«Бүкіл байлығымнан бір жылда айырылдым»: алматылық азамат құмар ойынға қалай «кіріп» кеткенін айтты

0
2 173

​Ол құмар ойынынан құтқарған әдісті де айтып берді.


«Бүкіл байлығымнан бір жылда айырылдым»: алматылық азамат құмар ойынға қалай «кіріп» кеткенін айтты

«Адам қуанышты бір күнін ешқашан ұмытпайды, бірақ қиын көп күнін бір сәтте ұмытып кетеді» деген сөз 100 пайыз рас екен. Ұйқысыз түндерімді, бір үзім нанмен ғана жүрген күндерімді қалай ұмытып кеткеніме таң қалам», - деп бастады әңгімесін алматылық Еркін есімді азамат.


Ол әкесіз өскен екен. Жалғыз анасы төрт баланы қалай өсіріп, жеткізгенін, бұл жолда қатты қиналғанын көрген. 6-сыныптан бастап базардағы анасының қасында жүріп, жүгері сатқан. Сауда-саттыққа ерте араласып, өмірдің ащы-тұщысын көрген Еркін 22 жасында алғашқы миллион теңгесін тауыпты. Бауырларына көмектесіп, қарындастарының оқу ақысын төлеген.

Талмай еңбектенудің арқасында 30 жасында Еркінде бәрі болған. Ол өзі армандаған жақсы өмірге 8 жылда қол жеткізген. Бірақ ол бір күні жолынан адасып, маңдай термен тапқан бүкіл байлығынан, отбасынан айырылып қалам деп еш ойламаған екен. Қаншама миллиондарды меңгеріп, ақшаны басқара білген ол нәпсісіне күші жетпегеніне өкініш білдіреді.



Жастар жамандықтан сақтанса екен деген ниетте ол ERNUR.KZ тілшісіне өкіндірген қателігін айтып берді:

«Менен жастар, қаракөз інілерім «Қалай тез баюға болады?» деп жиі сұрайтын еді. «Саудамен айналыс, бір тиыннан екі тиын жасауды ойла» деп айтатынмын. Расында да, сауда жасау арқылы көп табысқа кенелуге болады.

Мен үйдің үлкені болғандықтан, кішкентайымнан анама қолғабыс боп өстім. Мектептен соң базарға барып, анамның қасында жүретінмін. Анам жазда жүгері, бидай көже сататын еді. Жалғыз анамның табысы күнделікті нан-суымызға ғана жететін. Мен кейде қарындастарым жесін деп, бір үзім нанды қанағат етіп қоя салатынмын.

11-сыныпты аяқтаған соң ерлерге арналған жаздық бас киімдер мен белдіктер сата бастадым. Ені бір метр, ұзындығы екі жарым метр кіп-кішкентай жерді 100 мың теңгеге жалға алып, саудамды жүргіздім.

Базарда өзіммен қатарлас бір жігітпен сөзім жарасып араласып кеттім. Ол джинсы шалбарлар сататын еді. Оның айтуынша, Алматыға қарағанда Атырауда тауарларды қымбатырақ сатуға болады. Екеуміз Атыраудағы базарлардан орын іздедік. Алғашқыда бір ғана жерде тұрып, досым екеуміз сауда жасадық. Джинсы шалбардың түр-түрін әкеп саттық. Джинсы шалбар жастар арасында сұранысқа ие тауар. Оны жазда да, күз бен қыста да жастар киеді.

Саудамыз жақсы жүрді. Кейін қасымыздан тағы бір орынды алып, қыздарға, әйелдерге арналған джинсы шалбарлар сата бастадық. Әрине айтуға оңай болғанымен, тауар әкелу, оның бәрін жайғастыру, сату бәрі де үлкен еңбек. Ұйықтамаған түндер, контейнерде түнеген айлар, қиындықтар бастан өтті. Бірақ сол еңбектің, қиындықтарды еңсерудің арқасында досым екеуміз де жағдайымызды жасап алдық.

Қымбат көлік, Атыраудан баспана алдым. Қалағанымды жедім, кидім, қыдырдым. Ақтаудың бір бай-манабының сұлу қызына үйлендім. Ол бір ұл туып берді. Бақытты едім. Алайда сол бақытымды, құдай берген бақты көтере алмаппын.

Сатушылар жалдап, досым екеуміз уақытымызды қызық-думанның ортасында өткізіп жаттық. Жаспыз, бойда қуат, көзде от жалындап тұр. Қалтада ақша. Адамның бос уақыты көп болса, әйтеуір бір жамандыққа ұрынады екен.

Бір күні досым Алматыдағы танысының туған күніне баратынын айтты. Мені де шақырды. Сол күні мен жолымнан адасарымды білмедім.

Досымның досы бір казиноның иесі екен. Туған күнін сол ойынханада өткізді. «Жап-жас боп талай жетістікке жеткен екеуіңнің серігің – сәттілік шығар. Бұны оңай анықтауға болады» деді. Досым маған, мен оған қарадым. Сынап, байқап көрмек болдық.

Сол күні екеуміз де ақша ұттық. Біздің бір айда саудадан табатынымызды бір түнде ойыннан ұтып алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Осыдан кейін әр аптада Алматыға жол тартатын болдық.

Бастапқыда әр ойында қомақты ақша ұтып, мәз боп жүрдік. Бірақ кейінгі айларда ұтқан ақшамызды еселеп ойынға салып, ұтылып жатқанымызды аңғармадық. Айналдырған алты айдың ішінде құмар ойынның құлы боп шыға келдік. Ол кезде бұны мойындамадық. Көзіне шел басқан адамдай, гипноздалып қалған сияқты саудадан түскен табыстың бәрін әкеп ойынға сала бердік, сала бердік. Тауар әкелетін ақша болмай қалғанда да бізге ақыл кірмеді. Мүмкін мен жалғыз өзім болсам, дереу есімді жинап алар ма едім, кім білсін?!

Досым «Әлі-ақ барлық ақшаны қайтарып аламыз» деп Алматыға ертіп кететін. Банктен несие де алуға көндірген сол досым. Әрине мен оны кінәламаймын, өйткені ол да нәпсісін ноқталай алмады.

Анам «Қасықтап жинаған абыройыңды бір күнде шелектеп төгіп алу оп-оңай» деп айтып отырушы еді. Қаншама жылды, уақытты сарп етіп жианаған дүниеңді, байлығыңды да бір жылда оңай жоғалту мүмкін екен.

Банк үйді тартып алды. Көлікті саттым. Айналамдағы адамның бәріне қарызбын. Күнде бір адам қарызын сұрап келеді. Менің жұмыс істеуге зауқым болмай, ішімдікке салындым.

Қайынатам бастапқыда ақшалай көмектесіп, біраз қарызымды жауып берді. Қызына екі бөлмелі пәтер де сатып әперді. Бірақ мен құмар ойыннан шыға алмадым. Қолыма сәл ақша түссе, казиноға барам.

Менің адам болмайтынымды түсінген қайынатам бізді ажыратты. Алматыдағы анамның үйіне келдім. Анам жылап жүріп мені молдаларға, тәуіптерге апарып оқытты. Психологқа да, психиатрға да ертіп барды. Психотерапевтің жүргізген терапияларының арқасында маған аздап ақыл кіре бастады. Өз өмірімді өз қолыммен бүлдіргенімді ұғып, өкіндім.

Психотерапевт дәрігердің айтуымен шахмат сатып алып, үйрендім. Казинодағы ойындар туралы ойлай бастағанда, дереу смартфонымдағы шахмат ойынын қосып ойнаймын. Шахмат ойыны мені нәпсімнен құтқарды деп айта аламын. Әрине дәрігерімнің біліктілігі мен бақылауының арқасы ғой.

Бірер жылда шахматтың қыр-сырын жетік меңгеріп, мықты ойыншыға айналдым. Ауладағы шахматты жақсы ойнайтын еркектердің бәрін жеңіп жүрмін.

Жұмыссыз үйде жатқаныма бес жылдай уақыт боп қалыпты. Анам «Балаларымның ішіндегі ең пысығы едің. Әлі де бәрін басынан бастай алатыныңа сенем» деп жиі айтады. Қазір жасым 35-те. Осы жасқа дейін әлі үйленбеген, үй-күйі жоқ жігіттер көп айналамда. Ал мен бұл уақытқа дейін бәріне қол жеткізіп, барымнан айырылып та үлгеріппін. Бәрін нөлден бастау кеш емес екенін білем. Өйткені адам алдына нақты мақсат қойып шындап кіріссе, бес жылда әйтеуір бір жетістікке жететінін өмірлік тәжірибемнен білем. Сондай-ақ жолдан адасса, өзімен жұмыс жүргізіп, бес жылда өзін-өзі қайтадан таба алады екен. Бұған менің өмірім мысал.

Алматыдағы жұмыспен қамту орталығына барып тіркеліп, қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, қайтарымсыз грант алуға әрекет жасап жатырмын. Шахмат арқылы балалардың ақыл-ойын дамытатын оқу орталығын ашуды ойлап жүрмін. Әлде қайтадан сауда жасайын ба?

Жоспарлап, есептесем, бұрынғыдай талмай еңбектенсем, 43 жасқа дейін менде бәрі болады. Тек осы қиын күндерімді ұмытып кетпеуге құдай сана берсін деймін...»



Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуім насыбай атады»: мүгедек бала туған ана күйеуін кінәлап отыр


«Енем жақпай жүр»: шымкенттік келіншек енесіне әрең шыдап жүргенін айтты