайтатыным, түні бойы ертең қайдан ақша тапсам екен деп дөңбекшіп шығатыным күдік туғызса керек, бір күні салоннан шыққаннан аңдыпты. Обалы не керек, мені бұл жолдан қайтаруға барынша әрекет жасады. Салонға керекті тауарды да өз қаржысына әперді. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Екі жылдан кейін біз бейбіт түрде ажырасып кеттік. Талдықорған жақтағы екі бөлмелі пәтерді менің атыма аударып қойған еді, соны өз атына аударып алды да, киім-кешегін жинап, көшіп кетті.


Күйеуіммен ажырасқаным маған түк те әсер етпеді. Қайта күн сайын ызыңдай беретін адамнан құтылғандай қуандым. Сөйттім де достарымнан, туыстарымнан «салонның жұмысы ажырасқалы бері тоқтап қалды, көмектесе тұр» деп қарыз ала бастадым. Соңыра кредит деген бәлеге ұрындым. Ай сайын төлемегесін оның үстіне қосылатын пайызы да арта берді. Үйімді тігіп ірі көлемде несие алдым. Оның біраз бөлігімен қарыздарымды, майда-шүйде несиелерімді жаптым да, қалғанын ұтысқа тіктім. Арзымайтын, алдамшы ұтыс шықты. Бірақ бір апта өтер-өтпес екі есеге ұтылдым.


Менің бұл тірлігімнен төркінімнің бәрі хабардар болған. Ата-анам мен інім іздеп келіп, «сорлы-ау, үйіңнен айырылып қаласың ғой бір күні, екі қызыңды ойласайшы» деп мені турал жолға салмақшы болды. Обалы не керек, інім үй салам деп жинап жүрген ақшасымен менің несиемді жауып, «енді ойнамаймын» деген уәдемді алды. Бірақ кешеге дейін әке-шешеме ондай уәденің жүзін берген шығармын.


Менің қарыздарыммен алысып жүргенде ата-анамның да бойынан қуат кетіп, қалтасының түбі көрінді. «Бүл болмасаң, күл бол! Сендей қызым жоқ менің, одан да арақ ішіп, алқаш болғаның артық еді» деп әке-шешем менен теріс айналды. Туғандарымнан айырылғаннан кейін үйдегі қымбат заттарды сатуға көштім. Ойынға баспен «қадалды» деген осы еді...


Бұл уақта қаладағы төрт салонымнан біреуі ғана қалған. Қалғандарын сатып, қарыздарымды жаптым. «Енді менде ешқандай қарыз жоқ қой, қалтамдағы 200 долларды салып көре салайын, одан кедей боп қалмаймын ғой» деп тағы бардым. Бірақ бәленің бәрі сол 200 доллардан қайта басталды. Ұтылып қалған күндері өз-өзіме қол жұмсағым келіп, талай мәрте оқталдым. «Құдай-ай, таң атпай қалса екен, әйтпесе жұрт тағы да қарызын сұрап есігіме келеді ғой» деп тілейтінмін. Уыстап дәрі ішкен күнім де болды. Есейіп қалған қызым байқап қойып, жедел жәрдем шақыртып, аман алып қалған. Сосын анам келіп, «екі қызыңа не тәрбие беріп жүрсің, «адам болдым, бітті» деп келсең, қыздарыңды қайтарам» деп екеуін өзімен бірге ертіп кетті.


Күнделікті тиын-тебен түсіп тұрған соңғы салонымды да сатуға қойдым. Бұл уақта тұрып жатқан пәтерімнен де айырылып қалған едім. Басымда баспанам жоқ, салонның бір бөлмесіне түнеп жүргем. Оны сатқасын далада қалдым. Сосын амал жоқ, қала сыртынан арзандау, екі бөлмелі времянка алдым. Ескі, едені шұрқ-тесік үйге кіргенде айқайлап жыладым. «Мен қандай едім, қандай күйге түстім? Бұның бәріне кім кінәлі? Құтылатын күн туа ма, жоқ па?» деп өткен өміріме көз жүгірттім. Сосын отыра қалып интернеттен құмар ойынына тәуелділіктен құтқаратын амал іздедім.


Әлеуметтік желілерде «қораға кіргендерге» арналған арнайы топтар көп екен. Солардың біреуіне тіркеліп, уатсап чат арқылы өз тағдырларымызды талқылай бастадық. Сөйтсем менің көргенім бергі жағы екен. Картаға қатын-баласын тіккендердің жазбасын оқығанда құмар ойындарын заңдастырып, казино ашуға рұқат бергендерге лағнет айттым.


Бірақ әлгі топтың маған көмегі тиді. Өзіммен тағдырлас бір келіншекпен өмірде танысып, екеуміз «офлайн ұйым» құруды жөн санадық. Яғни құмарға құмартқандар аптасына бір мәрте кездесіп, шай ішіп, бұдан шығудың жолдарын қарастыруды қолға алдық. Біздің мекеме заңды түрде тіркелмеген, ресми атауы да жоқ. Бірақ қазірдің өзінде жиырма адаммен жұмыс істеп, олардың он төртін «батпақтан» шығардық. Алтауы әрі-сәрі күйде жүр, арасында шыдамай дүкендердегі ойын автоматтарына ақша салып қояды.


Екі жыл, екі ай болды, ойынды тоқтатқам. Өкінішке қарай әкем менің адам болғанымды көрмей, бақилық боп кетті. Қызымның үлкені мектеп бітірген, қаладағы ағамның қолында тұрып жатыр, кішкентайым ауылда, әжесімен бірге. Қазір өзім бір салонда жұмыс істеймін. Табысым жаман емес, ақшамды жинап, дұрыстау үй алып, қыздарымды, анамды қолыма алсам деген ниетім бар.


Бес жылым қорлықта өткен екен. Дос та, жанашыр да, әріптес те, ешкім қалмады. Бәрі менен теріс айналған. Өзімді сүйетін күйеуім де қазір басқаға үйленіп, бақытты боп кетті. Баяғы мені казиноға ертіп апарған группаласым да өз құмарын тежей білетін адам екен, тәп-тәуір өмір сүріп жатыр. Ерік-жігері әлсіз болған өзім ғана кінәлімін. «Бір рет көрем» деп барғаныма жазықтымын.


Сондықтан, жастарға айтарым, бұл бәлеге жоламаңдар! «Нем кетті, бір рет...» дегеннен басталады бәрі. Есің бар болса, аулақ жүрші. Түбі жақсылыққа апармайды».